- Негізгі бет
- Психология
- Әскердегі достық...
Әскердегі достық
Әскер - ер азаматтың шыңдалатын бір ортасы. Ондағы әрбір сәттен өмірлік сабақ алып, шыңдала түсуіңе жол ашылады. Жылдам шешім қабылдауға баулып, ер жігіт бойындағы рухын асырады. Сондай-ақ, әскер – достықтың ордасы.
Әскери құжатың мен қаруыңның нөмірін ұмытсаң да, әскердегі достарыңды ұмыта қоюың екіталай. Себебі әскери борыш адалдыққа, адамгершілікке, сенім мен уәде бұзбауға үйретеді. Ал мұндай қасиеттерді бойына жинаған жан досқа адал болып келеді.
Әскердегі достық пен мектептегі, не жоғарғы оқу орны қабырғасындағы достықтың айырмасы әрқилы деп ұғынатындар бар. Дегенмен, достық қайда болса да – достық. Әйтсе де, әскерде ұрсып-таласып, бір нанды бөліп жеп, болмаса «ер шекіспей бекіспейді» дегендей жаға ұстасып, соңынан жақын жандар ретінде араласып кеткен достықтың орны бір бөлек.
- Сөздің шындығын айтсақ, әскердегі достықтың өмір жолында кездескен достықтан зор айырмасы бар деп айта алмаймын. Дегенмен бір жыл ішінде бірге жатып, бірге оянып, тапсырмаларды бірге орындап жүргендіктен досыңды бауырыңдай жақын тартып тұрасың. Сондықтан кейде өзге достардан жоғары қоятын да шығармыз. Себебі айтатын ортақ әңгімелеріміз мол. Олармен әскерден кейін араласпай кетемін деген ой үш ұйықтаса да түсіме кірген емес.
Қазіргі күнге дейін әскердегі достарыммен хат-хабарымды үзген емеспін. Жағдайларын сұрап, амандықтарын ішімнен тілеп жүремін, - дейді әскери борышын абыроймен өтеген жауынгер Шерхан Мұхтарұлы.
Достық туралы философ А.Шопенгауэр өзінің «Өмірлік данышпандықтың афоризмдері» деген еңбегінде: «Нағыз шынайы достық адамдардың бір-бірімен терең, таза және адал қарым-қатынасын қажет етеді. Бұл дегеніміз – досыңыздың қайғысы мен қуанышына ортақтаса білу деген сөз. Осының бәрі адамның табиғи өзімшілдік, өркөкіректік қасиеттерін жояды» деген. Күнделікті өмірде көңіліңе шапағат сәулесін шашып, сенің төрт құбылаңды тең ететін айналаңдағы достарыңның көп болғаны қандай жақсы.
О. Сансызбай