Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді

Әлемнің бір бұрышында өте қарт кісі өмір сүріпті. Ел-жұрт оны ғұмырының көп бөлігін бала-шағасының қамына арнап, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған еңбекқор ақсақал деседі. Көзі көруден, құлағы естуден қалған ақсақалдың буындары мен тізесі қалтырайды екен. 

Буындарының әлсіздігі соншалықты, қасықты да дұрыс ұстай алмайтын және тамақтанарда дастарқанды жиі былғайтын болған. Ал кейде аузына барған ас байқаусызда түсіп қалады екен. Ұлы мен келіні қарияға жиіркенішпен қарап, ауыр сөздермен кек алатын болады. Уақыт өте келе оны пештің түбіне отырғызып, қалған-құтқан тамақты алдына қоюды шығарады. Ескі табақшаны ұстаған ақсақалдың жанары жасқа толып, жүрегі қарс айырылатын.

Күндердің күнінде тамақтанып отырған кісінің қолдары дірілдеп, қолындағы табақ түсіп кетеді. Табақ сынды да қалды. Жас келін аузына келген балағат сөзді айта бастайды. Қария үндемеді, жай ғана терең күрсінді де, орнына жайғасты. Келіні мен ұлы ақылдаса келе ағаш табақ сатып әкеледі. Қария пештің түбінде ағаш табақты ұстаған күйі қалып қойды...

Осылайша, күндер өтіп жатты. Отағасы мен әйелі дастарқан басында отырғанда, бөлмеге ағаш кесіндісін ұстаған 4 жасар бала кіріп келеді.

Әкесі:

– Балам, мұны қайтпексің? –  деді. Сонда ұлы атасына қарап:

– Мен бұл ағаштан табақ жасаймын. Сендер анам екеуің де қартаясыңдар ғой, – деп жауап берген екен...