Бала естігенін емес, көргенінен сабақ алады. Көп жағдайда адамдар отбасында дұрыс тәрбие көрмегендіктен, үлкен өмірге дайындықсыз барады. Өйткені олар өздері үшін басқа біреудің шешім қабылдайтынына әбден төселіп қалған. Өмірлерінде өздері шешім қабылдауы тиіс кез келгенде қатты қиналады. Сол себепті баланың өз қиындығын өзі шешіп үйренуіне жағдай жасауымыз керек. Есейген сайын жауапкершілік те арта түсуі керек.
1. Қиындықты балаңыздың орнына емес, бірге шешіңіздер. Көрші орыс халқы бесіктен белі шықпаған баласына таңдау жасатады. Мұны дүкенде тұрған кезде сан рет байқаған шығарсыз. Жастайынан таңдау жасап үйренген бала есейе келе ақ пен қараның парқын оңай ажыратады.
2. Оған дайын жауап ұсынбас бұрын, сұрақ қойыңыз. Осылайша оны сұрақтың жауабын іздеуге үйретесіз. «Қалай ойлайсың қазір не нәрсе дұрыс емес?», «Бұл ситуацияға өзгеріс енгізуіміз үшін не істеуіміз керек?», «Қалай ойлайсың бұл адамның бұлай әрекет жасауына не себеп болды?» сынды сұрақтарды жиі қойыңыз. Балаңыздың жауабы қандай болса да, біреудің таңған пікірінен әлдеқайда жақсы.
3. Ескертуді ойынға айналдырыңыз. Баланы қате әрекеті үшін жазғырудың қажеті жоқ. Бар болғаны жақсылық пен жамандық тақырыбында ойлануға жағдай жасаңыз. Оны сүйікті ойыншықтарының немесе кітаптардың көмегімен жүзеге асыруға болады. Бала ойдан шығарылған сюжеттің арқасында көп нәрсе үйренеді.
4. Баланың сәтсіздіктерін сабырмен қабыл алыңыз. Әдетте бірден ұрысып, кейде қол көтереміз. Егер осылай жалғаса беретін болса, бала көп ұзамай бізбен сырласуды, қиындығымен бөлісуді доғарады.
5. Қатемен жұмыс жасауына мүмкіндік беріңіз. Талабы жоғары ұстазы немесе орынсыз күле беретін сыныптасы ұнамайтын кездер болады. Әдетте ата-аналар мұндай жағдайда баланы басқа сыныпқа ауыстыруға асығады. Алайда балаңыздың үлкен өмірде бұдан асқан қиындыққа тап болатынын біліңіз. Қоғамда түрлі адаммен араласуына тура келеді. Осыған орай, бала өз бойында сабырлық, қырағылық, байқағыштық сынды қасиеттерді жастайынан тәрбиелеуі тиіс.
6. Арасында жазалаңыз. Кез келген адам өз қателіктері үшін жауап бергені абзал. Сол кезде істі бастамас бұрын нәтижесін ойлайды.
7. Балаңызға жауапкершілікті мойнына алуына жағдай жасаңыз. Бала қалаған ойыншығын немесе жоғарғы орнын таңдап қана қоймай, ересектердің де мәселесіне араласа алады. Біз оларға сенім артқан сайын, олар жауапкершілікті сезінеді. Осылайша жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерге ие болады.
Баланы үнемі қамқорлыққа алып, асты-үстіне түсудің қажеті жоқ. Әр адам — өз алдына қайталанбас тұлға. Ата-аналар өз кезегінде кеңес айтып, тек дұрыс жолға бағыттап отыруы тиіс.