Психологтар баланың болашақтағы өмірі үшін ата-ананың рөлі маңызды екенін жиі ескертеді. Бақытты бала анасы оны жақсы көретініне, ал әкесі әрдайым қорғайтынына сенімді болып өседі. Психолог, философ және кітап авторы Джонис Уэббтің ойынша, егер анасы баласына суық болса, бұл оның өміріне әсер ететін "таңба" қалдырады. Ол есейсе де, жан-дүниесінде "махаббат жетіспеген бала" болып қалады. Джонис Уэбб оның қалай білінетінін мысалдармен көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Parents.ru-ге сілтеме жасап.
1. Керемет тыңдармандар, бірақ өздері жайлы ештеңе айтқысы келмейді
Әрбір адамның айналасында мынадай бір адам болады: сіз оған жан-дүниеңіздегі барлық нәрсені айта аласыз, бірақ ол жайлы айтарлықтай ештеңе білмейсіз.
Достықта бастапқыда бұл өте ыңғайлы болуы мүмкін. Бір құрбы екіншісіне барлық проблемасын айтады, ал ол мұқият тыңдап, оны қолдайды. Алайда бұл құрбылар арасында нағыз жақындық жоқ. Біреуі кез келген уақытта ішіндегісін айтуға болатын "тегін психологты" пайдаланады, ал екіншісі ашылуға қорқып, өз өмірі жайлы кез келген әңгімеден қашады.
2. Тек басқалар жайлы ойлайды
Мұндай адамдардан қандай да бір құрбандық байқалады. Олар басқалардан өздерін қалай сезінетінін, оларды не мазалайтынын жиі сұрайды. Тіпті, мұндай адамнан "жабысқақтық" байқауыңыз мүмкін: "Бұл орындықта саған шынымен ыңғайлы ма?", "Мүмкін, шай ішкің келіп тұрған шығар", "Шынымен ішпейсің ба?" және т.б.
Ал мұндай адамның хал-жағдайын сұрасаңыз, ол абдырап, дұрыстап жауап бере алмай, тек "иә, бәрі дұрыс" деп құтылады.
3. Өз сезімдерін көрсете алмайды
Егер отбасыда адамнан оның не сезетінін, қандай эмоциялар жиі бой алатынын ешкім сұрамаса, ол эмоцияларды көрсетуді үйренбейді. Оның ішіндегі қайнап тұрған сезімдердің бәрі сол жерде қалады. Ересек өмірде де ол адамның эмоция көрсетуімен проблемалар болады.
Мысалы, жұптар арасындағы қарым-қатынасқа келер болсақ, бірі екіншісінен кері байланыс ала алмайды: оған не ұнайтынын/ұнамайтынын біле алмайды. Содан түсініспеушіліктер туындайды.
4. Балалығын еске алмайды
Балалық шақтан психологиялық зақымы бар адаммен сөйлессеңіз, ол өзінің өткенін мүлдем айтпайтынын байқайсыз. Ол өзінің балалығына қатысты барлық тақырыптан қашуға тырысады.
5. Жанжалдардан алшақ жүреді
Жанжалдардан қашу - бір қарағанда, жақсы әдет секілді көрінуі мүмкін. Ал негізінде қарым-қатынасты анықтағысы келмеу, жұмыста өзіне не ұнамайтынын ауызша айтпау қиын. Үндемегендіктен, ол бәріне келіседі. Сондықтан бәрі оның "басына шығып алады".
6. Басқалар эмоциясын көрсеткен кезде сасып қалады
Махаббат жетіспеген адам айналасындағыларға қажет кезде қамқорлық көрсетуді білмейді. Егер танысы жылап жіберсе, мұндай адам ары қарай не істеу керегін білмей, сасып қалады. Себебі оның отбасында біреу өзін нашар сезінген кезде аяушылық білдіру секілді үлгі көрсетілмеген.
Бала ата-анасына нені айта алмайды? Мына жерден оқыңыз.