Әлемді өзгерткен әңгімелер

Әлемді өзгерткен әңгімелер

- Мен таңнан кешке дейін жұмыс істеймін!

- Сонда сіз қашан ойланасыз?

(Жас физик пен Резерфордтың диалогы)

Тәсіл

Ағаш кесуден жарыс болыпты. Ақтық сынға канадалық пен норвегиялық шығыпты. Олаға таңнан кешке дейін ағаш кесу тапсырылыпты. Кім көп кессе, сол жеңімпаз. Жарыс басталып, екі жақ та ағаш кесуге кірісіп кеткен. Біраз уақыттан соң канадалық норвегиялықтың тоқтап, 10 минут демалғанын біледі. Өзіне берілген мүмкіндікті қалт жібермей канадалық қарқынын үдетеді екен. Әр сағат өткен сайын норвегиялық 10 минут жұмысын тоқтатып отырады. Ақыры кеш болып, жеңімпаздың кім екенін білерде канадалық өзіне сенімді болыпты. Сонда қазылар алқасы норвегиялықтың көп ағаш кескенін жария етеді. Аң-таң күйде канадалық қарсыласының сағат сайын 10 минут тоқтағанын, ал өзінің үзбестен ағаш шапқанын айтып шамданады. Сонда норвегиялық әр сағат өткен сайын өзінің балтасын қайрауға 10 минут жұмсағанын айтыпты.

Екі қасқыр

Бұрынырақта қарт үндіс немересіне ақыл айтып отырады.

- Әрбір адамда ішкі соғыс болып отырады. Олар екі қасқыр сияқты. Оның бірі – жамандық, арамдық, өтірік, менмендік сияқты жаман қасиеттер болса, екінші қасқыр қайырымдылық, жақсылық, бейбітшілік, үміт, шындық секілді жақсы қасиеттерді білдіреді.

- Ал соңында қай қасқыр жеңеді?-дейді ойлы кейіппен немересі. Сонда қария:

- Қай қасқырды асырасаң, сол жеңбек, - деген екен.

Себебін білу

Өзен бойымен кетіп бара жатқан жүргінші балалардың даусын естиді. Жағалауға барған ол суға тұншығып жатқан балаларды көріп, көмекке ұмтылады. Жолда тағы бір кетіп бара жатқан адамды көріп, бірінші жүргінші көмекке шақырады. Екінші жүргінші де мән-жайды білген соң, көмек қолын созады. Бұдан кейін олар тағы да бір кетіп бара жатқан жүргіншіні байқап, көмекке шақырады. Жүргінші бұрылып қарамастан, шапшаң жүріспен кете береді. «Балалардың өмірін құтқарғың келмей ме?» дейді екеу. Сонда жүргінші: «Екеуің құтқарып жатырсыңдар, мен барып балалардың өзенге қайдан түсіп кетіп жатқанын білейін. Мұның алдын алу ең пайдалысы» депті.

Қой мен сиыр 

Қой сиырға мұңын шағыпты.

- Адамдар неге тек сенің жағдайыңды жасай береді? Иә, сен май, құрт, ірімшік бересің. Бірақ менен олар көп алады ғой. Ет, май, шұжық, тіпті терімді алып киім тігеді. Неге бұлай?

Сиыр сәл ойланып алып:

- Мүмкін мен адамдарға жақсылығымды тірі кезімде жасай алғандығымнан шығар...

Таңдау өзіңде

«Бұл мүмкін емес!» - деді Сылтау.

«Бұл ақылсыздық!» - деді Тәжірибе.

«Бұл пайдасыз!» - деді Менмендік.

«Байқап көр!» - деді Арман.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: media-news.ru

А. Құлтай