- Негізгі бет
- Психология
- Әлсіз байланыстардың күші...
Әлсіз байланыстардың күші
Коммуникациялық дағдылар мен нетворкинг — қазіргі заман адамның soft skills жиынтығының маңызды құрамдас бөлігі болған. Онсыз жақсы жұмыс табу немесе бизнес жасау өте қиын. Ықпалды достарының немесе жақын туыстарының болуы әрқашан маңызды бола бермейді. Олардан гөрі поезда танысқан кездейсоқ жолсеріктің сіздің өміріңізге көбірек әсер етуі әбден мүмкін. Әлсіз әлеуметтік байланыстар бізге қалай әсер етеді және олар несімен маңызды?
Әлеуметтік байланыстың екі түрі
Әрқайсысымыздың танитын адамдарымыздың екі түрі бар. Оларды шартты түрде "күшті байланыстар" және "әлсіз байланыстар" деп белгілеуге болады. Біріншіге — біз жиі және қарқынды қарым-қатынас жасайтын барлық адамдарды: достарды, жақын туыстарды, студенттік жатақханадағы көршілерді жатқызуға болады. Олармен демалыс күндерін бірге өткіземіз, романтикалық қарым-қатынас мәселелерін немесе болашаққа арналған жоспарларды талқылаймыз. Күшті байланыстар қиналған сәтте тірегіміз, қолдаушымыз болатын жандар.
Ал әлсіз байланыс біз араласатын немесе кейде байланысатын, бірақ етене жақын қарым-қатынаста болмайтын адамдарды қамтиды. Әдетте бұл — әріптестер, көршілер, оқытушылар, бұрынғы жұмыс берушілер немесе жай ғана кездейсоқ таныстар. Қазіргі заманда ғаламторда да достарымыз бар, олармен кейде хат алмасамыз немесе олардың жазбаларына лүпіл қойып жатамыз.
Әлсіз байланыстардың пайдасы неде?
1973 жылы америкалық социолог, профессор Марк Грановеттердің «Әлсіз байланыстардың күші» атты еңбегі жарияланды. Ол өз еңбегінде біздің айналамыздың әлеуметтік ұтқырлыққа қалай әсер ететі жайлы жазды. Ғалым жұмыс іздеу немесе жаңа бизнес құру тұрғысынан ең құндысы — сирек байланысатын бейтаныс адамдар, яғни ең әлсіз байланыстар екенін анықтады. Жағдайдың 75%-да адамдар "әлсіз байланыстар" өкілдерінің көмегімен жаңа жұмыс орнын тапса, қалған 25%-да мұндай көмекті жақын адамдары көрсетті.
Бұл қалай?
Күшті байланыстар кластері екі негізгі жолмен қалыптасады. Біріншісіне әдетте жақын туыстары немесе мектеп кезгі достары кіреді. Біз олармен ұзақ уақыт араласып, ортақ тәжірибені бастан өткергендіктен, әрі ортақ сәттер өте көп болғандықтан арада жақын, терең қарым-қатынас қалыптасады. Басқа достарымызбен немесе өмірлік серіктерімен біз дүниетанымның, мүдделердің, сенімнің ұқсастығына байланысты бірігеміз. Біз бастапқыдан-ақ ұқсаспыз, және уақыт өте келе бұл жақындық бұрынғыдан да арта түседі.
Мұның күші міне, осында. Дегенмен әлсіз тұсы да жоқ емес. Мысалы біз бір-бірімізді тым жақсы білеміз, көзқарастарымызда да ұқсастық бар болғандықтан бір-бірімізге жаңа нәрсе ұсына алмаймыз. Мұндай қарым-қатынас жанға жайлылық сыйлайды да, біздің дамуымыз баяулай береді. Күшті байланыстар қолдау көрсетіп, қиындықтарды жеңуге көмектескенімен, өмірімізді өзгерте қоймайды.
Әлсіз байланыстар болса басқаша жұмыс істейді. Олар жақын ортаға тиесілі емес, демек, жаңа нәрсеге қол жеткізуге, жаңа тәжірибеге, білімге, жаңа таныстықтар мен мүмкіндіктерге жол ашады. Бейтаныс адамдардан бізді физикалық немесе менталдық арақашықтық бөледі. Сонықтан бұндай сәйкессіздік тұрғысынан олармен қарым-қатынас орнату үшін бізге біраз ақыл-ой ресурстарын жұмсауға тура келеді. Бұл өз кезегінде ой-өрісті кеңейтеді, дамуымызға септігін тигізеді. Немесе жаңа жұмысты оңай табуға көмектеседі.
Әлсіз байланыстарды іздеу және ұстану бойынша кеңестер
Біз елей бермейтін байланыстар біздің өмірімізді түбегейлі өзгерте алады. Бұл достардың маңыздылығын төмендетпейді — сіз олармен қарым-қатынас жасамағандықтан өзіңізді бақытты сезіне қоймассыз. Дегенмен, енді бейтаныс адамдардың сіздің дамуыңыз үшін қаншалықты маңызды екенін білесіз.
Сізге оларды айырылмас жолдас жасаудың қажеті жоқ. Бар болғаны олармен байланыста болуды ұмытпауыңыз керек. Бұл көп уақыт пен күш-жігерді талап етпейді, бірақ айтарлықтай нәтижелі болуы мүмкін.
Әлсіз байланыстарды кеңейтуге және қолдауға, сондай-ақ оларды дұрыс қолдануға көмектесетін бірнеше кеңес:
— Қорқыныш пен ұялшақтықты ысырып қойыңыз. Жұмыс іздеуде немесе басқа мақсаттар үшін әлсіз байланыстарды пайдалану — бұл айлаға салу, қулыққа басу емес, бұл — өзара тиімді ынтымақтастық.
— Сіз де осындай адамдарға шағын қызмет көрсетіңіз — бұл олардың сізге деген сыйластығын арттырады және уақыт өте келе өз жемісін береді.
— Пайдалы таныстық үшін өзіңіз қызығатын саладағы іс-шараларға барып тұрыңыз.
— Жаңа байланыстарды іздеу және қолдау үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланыңыз. Бірақ есіңізде болсын, желідегі достардың саны маңызды емес, маңыздысы — шынайы қарым-қатынас (мейлі ол онлайн болсын).
Түйін
Әлсіз байланыстар — сирек араласатын бейтаныс адамдар. Зерттеулер дәл осы адамдар біздің әлеуметтік ұтқырлығымызға ең көп әсер ететінін көрсетті. Бұл олар арқылы ашылатын жаңа мәлімет, таныстық және мүмкіндіктерге байланысты. Сирек араласатын адамдар тобын кеңейтуге тырысыңыз, себебі, бұл сіздің өміріңізге түбегейлі өзгерістер әкелуі мүмкін.
дереккөз: bilim-all.kz
Т. Есқали