Қанша өссек те, ата-ана үшін сәби болып қала береміз. Ол кісілер бізді әрдайым уайымдайды. Кейде, тіпті, ер жеткендігімізді мойындағылары да келмейді. Бір жерге бару үшін әлі де ата-анаңыздан рұқсат сұрайсыз ба? Олардан сұранып шығу деген – қиын шаруа. Сұрану үшін алдын ала үйді мұнтаздай етіп жинап, ыдыстарды жақсылап жуу керек... Ал төмендегідей оқиға көп қыздың басынан өткен болар:
Сіз: Апаааа-ау, не ғой ... Біз достарымызбен қыдырайын деген едік. Барайыншы. Қайтарда автобусқа үлгеремін. Егер кеш қайтып жатсақ, Жанболат таскимен әкеліп тастайды.
Анаңыз: Қызым, есің дұрыс па? Қайдағы қыдыру? Қайдағы Жанболат? Сосын әкең ұрысады ғой.
Сіз: Онда тұрған не бар? Достарыммен барам да қайтып келемін.
Анаңыз: Сен қаншада екеніңді ұмытып кеттің бе?
Дәл осы тұста барлық шындықты жайып салғаныңыз үшін өкініп кетесіз. Шындықты айтсаңыз да, айтпасаңыз да, ұрсады. Сөйтіп келесі жолы өтірік айтуға шешім қабылдайсыз. Ол өтіріктер «Айгүлдің ата-анасы қонаққа кетіпті, мен сол үйде қонамын» деген секілді сылтаулармен ұйымдастырылады. Бір рет болған дүние, өмірде екінші рет болмауы мүмкін. Ал екінші рет болған нәрсе міндетті түрде үшінші рет қайталанады. Осылайша ата-ана мен бала арасында түсініспеушілік пайда болады. Сол себепті үлкейгендігіңізді сөзіңізбен емес, ісіңізбен көрсеткеніңіз жөн. "Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам" екені онсыз да анық. Ал ата-ананыкі әрдайым дұрыс.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru