Әйелімнің тосын шырғалаңнан қайтқанына төрт жыл болды. Әлі тым кішкене ұлыма анасының орнын толтыру мен үшін оңайға соққан жоқ. Ежелден үй шаруасына олақ мен үшін бұдан өткен қиындық болмаған шығар.
Бір күні іссапарға кетпек болып, ұлымның таңғы асын дайындауға үлгермедім. Кешеден қалған аз ғана аспен қоса, бірнеше жұмыртқа пісіріп жылыттым да. Ұйықтап жатқан ұлымды оятып, бәрін ескертіп кеттім.
Жұмыс қарбаластығы мен үй шаруасы мені әбден титықтатып жіберді. Оның уақытылы тамағын дайындап бере алмайтыныма қатты қынжылатын едім. Кешкісін жұмыстан тым кеш оралдым. Киімімді шешіп төсекке шыға бергенімде, көрпе үстінде бір кесе дайын кеспенің төгіліп (лапша) жатқанын байқадым. Төгілген кеспе суы төсек жапқышты, көрпені бір-ақ бүлдіріпті. Алқымыма тығылған ашуыма ие бола алмастан осыны істеп жүрген жүгермекті киім ілгішпен май құйрықтан сабай жөнелдім. Дайын кеспені көрпенің ішіне жасырып қойғаны несі деймін. Ол өксіп жылап, әлде бірдеңелерді айтып жатыр:
- Алдыңғы күннен қалған тамақты жеп болғам. Кешкісін сіз жұмыстан келмеген соң, ас үйден дайын кеспе тауып алдым. Сіз газ ошаққа жолама деген соң, дайын кеспені моншаның ыстық суына бұқтырдым. Біреуін өзім жеп, тағы біреуін сіз келгенше суып қалмасын деп көрпенің ішіне қойып қойғанмын. Сізге айтуды ұмытып кетіппін...
Оған көз жасымды көрсеткім келмеді. Тазалық үйіне кіріп, моншаның суын ағытып жіберіп, қатты жыладым. Сосын, оның мен үшін «жылытып» қойған тамағын қайтадан кесесіне салдым да, өксіп жылап, жеп отырдым. Бетімді шайып кеткен көз жасым сорпасыз дайын кеспеге тамшылап жатыр.
Ұлымның жарасына дәрі жағып, төсегіне жатқыздым да, киім-кешектерді жуып шықтым. Ұйықтар алдында оның бөлмесіне кірсем, ол әлі жылап жатыр екен. Есікке сүйенген қалпымда сілейіп тұрып қалыппын...
Бір жылдың алдындағы осы істен кейін ұлыма «жақсы ана» болуға бекіндім. Қазір ол жеті жасқа тасқа толды. Аз уақыттан соң бастауыш мектепте оқитын болады. Бір қуанарым ол бұйығы боп өскен жоқ. Басқалармен емен-жарқын әңгімелесе алады.
Бір күні балалар бақшасының жетекшісі маған қоңырау шалып, ұлымның келмегенін айтты. Ол барады-ау деген жердің бәрін іздеп, таба алмадым. Әбден қалжырап қайтып келе жатқанымда, оның бір электрлі ойыншықтар дүкенінің алдында тұрғанын көріп, тағы да сабай жөнелдім. Ол неліктен сабаққа бармағанын айтқан жоқ. Кейін жетекшісінен естісем, сол күні балалар шешесін ертіп келіп, ойын ойнайтын күн екен.
Осы істен бірнеше күн өткен соң, ол балалар бақшасында мұғалімнің жазу жазғанды үйреткенін айтты. Өз бөлмесіне кіріп алып, мұқият жазуға машықтанып отырған бейнесін көріп, ризашылықпен езу тарттым. Оның бұл өзгерісін шешесі көрсе, қандай қуанар еді?!
Тағы бір жылдың қысы келді. Жұрт жаңа жыл мерекесімен әбігер. Жұмыстан қайтып келе жатқанымда өзіміздің тұрғындар ауданына қарасты почта мекемесінен телефон шалды. Олар ұлымның адресі жазылмаған бір буда хатты хат сандығына салып жібергенін, оны қайда салу керек екенін білмей, әурешілік тудырып жатқанын айтты. Оны ұрмауға қанша бекінсем де, бұл жолы тағы да ашуымды тия алмадым. Ұлым таяқ сүйегінен өтсе де, тіс жармады. Солқылдап жылай берді. Бұрышқа итеріп жібердім де, почта мекемесінен әлгі әуре тудырған хаттарды алып келдім. Ұлымның алдына тастай салып:
- Айт! Не үшін басқаларға әурешілік тауып бересің?! - дедім.
- Бұл хаттарды шешеме жазып едім... – деді ұлым өксіп.
Өз қателігімді білгендіктен бе, әлде... Жылай жаздадым. Сонда да оған көз жасымды көрсетпестен:
- Онда неге осынша көп хатты бір ретте бір-ақ жолдадың?! - деп сұрадым.
Ол басын көтерместен:
- Бұрын хат сандығына бойым жетпегендіктен салмағанмын. Осы жолы барлық хаттарымды қосып салып жібердім, - деді.
Мен не айтарымды білмей қалдым. Әсілі ол бұрыннан-ақ шешесіне хат жазып жүр екен. Оны жұбатқандай бауырыма басып:
- Шешеңе жазған хаттарыңды әр жолы өртеп жіберсең, ол не жазғаныңды көре алатын болады, - дедім. Аузыма бұдан өзге сөз де түспеді.
Оны ұйықтатқан соң, әлгі хаттарды бір-бірлеп оқи бастадым. Мен оны шынымен-ақ түсінбейді екенмін. Жылап отырмын. Оқып отырмын.
«Мама, сені қатты сағындым. Бүгін балалар бақшасында мамасымен бірге ойын ойнайтын күн. Бірақ, сіз жоқ болғандықтан, мен қатыспадым. Әкеме сізді сағынып қалмасын деп әдейі айтпадым. Сол күні мені барлық жерден іздепті. Бірақ, әкеме қуанған бейнемді көрсету үшін әдейі электрлі ойыншық дүкенінің алдына барып тұрдым. Мен әсте ойын ойнау үшін сабаққа бармай қойған жоқпын. Әкем қанша ұрса да, себебін айтпадым.
Әкемнің қайғыратынын білемін. Ол да мен секілді сізді сағынған шығар! Сіздің бейнеңізді ұмытып қалыппын. Бір рет болса да түсіме кіріңізші. Түнде ұйықтағанда сағынған адамыңның суретін құшақтап жатса, түсіне сол адам кіреді дейді. Бірақ, не үшін әлі түсімде сізді көрмей жүрмін?..»
Мына хаттан соң, ары қарай оқуға дәрменім қалмады. Еңкілдеп жылай беріппін.
Қашан ғана ұлымның жүрегіндегі аналық мейірімнің бостығын толтыра алар екенмін?!..
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: weibo.com