- Негізгі бет
- Психология
- Әсіре сезімталдықтың адам...
Әсіре сезімталдықтың адам өміріне әсері
Адамның сезу түйсігі, сезіну деңгейі, сана-түйсіктің адам өміріне әсері туралы біраз дүниелер ақтарып көргенім бар еді. Психология ғалымы емеспін. Дегенмен оқыған, санама түйген оқиғаларды сіздермен бөлісейін. Арғы жағын өзіңіз-ақ ойлап жетерсіз. Сезім-түйсіктің адамға етер әсері алапат. Түйсік алдымен адам санасына сенім сыйлайды. Сөйтеді де, сол сенімнің жетегіне бүкіл өміріңіздің қалай еріп кеткенін сезінбей қалады екенсіз. Мына оқиғаларға назар аударып көріңіз.
Шет елдің бірінде болған мына бір оқиға таң қаларлық. Бірнеше университеттің студенті бірлесіп, бір жаңа студенттің қолын байлап, екі көзін тас қараңғы етіп таңып тастап, пойыз жүрмейтін ескі темір жолдың үстіне жатқызған. Ал жәбірленуші бұл жолда пойыз жүрмейтінін мүлде білмейді. Тек өзінің темір ол үстінде жатқанын біледі. Ал жаңағы студенттердің ойларында тек оны қорқытып қою болған. Алыстан пойыздың жақындап келе жатқан дауысы анық естілген. Әлгі студент барынша жанталасқан, аз-кем тыпырлаған соң қимыслыз қалған. Ал пойыз жаңа темір жолмен өтіп кеткен. Аздан соң оның байлауын шешіп, көзін ашқан жігіттер оның әлдеқашан жан үзгенін байқаған.
Тағы бір мысал, Африкада өмір сүретін бір тайпаның жап-жас атпал азаматы 24 сағат ішінде қиналып жан тәсілім еткен. Оған бар себеп, америкалық досы қырғауыл етінен тағам пісіріп бергендігін айтқаны ғана екен. Ал шынында бұл тайпада қырғауыл етін жемеу туралы дәстүр бар еді. Ал тамақтанып болған соң, өзінің байқамай қырғауыл етінен жасалған қуырдақ жеп қойғанын естіген соң, өзінің осыншама күнәға барғанын білген азамат еш ауру-сырқаусыз-ақ өліп кеткен.
Америкалық электр жұмысшысы үнемі әйеліне өзінің токқа түсіп өлуінен қорқатынын айтып жүреді екен. Өзінің айтқан қорқынышы шынында да өз жанын жалмаған. Қолы абайсызда жоғары кернеулі ток сымына тиіп кетіп, жан үзген. Онымен қоймай өне бойы қарайып, күйіп кеткен. Оқиға орнына келген заң дәрігерлерін таң қалдырғаны оны қолы тиген электр сымында ешқандай да ток болмағаны.
Дәл осыған ұқсас оқиға Ресейде де орын алған. Абайсызда ет сақтайтын мұздатқыш вагонға қамалып қалған жұмыскер оқиға орнында жан тәсілім еткен. Тек ертесі ғана есікті ашып қараған адамдар оның үсіп өлгенін байқаған. Таңғаларлығы сол, вагонда да ешқандай мұздату құрылғысы іске қосылмаған. Вагонның бірнеше күннен бергі температурасы сырттыкімен бірдей болған. Ал дәрігерлер оның тұншығып, немесе қорқып емес, қайта шынымен де үсіп өлгенін дәлелдеген.
Сезім-түйсіктің адам өліміне себепкер болатынын кейбір ғалымдар физиологиялық тұрғыдан дәлелдейді. Қатты қорқу немесе шамадан тыс ашуланудан пайда болған түйсік бір-біріне қатты ұқсас. Әрі екеуі де адам денесіндегі қан қысымын барынша төмендетеді. Кейбір дене мүшелеріне қан жетіспей қалады. Нәтижесінде адам өз жанын барынша сақтап қалуға тырысады. Бұл туралы бір ғалымның тәжірибесі көптеген оқырмандарға белгілі болса керек. Ол өлім жазасына үкім етілген қылмыскерге тәжірибе жасаған. Қылмыскерге қиналмай өлу үшін, көзін таңып, тамырын кесетінін алдын ала ескерткен де. Көзін байлап, тамырын кескен секілді ишарат жасаған. Сосын мүлде сап-сау білегін суға салып қойған. Нәтижесінде қылмыскердің жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта тынысы тоқтаған. Бірақ күні бүгінге дейін шешімін таппаған бір мәселе адам неден қорықса сол қалпында және сондай өліммен өлетіні. Бұған дәлел, токқа түсіп және үсіп өлген екі адам ғана. Олардың денесінде не үшін сондай белгінің байқалғаны туралы...
Кейбір адамдардың өміріне дәрігерлердің қате диагнозы да қауіп төндіреді екен. Айықпас дертке шалдыққан ауруға сол шешім естіген сәттен бастап, өне бойындағы әрбір клетка, әрбір жүйке тамырлар бірте-бірте өміршеңдігін жоғалта бастайды екен.
Мұның бәрі адам денесінде болатын әсіре сезімталдықтан. Сондықтан да біреуге мәміле жасауда барынша абай болған абзал шығар. Өйткені, оның көңілге жара салған әрбір сөзің оның денесіндегі қаншама микро тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғатынын дәл осыдан бастап мөлшерлей аласыз. Біреуді жұбата айтқан әрбір сөзің оның жүрегіне қаншама өміршеңдік сыйлайтынын да ұмытпаған жөн.
Әсіре сезімталдық бар адамда болатын қасиет. Мейлі қандай жағдайға жолыққан сәтте де осынау қорқыныш пен үрейлі түйсіктен арылу керек екенін ескертеді психология мамандары.
Автор: Алшын Матай
Сурет: baidu.com, vk.com
Қ. Қауымбек