- Негізгі бет
- Психология
- Анасы қызына үйретер...
Анасы қызына үйретер 10 тағылым
Қыз баланың инабатты, ибалы, тәрбиелі болып өсуіне отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Әсіресе, ананың қызына берер кеңестері өмірлік тағылымға толы. Себебі қыз бала анасына қарап бой түзеп, айтқан ақылын жадында тұтады.
Қыз баланы тәрбиелеудің жүгі бәрінен ауыр. Өйткені бүгінгі тұлымшағы желбіреген қыз – ертеңгі ақ жаулығы желбірейтін ана, аяулы жар. Ана болған соң ол өмірге бала әкеліп, оны өсіру үшін тағы бір жауапкершілікті мойнына алады. Сондықтан біз бүгінгі жазбамызды қыз өсіріп отырған бүгінгі аналар қауымына арнаймыз.
1. Өзіне-өзі қарай білу керек. Анасы қызына әр кез таза киініп, шашын тарап, тазалық гигиенасын кішкентайынан сақтап жүруді үйретуі тиіс. "Қыз бала қашан да көрікті болу керек" – деген ойды санасына сіңдірген жөн.
2. Уақытты бағалай білуге үйрету. Уақыт – адам өміріндегі кері қайтпайтын дүние екенін ерте жастан-ақ үйреткен абзал.
3. Ең ақылды адамның өзі қателеседі. Балаға ата-анасы ешқашан қателік жасамайтындай көрінуі мүмкін. Әйтсе де қателіксіз өмір болмайтынын айту маңызды. Әрбір қателік – өмірлік бір тәжірибе.
4. Өзіңді өзгелермен салыстырудың мәні жоқ. Әр адамның бойында талант, ынта мен жігер болады. Соны шыңдау маңызды. Өзіңді өзгелермен салыстыра берсең, өзіңді де жоғалтып аласың. Мұны өскенде де айта жүру артық емес.
5. Кез келген қиындықтан шығуға болады. Қыз бала өмірдегі қиындықтарды тығырық деп қателесуі мүмкін. Сондықтан кішкентайынан бастап кез келген қиындық тығырыққа тірегенмен, одан шығар жол барын үйретіп өсіру керек.
6. Өтірік пен өсек айтудан алшақ болуға үйрету керек. Қыз баланы кішкентайынан өтірік айту мен өсектен алыс ұстау маңызды. Өтірік айтпау үшін - қызыңызды көп алдамаңыз. Өсек айтпау үшін – оның алдында өзгені жамандамаңыз.
7. Жылау – әлсіздік емес. Қыз бала үшін жылау – іштегі шерді шығарудың бір жолы. Көз жасын бұлап, ішкі күйзелісін жеңеді. Қыз балалардың көңілі бос келеді. Кез келген дүниеге (сөзге, киноға, т.б.) жылап қалуы мүмкін. Сондықтан жылау әлсіздігің емес, өзіңді бір қайрап алудың жолы деп үйреткен жөн.
8. Өмірлік мақсаты айқын болсын. Мақсатқа жету бар, армандау бар. Осының айырмасын бойжетпей жатып, түсіндірген дұрыс.
9. Өмірде әділетсіздік көп болады. Тек әділдік салтанат құрған қоғам болса, қандай боларын елестету қиын. Себебі өмір – әділдіктің, әділетсіздіктің де мекені.
10. Өткенге өкінудің қажеті жоқ. Өткен қайтып келмейді. Алда не болатынын, қандай жолға түсуді ойлау керек. Қыз балаға жылдам шешім қабылдауды да ерте үйрету керек.
Қыз баланың бойжетіп қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алады. Жас шыбық иiлуге қандай икем болса, бала да тәрбиенi қабылдауға сондай бейiм.
Н. Үсенова