Бұл күндері әскер қатарына шақырту алған жастар Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып жатыр. Жүздерінен жас сарбазға тән жауынгерлік рухы байқалғанмен, бір қобалжудың барын да байқауға болады. Соның бірі әскери өмірге үйренісіп кету болса керек.
Әскери өмірге бір күнде бейімделіп кету оңай емес. Жаңа аттанғалы тұрған жас сарбаздарды алда қандай тосынсый күтіп тұрғаны қызықтырады. Психологиялық тұрғыдан іштей дайындалатыны да анық.
Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Шымыр да сымбатты болуға, әрі төзімділікке тек қана әскер шынықтырады. Әскери тәртіп пен жауынгерлік дайындық та күннен-күнге шыңдай түседі.
Бейімделу кезеңінде сарбаздармен психодиагностикалық, психологиялық ағарту жұмыстары және психологиялық коррекциялық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметшілермен өздеріне деген сенімділіктерін арттыруға, ұжымды біріктіруге, жалғыздықтан шығу жолдарын көрсету мақсатында психологиялық тренингтер де өткізіліп тұрады.
Жаңа ортаға үйрену үшін біраз уақыт керек. Бұл уақыт адамның өзіне байланысты. Психологтар кейде мұны күйзеліс кезеңі деп те атайды. Тез тіл табыса білетін, бейімделуге қабілеті жоғары жандар ары кетсе 10-20 күннің ішінде жаңа ортаға сіңісіп үлгереді. Ал томаға-тұйық жандар үшін жаңа ортаға бейімделу бірнеше айға созылуы мүмкін. Егер адам жаңа ортаға сіңісе алмай жүрсе, психологтың кеңесіне жүгінген абзал. Осы секілді жас сарбаздар үшін де алғашында әскери ортаға бейімделу кезеңі жүреді.
Әскери ортаға жылдам бейімделу үшін тез тіл табысып, жағымсыз мінезіңді танытпауың керек. Әр ісің мен сөзіңді айтқанда сенімді бол. Достарыңды атымен ата. Мұның өзі дос болуға, жақын араласуға сеп болады. Кез келген сәтте досыңа, командаласыңа көмек қолыңды созып, бауырмалдық таныт. Әскери бұйрықтарға құрметпен қарап, тапсырмаларды уақытылы әрі тиянақты орындай біл. Бұл факторлар сізді әскери ортаға жылдам үйреніп кетуге бейімдейді.
Төмендегі сұрақтарға жауап беру арқылы сіз жаңа ортаға қаншалықты жылдам бейімделіп кете алатыныңыз жайлы біле аласыз. Сұрақтарға «иә» немесе «жоқ» деп жауап бересіз.
1. Өзгелердің өмір салтына оңай бейімделе аламын.
2. Өзгелерді күлдіру не қорқыту үшін қолымнан келгенді істей аламын.
3. Бала кезімде достарымды, ұстаздарды, көршілерімді келеке ету үшін олардың образына енетін едім.
4. Қыздар мені ақылды ғұламалрдың қатарына жатқызады, бірақ сол сәтте мен футбол туралы ойлап тұратын едім...
5. Көпшілік ортада ылғи жұртшылық назарында боламын.
6. Түрлі жағдайларда түрлі адамдармен өзім де өзгере аламын.
7. Мен сенетін дүниені, сенетін адамды қорғай аламын.
8. Адамдармен қарым-қатынаста әрі істе жетістікке жету үшін, олар көргісі келетін адамның рөлін сомдай аламын.
9. Мен жек көретін адамдармен де достық қарым-қатынас орната аламын.
10. Мен адамдарға жағымсыз сөздер айтқанды ұнатпаймын.
«Иә» деген жауапқа — 1 балл, «жоққа» — 0 балл
0–3: жылдам бейімделу қиындау . Бұл үшін сіз достарыңызбен көп әңгімелесіп, әзіл-қалжың айтып, есімдерімен атаңыз. Психолог кеңесін алғаныңыз абзалырақ.
3–6: бейімделу орта деңгейде. Сізге жаңа ортаға бейімделу үшін 2 айдай уақыт керек.
6–10: жаңа ортаға бейімделуіңіз оңай. Әскерге 10-15 күннен кейін-ақ үйреніп кетесіз.