- Негізгі бет
- Психология
- Әркімнің өз өмірі...
Әркімнің өз өмірі бар
Айгүл – жалғызбасты ана. Оның бір тал қызы бар. Есімін Марал деп өзі қойған. Ол қызын басынан құс ұшырмай өсіруді мақсат етті. Өйткені өзі тағдырдан жылулық көрмей өскен еді.
Бала күнгі жара ұлғайып, ол бүгінде ешкімге сенбейтін болды. Ол қоғамға өкпелі еді. Бәрін жау көрді. Өзіне күлімдеп қараған адамның өзін "бұл өтірік күліп тұр" деп қабылдап, қасынан тез кетуге тырысатын.
Айгүл мазасыз, шарасыз болды. Оның жаулары күннен-күнге көбейе берді. Бірақ оны өзі іштей түсінбеді. Жыл өткен сайын бақытсыз күндер де көбейді. Оның бар жұбанышы – қызы еді. Ол қызын қызғыштай қорғайтын. Сондықтан да қызының өскенін қабылдамады, оны бала көрді. Оның да өз өмірі болатыны туралы ойлаған жоқ. Бойжетіп қалған Марал өз өмірін сүргісі келді. Бірақ анасы оған мүмкіндік бермеді. Әр қадамын аңдып, оның достары болуы керек екенін, өз шеңбері болатынын ойына алмады. Марал психологиялық күйзеліске ұшырап, ол да анасы секілді елдің бәрін жау көре бастады. Бір күні Марал өз махаббатын жолықтырды. Анасы сол кезде барып әр адамның өмірі әртүрлі болатынын түсінді. Айгүл өткен қателіктерін енді ұғынды.
Әркімнің өз өмірі бар. Ана баласын дүниеге әкелгенімен, оның бүкіл қадамына жауапты болмауы тиіс. Әр адам өмірден түрлі сабақ, сый көреді. Тек осынау бұралаңы көп өмір жолында балаңыз үшін бағыттаушы, ақылшы, кеңесші, жанашыр, қамқор болыңыз. Ана мен бала махаббаты арасында жүрек пен ақылды тең ұстау керек. Баланың өмірі түгелімен өз жауапкершілігім деп ойлап, оның бақытсыз болуына жол бермеңіз.
М. Оңғарова