«Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс» дейді қазақ. Алғаш көрген адамыңызбен әңгіменің жақсы өрбуі үшін не істеу керек? Оны бастау да һәм жалғастыру да оңай іс емес. Осындай сәттерде ыңғайсыз жағдайға қалмас үшін мына кеңестерге құлақ түрейік:
1. Көргеніңізді көпір қылыңыз
Айналаңызға зер салыңыз. Дәл қазір сізді не қоршап тұр? Ол нәрсе сіздің әңгімеңіздің ұшын шығаруға септігін тигізер. Сіздер тұрған бөлменің құрылысы, дизайны туралы, тіпті болмаса, «wi-fi-дің паролі қандай?» деген сұрақтың өзі алғаш таныстықтың арасын жақындатады.
Қарапайым мысал: «Күн қандай керемет, солай емес пе?» Бастысы – қандай жағдай болмасын, шағымданбай, әрқашан позитив күйде жүру. Оның үстіне алғаш таныстық – өз мәселеңізді айтып, негатив ой сыйлайтын уақыт емес.
2. Ортақ қызығушылықтарды іздеңіз
Әртүрлі адаммен әңгіме жарастыру үшін еліміздің ғана емес, әлемнің жаңалықтарынан да хабардар болыңыз. Осы күнгі һәм бір апта аясындағы ақпараттарды білу артық етпейді. Олар сіздің әңгіме барысындағы «қорғаныс аймағыңыз» болады. Араларыңызда үнсіздік орнаса, бір мәселені көтеріп, серігіңіздің пікірін тыңдаңыз. Бүгінгі ауа райын, саясатты талқыға салу да іш пыстырмайды.
3. Дұрыс сұраққа – жақсы жауап
Сұрақ қоярда ойланып алыңыз. «Неге қызығасыз, бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?» деген сұрақтарға кең көлемде жақсы жауап алуға болады. Соңғы оқыған кітабының қандай екенін де сұраған жөн. Осы тектес сұрақтар серігіңіздің ойын бір жерге жинақтайды. Ол өзіне таныс тақырыптарда әңгіме өрбіткесін сізбен сенімді, ашық түрде сөйлеседі.
4. Әр түрлі сұрақтар қою
«Иә, жоқ»-тан аспайтын жауабы бар баламалы сұрақтардың сізге пайдасы да бар. Қойылатын басты талап – сергіңізді мұқият, ден қойып тыңдау. Сол сұрақтардың жетегінде сізге жаңа сұрақтар қоюға мүмкіндік туындайтынын ұмытпаңыз.
5. Ым-ишара (мимика) да маңызды
Серігіңізді тыңдап, онымен бірге «ойнаңыз». Оның әзілдері «өтпейтін» болса да, жымиып қойыңыз. Әйтсе де, «Челси» мен «Спартак» ойындарында сізді кім жеңгені қызықтырмақ түгілі, олардың қай мемлекеттің командалары екенін білмей тұрып, өтірік шаттанудың һәм кейіс білдірудің түкке керегі жоқ. Қасыңызды бір көтеріп, таңданысыңызды білдірсеңіз де жетеді.
Осындай әрекеттерден кейін де әңгімеңіз жараспаса не істеуге болады? Демек, осылай болуы керек! Тағдыр... Ешнәрсеге алаңдамаңыз, бастысы жаныңыз тыныш болсын! Ішіңізден «әр нәрсенің бір қайыры бар» деп шаруаңызды істей беріңіз. Сәттілік!