Жаңа танысқан жігітің арманыңдағы жігіт екенін қалай білуге болады? Ол үшін бар-жоғы 3 сұрақ қою жеткілікті, дейді америкалық танысу сайтының иегері Кристиана Раддер.
OKCupid танысу сайтының негізін қалаған Раддердің бақылауы бойынша, үш сұраққа бірдей жауап бергендердің көбі нәтижесінде жұп құрған. Олар мына сұрақтар:
1. Қорқынышты фильмдерді жақсы көресің бе?
2. Бұрын-соңды шетелде жалғыз саяхаттап көрдің бе?
3. Бәрін тастап, кемеде мекендеуге қалай қарайсың?
Сонымен қатар, Раддердің айтуынша, ірі үйлену агенттіктері мен танысу сайттары клиенттерінен көптеген сұрақтарға жауап беруін өтінеді (кейде сұрақтардың саны төрт жүзге дейін жетеді), ал бұл жұптардың қосылуына аса әсер етпейді. Өйткені, адамдар өздері жайлы жақсы пікір қалыптастыру үшін көп өтірік айтатын көрінеді. Нақты емес ақпараттар екінші жартысын таңдауда қателестіреді екен.
Бірақ кейбір агенттіктер бұл тығырықтан шығудың амалын ойлап тауыпты. Мысалы, Hinge компаниясы өз клиенттері жайлы ақпаратты Facebook әлеуметтік желісі арқылы жинайды. «Сен қайда оқығандығың жайлы өтірік жазбайсың, өйткені достарыңның біреуі мұны байқап қалуы мүмкін», - дейді компанияның басшысы Джастин Маклеод.
Қалай болғанда да, Кристиана Раддер ұсынған әдіс біршама қарапайым және тез. Оның нақтылығын дәл бүгін өзіңіз және серігіңіз арқылы сынап көре аласыз.
Сурет: www.wedding-foto.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина