Бүгінгі заманда махаббат майданында әлеуметтік желілердің маңызы зор екені айтпасақ та, түсінікті. Жеке парақшасын зерттеу арқылы ұнатқан жігітің жайлы көптеген ақпарат алуға болады. Оның жүрегін жаулауды да сол әлеуметтік желіде бастаған ыңғайлы.
Әлеуметтік желілердің бірден-бір артықшылығы назарға іліккен жігітің жайлы ақпаратты таныстардан сұрастырып әуре болмайсың. 11 «Б» сыныбындағы сымбатты Нұрлан немесе құрбыңның туған күнінде танысқан сүйкімді Талғат жайлы барлық ақпарат алақаныңда. Олардың профилін зерттеу арқылы қандай адам екенін біршама анықтап алуға болады. Мысалы, барлық әлеуметтік желілерге тіркеліп, өзінің сұлулығына көзі тоймай, бірдей селфи суреттер жариялай беретін жігітті ұнатуың мүмкін бе? Немесе профиліндегі жазбалары тек жаттығу залы мен оның айналасындағы әңгімелерге толы болса, ондай адам қызық болар ма еді? Әрине, керісінше – жігіт сенің одан бетер қызығушылығыңды оятып, әлеуметтік желідегі шабуылыңды бастауға итермелеуі мүмкін. Сонымен қатар, әлеуметтік желі – бірінші кезекте жүрегінің бос, не бос еместігін білуге жақсы мүмкіндік.
Бір сәтке елестетші, құрбыңның туған күнінде тек сен емес, сол жігіт те саған жақындауға батылы жетпеген болар? Көзбе-көз әңгімелескеннен гөрі интернетте әңгімелесіп кету оңайырақ. Ықтимал ханзадаңның қызығушылықтарын біраз зерттеп, оның парақшасындағы мәліметтерге сүйене отырып, жете түсінетін тақырыбы жайлы сөйлес. Ең дұрысы кеңес сұра – барлық жігіттер сарапшы ретінде пікір білдіргенді ұнатады.
Қарама-қарсы тактика – өзің эксперт болу немесе оған қызықты тақырыптар жайлы толық мағлұмат алу. Әлеуметтік желі бұл тұрғыда үздік көмекші. Егер Хичкок фильмографиясы (бейнеойындар, футбол командалары немесе сноуборд құрылғылары – бәрі оның қызығушылығына байланысты) жайлы біліміңді орынды қолдана білсең, оған наздана қарап жүрген қыздардың арасынан бірден ерекшелене түсесің. Және оның аудиожазбаларын мұқият зерттеу арқылы да әңгімеге өзек болатын тақырып табуға болады. Егер оның сүйікті әншісі немесе тобы сендердің қалаларыңа гастрольмен келетін болса, билет сатып алып, концертке бірге баруға ұсыныс жасауға болады.
Ара-арасында оның жазбалары мен инстаграмдағы суреттеріне лайк басып тұр. Оның хроникасындағы жаңартуларды күтіп отыратындай әсер қалдырмас үшін тым жиі қойма. Бейкүнә лайктар ештеңеге міндеттемейді, есесіне жігітке сенің бар екендігіңді есіне салып, сенің парақшаңа кіруге үгіттейді.
Айтпақшы, жігіт сенің де парақшаңды бастан-аяқ тексеретініне дайын бол. Бұл парақшаңды ақылды цитаталар мен оқып үлгермеген кітаптардан алынған үзінділермен, оскарлық режиссерлердің фильмдерімен толтыру дегенді білдірмейді. Түбегейлі өзгеріс енгізудің қажеті жоқ, бірақ, ең жоқ дегенде бұрынғы жігіттеріңмен түскен суреттерді өшіру қажет. Сонымен қатар, сауалнамаларға сүйенсек, жігіттер болашақ қыздарының/әйелдерінің тым ашық суретке түскендерін қаламайды екен. Есесіне сүйкімді, жымиып түскен суреттерің оған ұнауы әбден мүмкін.
Геотегтер – сенің ең жақсы көмекшілерің. Суреттегі чекиндер немесе географиялық белгілер оның жүрегін жаулау тапсырмасын біраз жеңілдетеді. Солардың көмегімен ұнатқан адамың қандай дүкен/спортзал/кинотеатрға жиі баратынын анықтауға болады. Оны әр бұрыштан аңдып тұрудың қажеті жоқ, бірақ онымен бір-екі рет «кездейсоқ» кездесіп қалуға ешкім кедергі болмайтыны анық.
Кездейсоқ кездесулер мен екі жақты лайктарға толы хат алмасулар – оған сезіміңді ашық білдіріп, мойнына асыла кету дегенді білдірмейді – мұндай қысымнан ол қорқып қалуы да мүмкін. Қарабайыр қалжыңдар мен жалықтыратын әңгімелерден гөрі қысқа сөйлеп, ақкөңілділігіңді білдіріп, ерекшелік танытсаң болмашы хат алмасу бұдан да терең қарым-қатынасқа ұласуы әбден мүмкін.
Кездесуге тек жігіттер шақыруы керек деген қағидатты ұстанатын болсаң, онда жігітті достардың отырысына шақыруға болады. Әңгімеге желеуді жігіттің өзі білдіре алады. Ол Инстаграмға әжесі пісірген лимон бәлішін жариялады ма? Дәл сондай бәлішті саған неге пісірмеске? Алдағы демалыста бәліш пісіріп, достарыңды және ұнатқан адамыңды лимон бәлішінің эксперті ретінде шай ішуге шақыр.
Лайктар мен онлайн хат алмасу қаншалықты қызық болса да, интернет-әңгімелесу шынайы өмірге жетпейтінін ұмытпа. Сондықтан ханзадаңды тым құрығанда жақын жердегі саябаққа серуендеуге шығаруға тырыс. Кейде бұған «қыдырып қайтайық» деген ұсыныс та жеткілікті. Өйткені жүздеген лайктар оның саған қарата айтылған жылы сөздеріне жетпейді, ал оның виртуал емес, шынайы гүл сыйлаған кездегі күлкіңді ешқандай смайлик алмастыра алмайды.
Сурет: bibo.kz, yes.com.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина