"Тұрмысқа шығайын десем жақсы жігіт жоқ" деп қыздардың, "үйленейін десем жақсы қыздар жоқ" деген жігіттердің сөзін бәріміз де естідік. Шын мәнінде бұлай айтатындардың екінші жартысын табуға деген ниеттері жоқ я әлдекімнен көңілі қалған.
Біз бүгін осылай дейтін кейіпкерлеріміздің аты-жөндерін көрсетпей, олардың ағынан жарылған пікірлерін топтастырдық. Торығу мен кеюі басым материалымызды сәл де болса қызықты болсын деп, 18-32 жас аралығындағы қыз-келіншектердің пікірлерін ғана жинадық. Сөйтсек, расында да әр жастағы аруларымыз жігіттің бойындағы қасиеттерді өз жас шамасы мен талғамына байланысты іздейді екен.
Сонымен, әртүрлі жастағы қыздар қандай жігітті күтеді?
18 жастамын. Мені тек сүйетіні, алақанына салып жүре алатыны болса болғаны. Қалғанының барлығы да өзіңе байланысты деп ойлаймын. Мәселен, менің жігітім мені сүйеді. Ал оның ата-анасы біздің қосылуымызға қарсы. Олар өздері ауқатты отбасынан болғандықтан, келіндерінің де ауқатты отбасынан щыққанын қалайды екен. Ал маған тек махаббат керек, оның байлығы бес тиын.
Он тоғыз жас. Қазір бұл мәселе туралы көп ойланып жүрген жоқпын. Бірінші кезекте қыз бала білімін жетілдіріп алуы керек сияқты. Себебі кейін ауқатты біреуге тиіп аламын деу барып тұрған ұятсыздық. «Тең теңімен, тезек қабымен» дейді ғой, мен де тағдырымның жазуын күтіп жүрген шығармын.
Жасым жиырмада. Мен болашақ жарымның ақылды, еңбекқор, иманды, білімді болғанын қалаймын. Қазақы тәрбиелі, тәуекелшіл, қайсар болғаны дұрыс деп есептеймін.
Жиырма бірдемін. Жасың үлкейген сайын жігіт атаулыға коятын талаптардың өзгере беретінін байқап жүрмін. Қазір маған өзі үшін ғана емес, мен үшін, отбасы үшін, бүтін ел үшін жауап бере алатын интеллигентті, ақыл тоқтатқан, өмірлік мақсаттары анық, иманды жігіттер ерекше әсер қалдыра алады. Өзім қарапайыммын, оның да сондай болғанын қалаймын.
Жасым 22-де. Қазіргі таңда қазақ қауымын біраз дүниелер адасу жолына жетелеп жүр дейтін болсақ, соның бірі отбасы мәселесі екені ақиқат. "Отан отбасынан басталады" дейтіні тағы бар... Қыздарымыздың өзге жастық жастанып, ұлдарымыздың ұсақттыққа беріліп бара жатқанын ескере отырсақ – бұл да бір үлкен мәселе. М.Әуезов "Ел болам десең бесігіңді түзе" деген екен. Сол бесіктің болашақ иесі ретінде мен қазақ жігітінің бойынан – имани сауаттылық, парасат һәм берік рух сияқты қасиеттер көргім келеді.
Жасым жиырма үште. Бойында адамгершілігінің болғаны маңызды мен үшін. Және болашақта отбасын құрудан бұрын оның болашағы бар жігіт екеніне көз жеткізіп аламын.
24 жастамын. Мен үшін адамның түсінігі мол, көзі ашық, көкірегі ояу болуы маңызды. Барлық жағдайға төзімділікпен, түсіністікпен, сабырлықпен қарайтын, бұл дүниенің өткінші екенін ұғып, бос мәселелерге бас қатыра бермейтін жігіттер ұнайды. Сонымен қатар, жарына адал, отбасын сүйетін, бала-шағасын әлпештеп, солардың қамы үшін қолынан келетінінің бәрін істеуге аянбайтын ер азамат.
Жасым 25-те. Жiгiт менi жақсы көруі керек. Ең бiрiншi. Тұрмысқа шықсам ол менi асырауы керек. Және iшпейтiн, шекпейтiн, иманды адам болғанын қалар едiм.
Жасым 26-да. Жігіт сабырлы болғаны жөн. Өтірік өсектен аулақ болғанын кадірлеймін. Өз айтар ойы мен пікірі болғаны да артықтық етпейді.
