- Негізгі бет
- Психология
- Әскери адамға тұрмысқа...
Әскери адамға тұрмысқа шығатын қыздарға
Адамның қандай болмағы алған тәрбиесіне, көрген тағылымына байланысты. Оның таңдаған өмірлік мамандығы да мінезіне, ұстанымына әсер етеді. Қыздарға қандай мамандық иелері көбірек ұнайтынын білу мақсатында жүргізілген сауалнама бойынша қатысушылардың басым бөлігі әскери саладаға жігіттермен отбасы құрғысы келетінін білдірді. Себебін олардың батылдық, табандылық, нағыз ер адамға тән ірі қасиеттерге бай болуымен байланыстырды. Әскери қызметте істейтіндер шынында осы қасиеттерге лайық па? Оны қазір осы күрделі саланың маманымен бас қосып, бір шаңырақ астында тұрып жатқан әскери адамның жұбайларынан сұрадық. Әскери адамның жары болудың артықшылығы мен кемшілігі және әскери саладағы жігітке тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға не айтасыз деген сауалдар қойған едік.
Мырзабекова Қарлығаш, 44 жас: Жолдасым өрт сөндіру бекетінде бөлім командирі. Олар халыққа адал қызмет етеді, қаншама адамның өмірін құтқарып жатыр. Отбасында батыр әке, жұмысына адал болғаны соншалық, артынан ерген ұлы мен қызы әкелерінің жолын жалғастырып келе жатыр. Айта берсем, артықшылығы көп. Кемшілігі жолдасым жарты өмірін жұмысында өткізеді. Үйге келгенде кейде қолы, беті күйіп келеді. Жұмысқа кеткен сайын Алладан амандығын тілеп отырамыз.
Әскери тұрмысқа шығатын қыздарға айтарым тек шыдамды, ақылды, сабырлы болу керек. Әскери адамға жар болу оңай емес. Жарты өмірін сенімен өткізсе, жарты өмірін жұмыста өткізетінін ұмытпай, түсіністік танытып, кешірімді болыңдар деймін.
Спанова Рая, 24 жас: Менің жолдасым әуе шабуылына қарсы қорғаныс қызметінде істейді. Ол әскери қызметте жүргенде жалғыз өз отбасының емес, бүкіл елдің қорғаны болып жүргенін мақтан тұтамын. Оның батылдық қасиетін жоғары бағалаймын. Тек үйде көп тұрақтала бермейді. Мінезі тік. Романтикадан тым қашықтағы адам. Кейде ол да дұрыс шығар деп ойлайсың.
Жеңіл қызметте емес, әскери салада жүргенін үнемі жадыңды ұстап, қолдау көрсетіп, түсіністік таныту қажет.
Әлжанова Раушан, 29 жас: Жолдасым бөлім командирі. Меніңше, әскери адамның жары болудың ешқандай ерекшелігі жоқ. Тек жұмысына түсіністікпен қарасаңыз жеткілікті.
Жанар Алтынбекова, 38 жас: Жолдасыммен бірге өзім де әскери қызметте жасаймын. Біздің өміріміз ертедегі көшпелі қазақтарды еске түсіреді. Бір қалада көп дегенде 5-6 жыл ғана тұрамыз, содан кейін жұмыс бабымен өзге қалаға көшуге тура келеді. Өзіміз ата-анамыздан жырақта жүреміз. Балаларымызға да бір қаладан бір қалаға, бөтен ортаға, жаңа мектепке үйренісу аса оңай емес. Бір жақсы жері көшіп барға қаламыздан пәтермен қамтамасыз етеді, ешкімге қол жаймай тіршілік етеміз, отбасымызға жаңадан сәби келген сайын жалақымыз да өсіп отырады, жасырмаймын. Бұл бізге қазақтың санын көбейтуге де күш береді, балаларымыздың болашағына алаңдамаймыз.
Әскери адамға тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға ештеңе айта алмаймын, оның да ішінде түрлі саласы бар, жолдасыңыз қай түрінде жасайтынына байланысты.
Бисенбаева Меруерт, 28 жас: Күйеуім аға техник-жүргізуші. Әскери жанның жары болудың артықшылығы сабырлылық пен төзімділікті, мейірімділік пен көпшілдікті отбасымен қатар алып жүре білуде деп түсінемін. Ал кемшілігін осы уақытқа дейін байқамадым.
Әскери адаммен бас қосқысы келетін қыздарға қарапайым, кешірімді, төзімді, мейірімді болсаң, барлығы да жақсы болады дегім келеді.
Толқын Сәлімбаева, 32 жас: Жолдасым әскери бөлімде аға механик. Ол көп уақытын жұмыста өткізеді, сондықтан ол жоқ кезде отбасыма, балаларыма қамқор болуды өз мойныма ғана алуды үйрендім. Қыздарға әскери адамға тұрмысқа шығуға кеңес беремін. Себебі олар өзіне сенімді, әр ісін ақылмен шешеді.
Психолог Света Жанғабылова: Менен кеңес алуға көптеген қыз-келіншектер келеді. Олардың ішінде ер азаматы әскери қызметте істейтін келіншектер көбінесе сабырлы, жылы жүзді, кішіпейіл болады. Өздері тік мінезді, қызуқанды жігіттер осындай қыздарды таңдап алатын болса керек. Олардың жарының артықшылығы жолдасы туралы сұрай бастағанда, оның балаларға ең үлгілі әке екенін, өте жақсы тәрбие беретінін айтқанда, өзінің басындағы мәселесін ұмытып кете жаздайды.
@. @assel_assanova