Болған оқиға желісімен
Жасы отызға келген қыз әке-шешеден ерте жетім қалып, өмірдің тауқыметін тартып жүреді. Есімі Марал еді. Өзі асхананың еденін жуып нәпақа табатын. Кейде қатты ауырып, төсек тартып жатып қалатын. Ауруы жиілесе де, ол өмірге өте құштар болды. Тірі жаннан бауыры жоқ тұлдыр жетімді басқалардан өжет мінезі ерекшелеп тұратын. Ол білім жимады, ортанқол білімі, өмірлік тәжірибесі бар ару жалғанның жақсылығынан үміттенумен күндерін өткізетін. Бір күні оны құрбысы бір жігітпен таныстырды. Жігіт ащы судан көп ұрттайтын еді. Соған қарамастан жетім қыз "өмірде біреумен бас қосуым керек, күндерім өтіп жатыр" деп ойлап, әлгі жігітпен жақын араласа бастады. Бірақ көкейінде үнемі үлкен арман тұратын. "Мен сымбатты, білімді, тәрбие көрген текті жігітке тұрмысқа шығамын", - деп жиі айтатын. Бұл сөзіне құрбылары күлетін де қоятын. "Өзің еден жуушысың жасың отызда, аса сұлу да емессің", - деген құрбылары оған: "өзіңе тең жігіт қой, осыған тұрмысқа шыға сал", - деп айтатын. Бірақ ару армандауын доғармады.
Күндердің күнінде асханаға жасы отыздан асқан сымбатты жігіт келді. Үстіне костюм-шалбар киіп алыпты. Өте мәдениетті, білімді көрінді. Жігіт сол кезде еден жуып жүрген Маралды көрді. Екеуі танысты. Сосын табысты.
Марал "облыстық білім бөлімінде жұмыс істейтін жігітке тұрмысқа шыққалы жатыр" деген хабар қалаға тарап кетті. Маралдың құрбылары басында сенбеді. Бұрын үйленбеген, үй-күйі бар жігітті қалай тапқанына таңырқады. Бірақ Маралдың арманы шындыққа ұласып, аузынан шыққан сөзі орындалды. Ол расында да өзі армандаған серіге тұрмысқа шықты. Үлкендер: "бала кезінен қиындықты көп көрді, бейнеттің зейнеті бар, көрген тауқыметінің өтемі болар, тағдырдың сыйы емей немене?!", - десіп екі жасқа бақыт тіледі.
Жақсы сөз – жарым ырыс. Ауыздан шыққан кез келген жаман сөз өзіңе айналып келеді. Сондықтан тек жақсы ойлауға, жақсы сөйлеуге тырысайық. Армандаудан шаршамаңыз!