27 жастамын. Мен үшін адамгершілігі мен шыншылдығы маңызды. Өз қызметі мен мақсаты маңызды. Білімі болуы міндетті. Себебі, менің жасыма келген жігіттер біраз мақсатына қолы жетіп, біраз табыстың басын қайырып елдің сүйеуі болатын азамат болып үлгереді. Сондықтан да материалдық жағдайын жасап үлгерген жігіт керек.
28 жастамын. Таңдау туралы ой бар ма, жоқ па – ол жағын білмей отырмын. Ал адамның жүзі қартайғанымен, көңілі ешқашан қартаймайтынын ескерсек, адал, тұрақты, ішпейтін, шекпейтін, отбасын ойлайтын жөні түзу жігітке таңдауым түседі деп ойлаймын.
29 жастамын. Ең бастысы имандылығы, өмірге деген көзқарасы, білімділігі, алдыға жоспар қоя біліуі, қыздарды ана ретінде сыйлай алуы маңызды деп ойлаймын.
30-дамын. Бүгін мен жігіттердің бойынан артықшылықтан гөрі кемшілікті көп көретін болыппын. Көп жағдайда жігіттер өзінің тұрақсыз, материалдық жағынан нашар халде болса да, өзі оған еш намыстанбайтын көріп жүрмін. Отбасының отағасы болғысы келетіндер көп-ақ, бірақ өзі сол атқа сай емес. Оны іштей түйсінсе де, мойындамайды, жалған намысқа барады. Айтқым келгені осы.
31-демін. Дәл осы жасқа дейін тұрмысқа шықпай жүремін деп ойламаппын. "Кәрі қыз" атансам да өзім оған еш мән бермеймін. Бәрі де Алланың жазуымен екен. Бірақ бір тәмсіл бар еді ғой, топан су басып, су өкше тұсына жеткенде бір адамға досы келіп, құтқарайын дейді, ол "мені құдайым құтқарады" дейді де орнында отыра береді, ал су белден келгенде екінші бір досы құтқаруға келеді. Онда да әлгі сылтауын айтып, бас тартады. Су мойнынының тұсына келгенде үшінші бір досы келіп, алып кетуге бел буғанда да "қырсығымыз" "құдайдың өзі құтқарады" дейді. Бірақ сол адам суға кетіп, қаза болады. Сөйтіп, о жаққа барғанда құдайдан сұрайды ғой:
- Мені неге құтқармадыңыз, - деп. Сонда:
- Мен саған үш рет көмектескім келіп, адам жібердім, сен өзің бас тарттың, - дейді. Міне, мен де дәл осы мысалдағыдай біраз адамның бетін қайтардым. Кейде оған өкінемін де. Бірақ тағдырдың аты тағдыр. Оған әмір жүрмейді. Бірақ үмітім әлі үзілген жоқ. Мен өз махаббатымды табамын. Оның бойында сауаттылық, білім, өзі ақылы тоқтаған, әлеуметтік жағдайы менікінен кем емес, алды-артын ойлайтындай қасиеттері болса екен деймін.
32 жастамын. 22 жасымда күйеуге шыққан кезде жігітімнің яки жолдасымның сүйіспеншілігі маңызды болды. Тәрбиелі, парасатты жігіт екенін көрдім де, қалғанын кейін де жасап аламыз деп шештім, тұрмысқа шығуға келісім бердім, 10 жыл өтті, шүкір, екеуміз материалдық игілікті мүмкіндігіміз келгенінше бірге құрап келеміз. Егер қазақтың жігіті арақ ішпесе, мақсаты болса, ең бастысы сезімі шынайы болса қыздар көп ойланбағаны жөн. Мүмкін, қыздардың жігітте баспана да, көлік те, ақша да болу керек деген талабы дұрыс та шығар, бірақ, негізі екеулеп жасаған бөлек, ыстық болады, ортақ мақсат екі адамның арасын одан сайын берік ете түседі. қыздар өмірде кездесетін қиыншылықтардан қашпаса, әрқашан еркегін төбесіне көтеріп отырса, "әзір асқа тік қасық" болудан гөрі бақытқа өз қайратын жұмсаса, Алла тілекті береді.
Міне, жастар жағы қымтырылып, қалауы туралы қысқа ғана қайырды. Ал есейе келе қыз-келіншектер ақылы толысқан, жағдайы бар азаматты қалайтынын айтты. Біз атын атамадық. Себебі бұл жәй бәрімізге де таныс мотивтер. Сіз қалай ойлайсыз, бүгінгі таңдағы жігіттер қандай болуы тиіс?
Сауалнаманы жүргізген: Ардақ Құлтай