Буллинг – өзін қорғай алмайтын балаға бір немесе бірнеше баланың агрессия көрсетуі. Ол әртүрлі әрекетпен көрсетілуі мүмкін: мысалы, бала жайлы өсек таратады, мазақтайды және тіпті ұрады. Баланы бұлай кемсіту күнделікті өмірден ғаламторға көшеді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қорқыту мен қорлауды кибербуллинг деп атайды. Баланың буллингке ұшырағанын ата-анасы мен мұғалімнің уақытында анықтауы маңызды. Себебі ол балаға психологиялық та, физикалық тұрғыда да зардабын тигізеді. Баланың буллингке ұшырағанын қалай білуге болады?
1. Ол мектептен денесі көгеріп және жыртық киіммен келеді
Кей жағдайда баланы бірнеше бала жабылып ұрады және тебеді. Бала үйге келген кезде ата-анадан төбелестің іздерін жасыруы мүмкін немесе оның қалай пайда болғаны жайлы шындыққа жанаспайтын оқиға ойлап табады. Оқушы балаңыз ұқыптылығымен ерекшеленетін болса, бірақ соңғы кездері үйге жыртылған немесе лас киіммен келіп жүрсе, бұл сізді ойландыруы керек.
Сондай-ақ баланың техникасы бұзылып келсе, киімдерін немесе жеке заттарын жоғалтып келсе, ол да буллингке ұшырағанының бір белгісі болуы мүмкін.
2. Бала мектепке барғысы келмейді
Әрине, барлық бала бір күні мектепке барғысы келмейтінін айтуы мүмкін. Бірақ бала жүйелі түрде мектепке барғысы келмейтінін айтса, сыныптастарымен немесе мұғалімімен қарым-қатынасын талқылағысы келмесе, бұл оның өзін мектепте жайлы сезінбейтінін білдіруі мүмкін.
Сондай-ақ баланың хоббиін күрт өзгертуіне де мән беріңіз. Мысалы, бала бұрын шахматқа қуана-қуана барып жүрсе, енді одан бас тартады. Әрине, бұл оның қызығушылығының өзгеріп кеткенін білдіруі мүмкін. Бірақ көп жағдайда ол басқа балалармен жанжалдасып қалса, сондай әрекетке баруы ықтимал.
3. Бала ақша сұрай береді
Ол қалтасына күнделіктіден көбірек ақша сұрай бастайды. Бірақ не үшін екенін және оған не алатынын айтпайды. Тамаққа ақша беріп жіберсеңіз де, мектептен аш келеді. Кейде, тіпті бала сізден ақша ұрлап кетуі мүмкін. Бұл жағдайда мектепте басқалар балаңыздан ақша алып жүрген болуы әбден мүмкін.
4. Оқушы құрдастарымен араласқысы келмейді
Көпшілік буллингке тұйық және ұялшақ балалар ұшырайды деп ойлайды. Алайда бұл олай емес. Қудалау себебі сабақтағы жетістік, шығармашылық қабілет, сырт келбет және отбасы кірісі болуы да мүмкін. Сондықтан егер балаңыз көпшіл болса, бірақ кенеттен құрдастарымен араласудан бас тартса, оның буллингке ұшырағанын бағамдауға болады. Баланың кенеттен достарын жоғалта бастауы да буллингтен хабар береді. Себебі балалар буллингке ұшыраған баладан алшақ жүруге тырысады: егер онымен сөйлессе, оны да кемсітеді деп қорқады.
5. Баланың ұйқысы нашарлайды және тәбеті жоғалады
Қудалауға ұшыраған балаларда невротикалық проблемалар болады. Баланың ұйқысы нашарлайды: түнде сөйлейді, айқайлайды, жиі оянып кете береді. Оның тамаққа тәбеті жоғалуы мүмкін. Оның көңіл күйі құбылмалы болып кетуі мүмкін: сабырлы болып отырып, бірден ашуланып кетеді.
6. Сабақ үлгерімі нашарлайды
Буллингке ұшыраған бала толықтай ұжым проблемасына еніп кетіп, сабаққа да, басқа балалармен әңгімелесуге де күші қалмайды.