- Негізгі бет
- Психология
- Апатия мен депрессияның...
Апатия мен депрессияның айырмасы
Бір қарағанда, апатия мен депрессия бір нәрсе сияқты. Бірақ екеуінің арасында үлкен алшақтық бар. Сол айырмашылық пен аражікті анықтап көрейік.
Апатия
Психологтар апатияны депрессияның бір белгісі, бастапқы белгісі деп таниды.
Апатия дегеніміз – адамның ешнәрсеге зауқы, көңіл-күйі болмаған сәті. Апатиялы адам ештеңеге қызықпайды, немқұрайлы қарайды. Өмірі қызық пен энтузиазмға толы адаммен салыстырсаңыз, апатиялы адам бірден көрініп тұрады.
Апатияның белгілері мынау: көңіл-күйі жоқтық, энергиясы аз, бір нәрсе жасауға не істеуге зауқы болмау, қызығушылық жоқ, эмоционалды реңк жоқ, денсаулығына мән бермеу.
Паркинсон мен Альцгеймер ауруы, шизофрения, инсульт пен деменцияның алғашқы белгілерінің бірі – осы апатия. Сондықтан апатияға аса мән берген жөн. Басталған жағдайда, одан тезірек құтылуға әрекет еткен абзал.
Депрессия
Депрессия – бұл енді нағыз психологиялық жағдай. Мұндай күй ұзаққа жалғасуы, созылмалы болуы мүмкін. Адам қоршаған орта мен адамдардан (моральды және физиологиялық түрде) бөлектеніп, өзінше күн кешу, адамның өзін дәрменсіз сезіну күйі. Өмір сүруге құштар емес. Көзі мен жүзінде қайғы-қасірет болады. Өзін қуыс кеуде санайды. Өз-өзін кінәлау мен өмірден жалығу да – осы депрессияның белгісі.
Депрессия – адамның тұңғиыққа түсіп кеткенін көрсететін клиникалық жай-күй. Бұған шалдыққан адам күні ұзақ төсекте жата беруі мүмкін. Ұзақ ұйықтауы не мүлде ұйықтай алмай жүруі мүмкін. Ешнәрсеге қызықпайды.
Айырмашылығы
Психологтардың айтуынша, депрессия мен апатияны ажыратудың бір белгісі бар. Мәселе мынада: депрессиялы адам суицидке бейім тұрады. Ондай адам өмір сүргісі келмейді, бәрінен шаршаған, қажыған күй кешеді. Ал апатиялы адам суицидке бейім емес, тіпті ол туралы ойламайды да. Өмір сүреді, бірақ бәріне немқұрайлы, жайбарақат қарайды.
Тағы бір айырмашылық – депрессиялы адам өз-өзін кінәлауға, мүжуге дайын тұрады. Ал апатиялы адамда ондай күй жоқ. Өз-өзін кінәламайды.
Сосын, депрессиялы адам көп тамақ жеуге, ішімдік ішуге бейім. Кейде бірақ тәбет тартпауы мүмкін. Ал апатиялы адамда тәбет болмайды.
Қ. Слямбек