- Негізгі бет
- Психология
- Ана жүрегі сөйлейді...
Ана жүрегі сөйлейді
Ананың балаға деген ықыласы да, пейілі де тау суындай тап-таза. Перзентіне қабақ шытса да, арғы жағындағы жүрек шіркін, езіліп тұрады. Ұл-қызына қанша ашуланса да, олардың көздерінен шыққан әр тамшы жасымен қосылып өзінің жаны шығып кете жаздайды. Иә, ол сонысымен де – Ана... Ана баласын ешқашан жалған еркелетпейді. Жүрегінен шыққан әр сөзімен баласын әлпештеп, әлдилейді.
«Сен мен үшін ештеңе жасауға міндетті емессің, мен сені бар болғаның үшін жақсы көрем». Көбі бұл сөзді дұрыс түсіне бермейді. «Міндетті емессің» дегені «ыдыс-аяқ жумай-ақ қой» дегені емес, әрине. Бұл оның саған деген кіршіксіз ақ көңілі. Ол сенен ештеңе талап етпейді. Қайта өзіндегісін саған бергісі келіп тұрады. Ол үшін сен тек аман бол, адал бол. Бұл сөз бәріне жағады. Ал шын сезініп түсінгендер үшін бұл тұнып тұрған философия!
«Мен сенің бар болғаның үшін қуанамын». Бұл сөзді анасынан естіген адам үшін бұдан артық бақыт жоқ. Мына сөзден соң оны кім жек көрсе де, қызықтырмайды. Өйткені, ол өміріндегі ең бірінші адамға – анасына керек.
«Мен сенің ұл болып туғаның үшін қуанамын». Бұл сөзді көбіне көп қыздан кейін дүниеге келген ұл балалар тыңдау бақытына ие болады. Ол – ананың көптен күткені, ол – әкенің ғұмырлық аңсар-үміті. Иә, үкілеген үміті...
«Біз, әкең екеуіміз, сені қатты жақсы көреміз, сен біздің сүйікті ұлымызсың» - мұндағы кілт сөз «біздің». Егер сөз арасында «маған тартқан, саған тартпаған», «менің ұлым», «сенің балаң» дегендей әңгіме кетіп жатса, осы айтқандарын естеріне салып жібер.
«Өкінішті». Бұл сөз екеуің түсініспей қалған кезде, сен жазаға тартылған кезде айтылады. Мұндайда кешірім сұрап, бұл қылығыңды енді қайталамайтыныңды айт. Анада жібімейтін жүрек бар деймісің. Бетінен бір сүйсең болды, маңдайыңнан иіскеп бәрін сол арада кешіре салады. Бұл сөзі оның сені туғанына өкінгені емес. Бірақ нашар қылығыңды шынымен енді қайталама.
«Мен сенімен мақтанамын». Анаңның сенімен мақтанғаны, сені өмірге әкелгеніне қуанғаны. Демек сен ол марқаятындай жетістікке жеттің, не жақсы іс жасадың. Осы сөзді көбірек естуге тырыс.
Жалғасы бар...
Сурет: Юрий Выблов
А. Әбілхан