- Негізгі бет
- Психология
- Алғашқы кездесуден кейін......
Алғашқы кездесуден кейін...
"Иә, бұл мен іздеген жан! Менің болашақ балаларымның әкесі!". Сәтті кездесуден кейін өзіңізге осы сөздерді қайталаумен боласыз. Қуаныштысыз. Қоштасқандарыңыз жаңа ғана сияқты еді, ақылыңызды бағындыра алмай, ұялы телефоныңызды қайта-қайта шұқылаумен отырсыз. Тоқтаңыз, олай етуге болмайды.
Одан да құрбыңызға телефон шалыңыз және бүге-шегесіне дейін айтып беріңіз. Бірақ, ол сізге міндетті түрде бір сауал қояды: "Иә, сонымен енді қашан кездесесіңдер?". Сіз тағы да ой құшағына еніп кеттіңіз. "Расымен де, қашан кездесеміз? Ол маған ештеңе айтпады ғой... Қоңырауын күтейін бе? Әлде өзім хабарласайын ба?" Жо-жоқ, мұндай ойларға ерік беруші болмаңыз. Хабарласуға болмайды.
Осыдан бірнеше сағат бұрынғы сәттерге оралыңыз. Эмоцияларыңызды кілттеп, ақылыңызды іске қосыңыз. Егер, серігіңіз әрбір 10 минут сайын ұялы телефонын қайта-қайта тексере бермесе, үнсіз қалмаса, жарқын көңіл-күйде отырмаса, кездесу уақытынан бұрын бітіп қалмаса, уақыт деген лезде өтіп кетсе өзіңізге басу айтыңыз. Бәрі дұрыс өтті. Ары қарай не болмақ? Дәстүрлі үш күнге қалай төтеп беруге болады? 24 сағат бойы әлеуметтік желілерде отырып, телефон күзетпеңіз. Бұл – жүйкеңізді жұқартады.
Ал терезеге телміріп отырмау үшін, белгілі бір уақытты белгілеңіз. Үш күн. Басқа жоспарларыңызды орындауға кірісіп, қалыпты өміріңізді жалғастыруға тырысыңыз. Осы күн ішінде хабарласпаса, таусылудың қажеті жоқ. Бәрі керемет, бәрі алда.
Тағы да бір маңызды сәт бар. Жігіт сізге ұнағандығына сенімсіз болса ше? Бәлкім, ол сізден тұспалдауды күтетін болар... Сол себепті, сіздің тарапыңыздан ең дұрыс, сыпайы, замануи ишара – ғаламтор арқылы немесе телефон арқылы хабарлама жолдау. Әрине, ол хатта бірге өткізген кеш үшін алғыс айтылады. Жігіт мұндай әрекетті сізден күтпесе де, 100% жағымды әсер алады. Әсіресе, тағы да кездесулерге барғыңыз келсе, мұны міндетті түрде жолдау керексіз. Яғни, хабарлама арқылы өзіңізге де, жігітке де жол ашып беріп отырсыз.
Қашан жолдаймын? Әрине, қоштасқанда емес, 2-3 күннен кейін де болмайды. Дұрысы – келесі күні (жұмыс, сабақ уақытында емес) бар екеніңізді еске алу.
Егер, болашағыңызды ол серімен елестете алмасаңыз, көңіліңізден шықпаса хабарлама да, басқа да қажет емес. Қоштасар сәтті пайдаланып, өз алғысыңызды айтып қалғаныңыз абзал.
Ал сіз алғашқы кездесуден кейін не істейсіз?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com