Крис Гарднер қазірде ең бай адамдардың біріне жатады. Алайда ол өмір бойы бай, ауқатты адам болған жоқ.
Крис туғанда әкесі отбасын тастап кетті. Ал өгей әкесі қатігез адам болатын. Баланы өсіріп, тәрбиелеген сүйікті ағасы Миссисипи өзенінде батып, қайтыс болды. Ол кезде Кристің анасы абақтыда болатын.
26 жасқа толғанда жұмысынан айырылып, әйелі мен баласы қашып кетеді. Ол пәтерде еш ақшасыз, киімсіз жападан жалғыз қалды. Бірнеше күннен соң екі аптаға абақтыға қамалды. Оның мойнында 1200 доллар көлемінде айыппұл болған.
Абақтыдан босатылғаннан кейін түрме киімімен делдал (маклер) компаниясына жұмысқа тұруға барады. Оның бір айлық жалақысы 1000 доллар көлемінде еді. Ал бұл сома үлкен қалада тұратын адам үшін өте аз болатын.
Көп ұзамай Кристің әйелі қайтып келіп, баланы тастап кетеді. Ол кезде Крис баламен тұруға болмайтын пәтерде тұратын. Сол себепті баласы екеуі бірнеше жыл бойы үй-күйсіз, қаңғып жүрді.
28 жасынан бастап маклер болып қызмет атқарып, күніне 200-дей қоңырау шалып жүретін. Крис өзінің әріптестеріне қарағанда 5 есе еңбектенетін. Ал кешкі уақытта ұлымен паналайтын жер іздейтін.
Балабақшадағы орын үшін төбелесіп, үйі жоқ адамдарға арналған тағам кезегінде сағаттап тұратын. Баласымен кеңсе, бақша, метроның әжетханасында түнейтін.
33 жасқа келгенде Крис 10 000 доллармен делдал компаниясын құрады. 47 жасында алғашқы бір миллиондық келісімшартқа қол қояды. Сол кезден бастап оның компаниясы әлемнің ең табысты фьючерстік компанияларының бірі атанды.
Содан бері Крис пен ұлының өмірі қалыпқа келді. Бала кезіндегі арманын орындап, қызыл Феррари сатып алып, көп жерге саяхаттап, қайырымдылық жобаларды қаржыландырып, ақшасы аз адамдарға үй салдырады.
2006 жылы Крис Гарднердің өмірін баяндайтын «Бақытқа жету жолында/В погоне за счастьем» атты биографиялық фильм түсірілді. Басты рөлді Уилл Смит сомдады.
Бұл оқиға адамның кез келген ауыр жағдайды, қиын кезеңді көтеріп, арманына жете алатынын дәлелдейді. Ал сіз өз арманыңызға сенесіз бе?