Бір күні жиынның ортасында отырған Досбол шешеннен біреу:
Қол бастау қиын ба?
Жол бастау қиын ба?
Сөз бастау қиын ба? -
деп сұрайды. Сонда Досбол:
- Қол бастау қиын емес,
Көк найзалы ерің болса.
Жол бастау қиын емес,
Соңына ерген елің болса.
Азған жерге сұңғыла шығар,
Оның гүлдері шұбар-шұбар.
Дөңбектей тамыры болар,
Сол уын қауынға жаяр.
Қауынның пәлегі солар,
Ер еңбегі зая болар,
Бәрінен сөз бастау қиын,
Тауып айтсаң мереке қылады,
Таппай айтсаң келеке қылады! – деп жауап берген екен. Расымен де, сөз бастау қиын шаруа. Ал келесі бір адамды сөйлету одан да қиын. Сондықтан екі адамның сөзін жарастырып, жақсы тақырыпты талдауға көмектесетін бірнеше тәсіл ұсынамыз.
1. Ортақ қызығушылық табыңыз. Оны табу арқылы диалогты бастай аласыз. Ортақ тақырып таба алсаңыз, әңгімелеріңіз ұзаққа созылады деген сөз. Тіпті, білмеген нәрсеңізді сұраудан қысылмаңыз. Мысалы, екеуіңіз де Үкілі Ыбырайдың әндерін тыңдайтын болсаңыздар, одан кімнің орындауындағысы жақсы екендігін сұраңыз. Кез келген адам өзінің сөзін бөлмегенді қалайтындығын ескеріңіз.
2. Адамның қызығушылығын киіміне, оқитын кітабына, үнемі қолында ұстап жүретін затына қарап анықтауға болады. Мысалы, телефоның фонында тұрған суретке назар аударыңыз. Ең майда деген детальдарға назар аударыңыз.
3. Оған ашық сұрақ қойыңыз. Олар әңгімені жалғастыру үшін қажет. Ойланбай бірден жауап беруге немесе қысқа ғана жауап қайтара салуға болатын сұрақ қоймаңыз. Мысалы, ол «Қалың қалай?» сынды сұрақ болуы мүмкін. Мұның орнына жаңа ұстаз, жаңа бастық туралы, немесе өткен демалыста не істегендігі жайлы сұраңыз. Мұндай сұрақтар оны ойланып отырып жауап беруге мәжбүрлейді. Бұдан өзге «немесе» деген сұрақтар қоя аласыз. Мысалы, жас әншілерден Әли Оқапов ұнай ма, немесе Қайрат Нұртасты тыңдайсың ба? Оның таңдауына байланысты жеңіл әзіл айтуды да ұмытпаңыз.
4. Сөйлеуден бұрын көп тыңдаңыз. Сөйлесу мәдениеті көп сөйлегеннен гөрі тыңдаудың жөн екендігін айтады. Екі құлақ пен бір ауыздың болуы сондықтан болар. Сол себепті әңгіме барысында оны жақсылап тыңдауға тырысыңыз. Әдетте көп сөйлейтін адамдарға өзінің даусы ұнайды. Тіпті, үнсіз отырсаңыз да, жаныңыздағы адамды мұқият тыңдап отырғандығыңызды түріңізбен көрсетіңіз. Біріншіден, бұл адамды жақсы әсерге бөлейсіз, екіншіден, өзіңіздің кіммен сөйлесіп отырғандығыңызды білесіз. Адамды, әрине, досына қарап та тануға болады. Алайда оның сөздері одан да көп мәлімет береді. Алдыңызда отырған әңгімелесушіңізбен ары қарай сөйлесуге болатын, болмайтындығын осы кезде анықтап алуыңызға болады. Егер оның айтқандары бос сөз болса, таңдау еркі өзіңізде ...
5. Оған қызықты сұрақтар қойыңыз. Әңгімелесушіңіз де өз кезегінде сізді сөзіңізге қарап бағалауы мүмкін. Сондықтан сұрақтарыңыз салмақты, мағыналы болсын. Бұл сұрақтың жауабын ол сізбен сөйлесіп біткенше ойлап отыратындай болғаны абзал. Мысалы, әлемнің барлық жерін аралау мүмкіндігі туса, ең бірінші қай жерге баратын едің? «Төтенше жағдай болғанда өзіңмен бірге қай 3 затты ала шығатын едің?», «Қай шығарманың кейіпкеріне ұқсағың келеді?». Бұл оның ішкі жан-дүниесін тануға мүмкіндік береді. Алайда бұл секілді сұрақтарды бас салып қоя салудың қажеті жоқ. Мұны ұзақ сөйлесіп болған соң қоя жатарсыз.
6. Поп мәдениетін талдаңыздар. Ол кино, музыка, кітап, әншілердің, атақты жұлдыздардың өмірі болуы мүмкін. Әншілердің балаларына қоятын есімдері туралы айтыңыз. Әңгімелесушіңіздің қызығушылығын біліп алған соң, белгілі бір фильмге қатысты ойын сұрауыңызға болады. Мысалы, ол Ақан Сатаевтың фильмдерін жақсы қарайтын болса, оның қай туындыларынан бастап көру керектігін анықтап алыңыз. Немесе фильміне қатысты пікірін сұраңыз.
Келесі кезекте мамандығына назар аударыңыз. Адам жақсы білетін дүниесін айтқанды жақсы көреді.
7. Әңгімелесіп отырған адамыңызбен тағы да бір рет жүздескіңіз келсе, оның да сізбен сөйлесуге құмартатындай жағдай жасаңыз. Әдемі әзіл немесе оқиға айтқан соң шұғыл жұмыстарым бар еді деп кетіп қалыңыз. Ол сіздің кеткеніңізге өкініп, келесі кездесуді асыға күтетін болады.
Егер алдыңызда отырған адамның ұялшақ екенін білсеңіз, оның телефон нөмірін өзіңіз сұрап алыңыз. Ол жан ұстаз болсын, жәй танысыңыз болсын, кім болса да, бетіне қарап жымиып, «Сізбен танысқаныма қуаныштымын» деп айтуды ұмытпаңыз.
8. Күлімсіреңіз. Әр күнін бағалап, күлімсіреп жүретін жандарды барлығы да ұнатады.
Ал сіз әңгімені қалай бастайсыз?
Дайындаған: Томирис Сағындық
Сурет: rudaki.ru