- Негізгі бет
- Психология
- Әр минутта бақыт...
Әр минутта бақыт бар
«Бақытты емеспін» деп өз өміріңе өзің баға беріп, жастықты құшақтап жасыңды төгесің. «Бақытты өмір болмайды, бақытты минуттар ғана болады» деген сөзбен толықтай келісейік. Сен де, мен де... Өйткені, өміріміздің әр минутына мән берсек, астарынан бақытты секундтарды байқаймыз. Бақыт деген – кішігірім ғана көңіл. Бақыт деген – аз ғана сәттік рахат. Бірақ ол бір рет қана келіп кетпейді. Тағдырыңның тарам-тарам жолдарында сен бақыттың талай дәмін татасың. Бақытты бір үлкен күш екен деп, оны өмір бойы күтпе. Бақыт сенің есігіңді қағып тұр. Бақыт сенімен бірге кофе ішіп отыр. Бақыт сенің қасыңда ұйықтап жатыр. Бақыт саған телефон шалып жатыр. Бақыт сені сүйеді... Бұдан артық саған не керек? Әр минуттың берген қуанышын бақыт деп сана. Өйткені, сол келген сәт сол минутпен бірге келмеске кетеді. Сен төмендегі мына жайттардың көп дегенде тоқсан пайызын басыңнан өткердің немесе өткересің. Шын сезінсең, осы сәттерде сен өзіңді бақытты сезіндің емес пе?
Ұзақ жол жүріп келіп, аяғыңды қысқан тар туфлиіңді шешкенде...
Пысылдап ұйықтап жатқан періште-сәбиді иіскегенде...
Қатты шөлдеп келіп су сіміргенде...
Сүйікті тамағыңнан дәм татқанда...
Қауырт жұмыстан шаршап келіп, төсекке құлай кеткенде...
Өзіңе ұнайтын адамыңнан жағымды және жылы сөз естігенде...
Жаңа кітаптың иісін сезінгенде...
Кеш түскенде құм басып, жағалауда серуендегенде...
Жап-жаңа сәнді киім кигенде...
Сырттан жаурап келіп, қолыңды жылытқанда...
Массаж сеансын қабылдағанда...
Көк шөпті жалаң аяқ басып жүргенде...
Жауыннан кейінгі озон иісі мұрныңа келгенде...
Сәбиің алғаш «әке», «ана» дегенде...
Барлық істі тындырып, көрпе жамылып, қолыңа пультті алып теледидар көріп жатқанда...
Жауындыгүні терезеден телміріп қарап тұрғанда...
Көзін жақсылап тазалап сүртіп болған соң, көзәйнекті тағып көргенде...
Ең жоғарғы қабатқа шығып, адамдарды құмырсқа құрлы көрмей тұрғанда...
Жаңа төсеніштің үстінде ұйықтағанда...
Көптен күткен жалақы түскенде...
Таңертең амалсыз көзіңді ашып тұрайын деп жатқанда, сенбі екені есіңе түскенде...
Соңғы емтиханды жақсы бағамен тапсырғанда...
Көптің ішінде атың аталып, мақтау сөз естігенде...
Біреуден алғыс алғанда...
Бұрын берген қарызыңды ұмытып кетіп, соны әкеліп тұрғанда...
Қалтаңда өткен жылдан қалып кеткен бір-екі мың теңгеңді тауып алғаныңда...
Автобуста біреу орын ұсынғанда...
Әлдекімнің шығармасына арқау болып, муза болғаныңды естігенде...
Сен мінетін автобустың артқы орындары бос болғанда...
Такси жүргізушісі танысың болып шығып, тегін жекізіп салғанда...
Жақсы көретін адамың сағындырып алыстан оралғанда...
Сүйіктіңнің жүзіне қарай алмай, бетің қызарғанда...
Сен түскен он суреттің ішінде бір-екеуі болса да әдемі болып шыққанда...
Бақытты болмадым деп көрші?!
Сурет: Любовь Харламова