- Негізгі бет
- Психология
- Анасы қызына ешқашан...
Анасы қызына ешқашан айтпауы керек 5 кеңес
Анасы қызының гендерлік рөлі, болашақтағы мінез-құлқы, ерлермен қарым-қатынасы және өзін-өзі қабылдауы туралы идеяларын қалыптастыруда жетекші рөл атқарады. Қыздары көбінесе анасының мінез-құлқы мен құндылықтарын қабылдайды, бұл табиғи нәрсе. Күйеуімен жанжал, достарымен әңгімелесу сынды жас қыздың қалыптасуына әсер ететін көптеген нюанстар бар. Әсіресе, кеңес бергенде сақ болу керек.
«Үй шаруасына пысық әйел ғана сый-құрметке лайық»
Көбінесе аналар өздерінің қалауларына немқұрайлы қарайды, барлық уақыттарын күнделікті өмірге және үй шаруасына арнайды. Бала анасының қатты шаршап тұрса да, өзіне мән бермей үш мезгіл ас әзірлейтінін, өзін нашар сезінсе де, күйеуінің аяқ киімін тазалайтынын көріп өседі. Бұл күйеуіне немесе балаларына қамқорлық жасау зиянды дегенді білдірмейді, бірақ барлық нәрсенің жөні болғаны дұрыс.
Бұл мінез-құлық үлгісі қызға жақсылық алып келмейді. Анасы қызына «сенің қажеттіліктерің маңызды емес» деген ойды жеткізеді, сондықтан «мен басқаларға ұнауым керек» деген түсінік қалыптасады. Мұндайда қызы өскенде оның өмірі үш сценарий бойынша өтеді:
• Ананың мінез-құлық үлгісін бойына сіңіріп, өзінің жағдайы мен амандығын ұмытып, бүкіл өмірін отбасына арнайды.
• Ананың мінез-құлық стереотипін жоққа шығарады және керісінше әрекет етуге тырысады, бірақ дағдарыстық жағдайларда, ең алдымен, ол анасының қарым-қатынасын қайталайды.
• Өз бетімен немесе маманның көмегімен құндылықтар жүйесін қайта қарайды және үйреншікті сценарийден кетеді.
«Күйеуіңнің махаббатын жоғалтпау үшін әдемі болуың керек»
Егер әйел өзіне қарап, сымбатын қадағалап отырса, ол өзге адамға ұнамай қалу қорқынышы емес, өз қалауы болуы керек. Аналары қыздарына: «Егер біз спортпен айналыспасақ, онда біздің фигураларымыз идеалдан алыс болады. Әкең мені тастап кетеді, ал сен ешқашан күйеуге шықпайсың»- деп те айтады.
Мұндай аналардың қыздары өскенде төмендегі жолдардың бірімен жүреді:
• Қыз өзінің сыртқы келбетімен назар аудартып, ғашық қылу үшін күреседі. Ол үнемі өзіне қарайды, кемшіліктерді іздейді, өзі сенімсіз бола бастайды және идеалға жету үшін түрлі манипуляциялар жасайды.
• Ол барлық сұлулық тәжірибелері мен процедураларын жоққа шығарады. Ол өзіне қарамайды, сыртқы келбетінің, киген киімінің және шашының ұқыпты болуының маңыздылығына мән бермейді.
• Осы мәселені шешіп, сыртқы келбетімен үйлесімді қатынасқа келеді. Ол үшін сұлулық шаралары біреуге ұнау үшін жасайтын емес, ләззат сыйлайтын процесс саналады.
«Ешкімнің көмегіне зәру болма»
Еркіндік – ол әлемге деген патологиялық сенімсіздіктен туындамаса ғана адамға қажет қасиет. Көбінесе ер адамдармен қарым-қатынаста көңілі қалған аналар қыздарына «ешкімге сенбе» деген идеяны сіңіреді. Мұндай әйелдер тұсқағазды өздері желімдейді, жиһазды өздері жылжытады, ауыр сөмкелерді ешкімнің көмегінсіз өздері көтереді. Сонымен бірге олар көмек сұрағандарға менсінбей қарайды. Олардың бұрынғы серіктесіне деген реніші оның бәріне өзі қол жеткізе алатынын дәлелдеуге ұмтылумен аяқталады.
Мұндай аналар көбіне ешкімге сенбейтін қыздар өсіреді. Олар романтикалық қарым-қатынастарға күмәнмен қарайды және көбінесе мансап жолына кетеді .
«Ер адам – нан табушы»
Кейбір отбасыларда жауапкершіліктің қатаң бөлінуі байқалады. Қыздар соны сіңіріп тәрбиеленеді. Басты мақсат – әйелді асырай алатын бай жігітті кездестіру. Әрине, отбасылық бюджетте ер адамныңрөлі ерекше. Бірақ әрбір қыз дамып келе жатқан адам екенін ұмытпаңыз, онымен әңгімелесу қызықты және оның пікірі де соншалықты құнды және маңызды. Ол тек күйеуінің тапқан ақшасын тұтынып қана отырушы болмауы керек. Өзінің потенциалын жүзеге асыру арқылы жетілу жолына түседі.
«Күйеуіңе бар сырыңды шашпа»
Кейбіреулер бақытты қарым-қатынастың кілті әйелдің айлакерлігі деп санайды. Мұндай мінез-құлық үлгісін кейде қыздың өмірін жеңілдететін даналық ретінде ұсынып та жатады. Анасы қызына: «Күйеуіңе қанша табатыныңды айтпа» немесе «құрбыңмен мейрамханада болғаныңды айтпа» деген сияқты кеңестер айтады.
Ерте ме, кеш пе, жұбайының өтірік айтып жүргені белгілі болып, қарым-қатынас одан да нашарлайды. Өзіңіздің талғамыңызды, қалауларыңызды және мүмкіндіктеріңізді жақын адамыңыздан жасыра отырып, сіз оның алдында өзіңізге тін емес мінез-құлық үлгісін жасайсыз.
Әрине, анасы қызына жамандық тілемейді. Бірақ ол да өз білімі мен тәжірибесі негізінде ғана кеңес айта алатынын ескеріңіз. Алатынын алып, ескісін жаңартып, жарамсызын, тастау өз еркіңізде екенін ұмытпаңыз.
А. Оралқызы