Сіз қандай сезімде боласыз?
Жалғызсырайсыз
- Себебі өзге ешкімнің ата-анасы бұлай жасамайтындығы туралы ойлайсыз;
- Себебі оларды сіздің осы кезде қалай қорқатыныңыз ойландырмайды;
- Қатты ұялып, қорыққандықтан, бұл туралы ешкімге айтқыңыз келмейді.
Сіз қорқасыз
- Себебі ата-анаңыздың енді қашан ішімдік ішіп келіп, қандай жанжал шығаратынын білмейсіз;
- Уақыт өте келе олардың бұлай жасауына мен кінәлі емеспін бе деген ойға қаласыз;
- Өзіңіз және достарыңыз үшін қорқатындықтан, оларды үйге қонуға қонаққа шақырмайсыз. Және ата-анаңыздың дәл олардыкіндей еместігіне ұяласыз.
Неге бұлай болады?
Ішімдікқұмарлық – бұл ауру. Адам өзін сырттан бақылай алмайтындықтан, дәл осы ауруға шалдыққанын мойындамайды. Шындыққа тура қарамайды. Егер сіздің ата-анаңыз ішімдікқұмар болса, бұл оларды жақсы көрмеу керек, іштей кек сақтау керек деген сөз емес. Кейде адамға ашулана тұрып, оны жақсы көре аламыз. Және сіздегі жек көру сезімі олардың осы әрекетіне деген жауап қана.
Өзімізге қалай көмектесеміз?
Біріншіден, ата-анасы ішімдік ішетін жалғыз бала емес екеніңізді түсініңіз. Біздің мемлекетімізде, өкінішке орай, әке-шешесі маскүнем болып жүрген мыңдаған, тіпті, миллиондаған бала бар. Сіз бар болғаны солардың бірісіз.
Сіз ата-анаңызды ішпеуге көндіре алмайсыз. Бірақ мұны әлсіздікпен шатастырмаңыз. Адам ауруға шалдыққандықтан, дәрігерге қаралуы тиіс. Сондықтан олар әркез ішкен сайын өзіңізді жегідей жей бермеңіз. Олардың бұл ауруға шалдығуына сіздің ешқандай қатысыңыз жоқ.
Үлкен қаланың адамдарында қиындық көп. Әсіресе ол қиындықтарды жалғыз шешуге тырысатындарда. "Жаяудың шаңы шықпас" демекші, кейде жалғыз өзіміз тындыра алмайтын дүниелер болады. Барлығын ішке сақтамай, біреумен бөлісіңіз. Өзіңіз сенім арта алатын адамды табыңыз. Ол сүйікті пәніңіздің мұғалімі, мектеп психологы, сыныптастарыңыздың бірі болуы мүмкін. Біз өзіміздің уайым-қайғымызды дауыстап айтқан сайын жеңілдеп қаламыз. Бұл - осы мәселені шешудегі ең алғашқы қадамы. Және еш уақытта өзіңізге қол жұмсау туралы ойламаңыз.
Өмірді өз үйіңізге қарап бағаламаңыз. Ол сіз ойлағаннан да әлдеқайда жақсы. Көбірек кітап оқып, адамдармен араласыңыз. Ата-анаңыздың таңдауы сіздің де таңдауыңызға айналмауы тиіс. Олардың ішімдікқұмарлығы жаман адам екенін көрсетпейді, олар тек бір кездердегі қиындықтарды жеңе алмаған. Жақсы таңдау жасау тек сіздің ғана қолыңызда. Сіз өзіңіздің жүрегіңіз бен ақылыңызға жүгініп, жақсы таңдау жасай аласыз.
«Өміріңізде нені өзгерткіңіз келеді?» деген сұраққа жауап бергіңіз келмейтін шығар. Өйткені сіз не айтарыңызды білмейсіз. Өмірді өзгерткіміз келетінін айтқан кезде бір кемшілігімізді мойындап қоятындай көрінеміз. Бұл сондай қайғылы. Ақырында «менде барлығы дұрыс», «мұны өзгертуге келмейді» деп жауап қайтарамыз. Бірақ өзгерісті бақытты адамдар да қалайды. Осы өзгерістер туралы ойланып, өміріңізді жақсы арнаға бұрыңыз. Мүмкін ата-анаңыздың өткен өміріндегі қиындығын сіз шешіп қаларсыз. Немесе өз балаларыңызға бақытты шақ сыйлайсыз.
Ал мақсатқа жету үшін не нәрсе қалайтыныңызды міндетті түрде білуіңіз керек. Мақсатқа жеткен кезде өмірдің өзі сізге күлімсірейді.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: rudaki.ru