- Негізгі бет
- Психология
- Ата-ананың бала алдындағы...
Ата-ананың бала алдындағы беделі
Ата-ана мен баланың арасында беделдің маңызы зор екені бәрімізге белгілі. Оны ғалымдар бірнеше түрге бөліп қарастырады. Бүгін біз сіздерге сол туралы әңгімелегіміз келіп отыр.
Формальды бедел. Адамның әлеуметтік рөліне байланысты болып келеді. Мысалы, ата-ана - бала, мұғалім - оқушы, тренер - секция мүшесі. Бала өскен сайын бұл авторитет түрі азая береді.
Функционалды бедел білім, тәжірибе арқылы қалыптасады.
Ең жақсы бедел түрі – жеке тұлғааралық. Ол төрт жағдайлардан тұрады: жиі балалармен қатынаста болу, балалар туралы хабардың молдығы, оларды түсіне білу, өзін-өзі жетілдіре білу.
Шынайы бедел білімге, сенімге, түсінушілікке, құрмет көрсетуге байланысты болып келеді. Ата-аналар бір-бірінің беделін қолдап, балалардың алдында жанжалдаспай қатынас жасаулары қажет. Беделді болу оңай емес, жоғалтып алу оңай.
Күш немесе жаншу беделі. Бұл беделдің ең қорқынышты түрі. Егер әке үйде әрдайым ашулы болса, түкке тұрмайтын әрбір нәрсеге әңгіртаяқ ойнатса, қандай да болсын қолайлы да қолайсыз жағдайда белдікті қолға алып, әр сұраққа дөрекі жауап беріп, баланы әр кінәсі үшін жазалап отырса, бұл жаншу беделі болғаны. Ол балалық өтірік пен адамдық қорқақтық тудырады және қатыгездікті тәрбиелейді. Ондай балалардан көбіне айналадағыларға кектенетін немесе қасарысқан адамдар шығады.
Өздерін басқалардан жоғары санау беделі. Басқа адамдарды өзінен төмен санау, менсінбей қарау, мақтануды ұнатып, кеуделерін қағатын ата-аналар. Олардың балалары да өздерінің ортасында әкелерінің қызметін, дәрежесін мақтаныш етіп, басқа балаларды өздерінен төмен санайды.
Педантизм беделі. Бұл бедел түрінде ата-аналар балаларына бұйрық беріп, қатал талап қойып, олардың пікірлерін есепке алмай қатал ұстауды бірінші орынға қоятындар. Балалардың еркіндігі, инициативасы төмен болып, ата-аналардың бұйрығын тосып, өз бетімен ешқандай шешім қабылдай алмайды.
Өсиетшілдік беделі. Мұны шетсіз, шексіз үйретумен, көпіртіп өсиет айтумен баланың өмірін жегідей жейтін ата-аналар ұстанады. Тіпті балаға әзіл-қалжыңы аралас бірер ауыз сөз айтудың орнына ата-аналар зеріктіретін, мезі ететін ұзақ сөз сөйлей бастайды. Көпіртіп ақыл айтуды даналық деп түсінеді. Мұндай жанұяда қуаныш пен жайдарылық аз болады.
Махаббат көрсету арқылы қалыптасатын бедел. Бұл бедел түрінде ата-аналар балаларынан шексіз оларды жақсы көрулерін қалайды. Кез келген жағдайда жақсы көріп, аймалап, оларды өздерінің махаббаттарымен мазалай береді. Бала оны түсініп оларды алдап өзінің қалағанын орындатуға тырысады.
Мейірімділік беделі. Тіл алғыштығына кеңшілік жасаумен, жұмсақтықпен жетуге тырысады, балаларға еркіндік беріледі. Отбасы тыныштығын сақтауды артық көргендіктен ата-аналар қандай да болсын қақтығыстан қашады. Олар тек көрер көзге бәрі дұрыс болуы үшін ғана, нені болса да түгелдей құрбандық етуге әзір болады. Мұндай отбасында лезде-ақ балалар жайдан-жай ата-аналарына басшылық ете бастайды. Ата-ананың қарсылық көрсетпеуі жүгенсіз балалық тілектерге, еркеліктерге, қисынсыз талаптарға жол береді. Кейде ата-аналар шамалы қарсылық білдіріп көреді, бірақ кештік етеді.
Сатып алу беделі. Тіл алғыштық сыйлықтармен немесе уәделермен сатып алынса, бұл беделдің ең арсыз түріне жатады. Ата-аналар қысылып-қымтырылмай-ақ былай дейді: "тыңдайтын болсаң, саған ойыншық ат сатып әперемін, тыңдайтын болсаң, циркке барамыз..."
Өздеріне сенімсіз ата-ана балаларының алдында беделін жоғалтады. Егер балаңыз нашар тәрбиеленсе, бірінші кезекте өзіңізді тексеріңіз. Іштей өз әрекеттеріңізге есеп беріп көріңіз. Баланы қайта тәрбиелеуге тырыспаңыз, тек өзіңіздің балаға деген қарым-қатынасыңызды өзгертіңіз. Баланың жеке басына құрметпен қарауды олардың шешімдерін есепке алуды үйренгеніңіз абзал.
Абилбакиева Ғалия
Ж. Исакаев