Қыз ғұмырдың керуені ана болуға келіп жалғасқан кезде өмірдің 50 пайызы өзгереді. Қыздың мұраты әуелден-ақ кету, ал бақыты – ана болу. Қыздардың көп бөлігі ана болу бақытын дұрыс сезінбеген кезде ғана – бақытсыз. Жалпы, «ана болу» сөзінің астарында қандай сезім барын саусақпен санап көрейікші. Жоқ, саусақпен емес, санамен санайық. Өйткені бұл сезімдерге саусақтың саны келмейді. Сонымен...
Ана болу – өз анаңның қадірін шын сезіну. Анасының қадірін көп адам жоғалтқанда және өзі ана болғанда ғана сезініп жататыны сондықтан. «Ана» деген үш қана дыбыстың астарында ауырлық, бақыт, махаббат мен сүйіспеншілік те жатады. Әйел адам ана атанған күні өз өмірінің анасының жан-қиналысымен өрілгеніне көзі жетіп, оған деген құрметі тағы да арта түседі. Ана болудың басты мақсаты да осы ма дерсің...
Ана болу – өзің үшін ғана өмір сүруді тоқтату. Ана болған әйелдің енді «өле салғысы келетін» уақыты азаяды. Ол енді жанында «іңгәлап» жатқан кішкентай ғана жүректің иесі үшін, осы нәрестесін қолына алып әке атанған серігі үшін, жаңа ғана қадірін жете түсінген анасы үшін, асқар таудай әкесі үшін өмір сүретін болады. Ол енді кейде, өмірдің теперішін көрген сәттерінде өзі болмай қалса, осылардың қиналып қалатынын ойлап қам жейтін болады. Иә, ана болу – өзгелер үшін өмір сүру...
Ана болу – жауапкершілікті сезіну. Әйел адам ана болған күннен бастап, бойындағы бұрын оянбаған қасиеттерін де оятады. Ол енді қолындағы бақытының өміріне жауапты екендігін сезініп, ол аяғынан тұрып есін жиғанша соның жағдайын жасауға кіріседі. Перзенті жақсы мен жаманды ажыратып, өз қолы аузына жеткенше оған қамқор болуды әкесі мен шешесі мойнына алуы керек.
Ана болу – есейіп, ес жинау. Қыз кездегі қыңырлық көрсетуді, бос байламға салынуды қоятын кезең бұл. Өйткені ана болған соң, соған үлгі болуға тырысу керек. Өзің дұрыс адам болмай, ұрпағыңды дұрыстай алмайсың. Өзіңнің есің кірмей, оны есті ете алмайсың.
Ана болу – адам болу. Адам болып күн кешіп, тұрмыстың көшін тура жолда алып жүру де ананың қолынан келуі керек. Адамдыққа бет бұрып, нағыз адамша өмір сүретін, өзіңнен туғандарды да сондай өмірге жетелейтін шақ бұл.
Ана болу – өмірдің жалғасып жатқанын шын ұғыну. Ана болып көрген адам өмірдің аналардың бір сәттік жан қиналысымен жалғасып жатқанын түсінеді. Өмір-өзеннің зуылдап ағып жатқанына да көз жеткізеді. Өмір аналардың махаббатымен жалғасып жатыр. Өмірдің бар байлығы – олардың құрсағында.
Ана болу – жарыңды сүю. Оған ізін жалғайтын перзент сыйлағаның үшін қуаныштан жүрегің жарылып кете жаздайды. Мұны бақыт демейтін кім бар екен, қане?
Ана болу – қарым-қатынастың құлпы. Бала ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын жақсартып, оларды бір-біріне байлап қояды. Жіпсіз байланбайды, сезіммен ғана байланады. Бала әкесі мен шешесінің бауырында ер жетуге міндетті.
Ана болу – көңілдің тыныш таппауы. Ана болған әйелдің көңілі қыз күндегідей тыныштық таппауы мүмкін. Енді ол баласының ауырып қалмауын, сүрініп-жығылып қалмауын, алданып сорлап қалмауын, жаман жолды таңдамауын ойлап қам жейтін болады.
Ана болу – ұйқыдан да маңызды шаруалардың табылуы. Ол – бала күтімі. Ұйқыңды қиып оны ұйқыға жібергеннің өзінде көзің тез іліне қоймайды. Өйткені оның пысылдап ұйықтап жатқанына сүйсініп жарты сағат жатасың, оның болашағын ойлап тағы бір сағат жатасың. Ал ол есейгенде, ұйқыға құмарлықтан мүлдем арыласың.
Ана болу – мықты болу. Өмірдің сан-соқпағынан қорықпай, балаңды жетер жеріне жеткізгенше саған күш керек-ақ. Ол үшін мықты болуды үйренесің. Физикалық тұрғыдан емес, моральдық тұрғыдан әлсіздік танытуға енді сенің қақың жоқ.
Сурет: Дарья Дуничевская