Жаз айларындағы қапырық күндердің бірінде әке мен бала және есек – үшеуі шаң басқан көшелердің бойымен жүріп келеді. Әкесі есектің үстінде, ал баланың қолында – жүген.
Кенет алдарынан шыққан бір жолаушы:
– Бейшара, бала! Кіп-кішкентай аяқтары есекпен бірге әзер дегенде ілесіп келеді. Бауыр еті баласының аяқтары қалтырап, қалжырап келе жатқанда міз бақпастан есек үстінде отырған әкеге не айтасың?, – депті.
Әке бұл сөздерді жүрегіне жақын алады. Бұрылысқа келгенде есектен түсіп, баласын отырғызады.
Аз уақыт өтпей жатып:
– Ұят-ай! Шынашақтай бала сұлтан секілді есекке отырып алыпты, ал байқұс әкені соңынан ілестіріп қойыпты. Заманның азғаны осы ма? – деген дауыс естіледі.
Бала ұяттан кірерге тесік таппай, әкесінен артына мінгесуін өтінеді.
Сонда өтіп бара жатқан бір әйел:
– О, мейірімді адамдар! Мынадайды көрген көздер бар ма? Жануарды осынша қинауға бола ма екен? Есек қисалаңдап әзер жүріп барады, ал ана екеу мамық орындықта отырғандай жайғасып алыпты. Бақытсыз мақұлық-ай! – деген екен.
Әке мен бала үн қатпастан есектен қарғып түседі де, жетектеп кете барады. Мұны көрген адамдар:
– Есек деген сондай арам болады. Одан келер ешқандай пайда жоқ, тіпті қожайындарын баратын жеріне алып баруға жарамайды. Пайдасыз жануарды асырап жүрген сендерде де ақыл жоқ, – деп келеке ете бастайды.
Әке есектің үстіне бір бума сабанды артады да, баласының иығына қолын қойып:
– Қандай әрекет жасасақ та, біздерді сынайтын, бізбен келіспейтін біреу табылады. Қалай өмір сүру керектігін өзіміздің шешкеніміз дұрыс болады, – деген екен.
Ал сіз не дейсіз?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com