Астрологтар жұмыс берушілердің ауыр жүгін жеңілдетіп, қай жұлдызбен туылған жандарды жұмысқа алу керектігін айтты. Яғни жұлдыздардың қыр-сырымен айналысатын мамандар кімнің неге икемді екенін, жалқаулар мен еңбекқорлар кімдер екенін ажыратып берді. Әр адамның жеке мәліметтері арасында бастысы – туған күніне көңіл бөлу керек көрінеді.
Қай жұлдыздың еңбекқорлығына күмән келтірмей-ақ қоюға болады?
Тоқты. Бұл жұлдызбен туған жандарды жұмысқа алу – нағыз дұрыс шешім. Олар алдына мақсат қоя білетін, белсенді, жігерлі жандар. Аса қызығушылық танытпаса да, олар мансап сатысымен жылдам көтеріледі.
Торпақ. Олармен қызметтес болудың өзі бір ғанибет. Өйткені торпақтар кез келген жұмысты бір жүйеге келтіріп, істі қатаң тәртіппен жүргізе біледі. Ал егер оларды мақтасаңыз, сіз үшін торпақтар тау қопаруға дайын.
Егіздер. Оларға жан-жаққа шығатын іссапарларды сеніп тапсыруға болады. Өйткені Егіздер бұл тапсырмаға ерекше ықыласпен қарап, қызығушылық танытады. Сондықтан кез келген іссапардан сіздің пайдаңызға шешілген келісім-шартпен оралтыны сөзсіз.
Арыстан. Олардың табиғатына басқарушылық міндеттер жақын. Көшбасшы сатысында тұрған арыстандар өз өнерлерін жоғары дәрежеде көрсете алады. Өйткені олар – өте қырағы, әрі дана жан.
Таразы. Көптен бері жақсы маман қарастырып жүрсеңіз, жұмысқа таразыларды алыңыз. Іздегеніңізді дәл тапқаныңызға көзіңіз жетеді. Олар кез келген тапсырманы тыңғылықты орындап, әрдайым басшылыққа құрметпен қарайды.
Бикеш. Олар – нағыз еңбекқор жандар. Бикештермен істес болған адам жұмысынан ләззат алып, тек өрге баспақ. Өйткені бұл жұлдызбен туғандар тапсырылған міндетті ақша үшін орындамайды. Оны жан-тәнімен беріліп істейді.
Жұмбақ қызметкер. Олар кімдер?
Шаян. Олар ауыр жұмыс атқаруды ұнатпайды. Бұл олардың қолдарынан ештеңе келмейді дегенсөз емес. Оларды тапсырма тізбегімен таныстырып қойсаңыз болғаны, жүз жыл еңбектенсе де әйтеуір жүктелген міндетті орындап шығады.
Сарышаян. Оларды бірден түсіне қою екіталай. Сарышаян жұлдызымен туғандардың ойында не барын біліп болмайсың. Мұндай адамдар өздеріне ұнамсыз жұмысты істеп ұзақ жүруі мүмкін, сонымен қатар, кез келген уақытта жай ғана қолын бір сілтеп кетіп қалуы да ғажап емес.
Мерген. Олар жұмыс істеуді қаламайды, бірақ басшылық қызметте болуға тырысады, десе де қандай да бір қызықты, көңіліндегі жұмысқа орналасса, оған бар жанын салуға дайын.
Тауешкі. Егер олардың тым баяу жұмыс істейтінін көрсеңіз, көңіліңізді түсірмеңіз. Оларға дайындық керек. Ал істің қыр-сырын біліп алса, бар өнерлерін салады.
Суқұйғыш. Олардың кері қылықтарын жиі байқауыңыз мүмкін. Кейде өте еңбекқор, пысық болып көрінгенімен, кейде жауапсыздық танытып, көңіліңізді қалдыруы мүмкін.
Балықтар. Олар біреуге бас июді жақтырмайды. Сондықтан әрдайым бұйрық берілетін жерде ұзақ уақыт қала алмайды. Десе де олар жұмысты жақсы істейді. Тек ол жұмыс пен ондағы атмосфера балықтардың көңілінен шығып жатса ғана тұрақтайды.
Дереккөз: anabol.kz