Әлемді құтқаратын сұлулық әйелге үнемі бақ әпере ала ма? Қадыр Мырза Әлидің «Әдемі қызды көргенде ақылды қызды аяйсың» дегені бар. Өмірде байқап жүргеніміздей, шектен тыс сұлулығы басына сор болып жүрген немесе табиғат сыйлаған әдемілікті лас жолдарға пайдаланып жүрген арулар жетерлік. Жалпы әйел адамға тек сұлу болу ғана жеткілікті ме?
Сұлулықты беттен емес, жүректен іздейтін жігіт аз. Өйткені еркек біткеннің көбі көзге көрінетін көркем дүниелерге ғана қызығады. Ал көзге көрінбейтін рухани байлықтар мен ішкі дүниелер тасада қала береді. Әйткенмен, руханилық пен сана-сезім жоқ жерде жан иесі жай затқа айналды ғой? Сол үшін де адамға асқан сұлулықтан гөрі тарыдай болса да ақыл керек пе деп қаласың. Қоғамдағы бойдақ жігіттердің көбі қыз таңдап жүріп қалғаннан көбеюде. Қыз жоқ емес, бар! Бірақ қызды бағалайтын жігіт жоқ. Өйткені жігіттің бәрі сіз бен біздің тілімізде айтқанда «идеал» қызды іздейді. «Болашақ жарыңды сипаттап бер» дегенде «Инабатты, сыпайы, ақылды, сабырлы, пысық» дей келе, «Ең бастысы – сұлу болуы керек» деп түйіндейді. Мұның бәрі бір арудың бойында кездесетін кездер сирек болмай ма? Сондай сұлуды іздеп жүрген серілер Жерұйықты іздеген Асан аталарындай біраз жасқа да кеп қалады.
Әр адам өзінің сұлулық деңгейін жақсы біледі. Кейбір сұлулар өзінің келісті келбетіне разы болып, өздерінше құлпырады. Кейбірі сұлу бола тұра өзінің әр жерінен мін іздеп, өзін әдемі арулардың қатарына жатқызбайды. Ал кейбірі сырт бейнесінің анау айтқандай көрікті емес екендігін іштей біледі. Сөйтеді де, сұлу болудың жолын іздейді. Өйткені олар да әйел бақытына ие болып, ер адамның махаббатына бөленгісі келеді. Ол үшін жігітке қалай да ұнау керек болады. Бірақ иран бақтағы раушан гүлдерінің хош иісінен үміттеніп жүрген жігіттің көңілі келбеті келіспеген аруға бұрылсын ба? Жүзінің тартымды болмағаны үшін жігіттің көңіліне жақпай қалғаны қызға да батады. Міне, жігіттер, қыздардың боянып, сыланатынының бір себебі – осы.
Иә, әйелдің бәрі әдемі деп жатамыз. Бірақ бүгінде «сұлулық» ұғымы әдеміліктен де жоғары тұр емес пе? Бүгіндері қалтасы қалың, қара джип мінген кәрі дөкейлердің көбінің құшағында сұлу ханшайымдар отыр. Олар махаббатты да, сұлулықты да сатып ала алады. Өйткені оған қауқары да, қайраты да, қаражаты да жетеді. Сонда сұлулық сатыла ма?
Сұлу болсаң, жұлдызың да жанады. Корея елінде халыққа қызмет көрсететін барлық органдар мен өзге де жұмыс орындарында тек көрікті қыздарды ғана қабылдайды екен. Сондықтан да олар үшін бет-әлпетті пластикалық жолмен түзетіп, ұсқынсыз қыздан сұлу аруға айнала салу оп-оңай. Мейлі, жасанды жолмен болса да! Біздің елде мұндай үрдіс қалыптаспаған. Жоқ деп те айта алмайсың. Өйткені театр, кино, теларналар мен сервистік орталықтар, сауда орындары мен басқа да құрметті қонақтарды күтіп алатын орындардың стандарты – сұлу қыздар. Эфирде жаңалық жүргізу үшін, сахнада өнер көрсету үшін және тауар таратумен айналысатын холдингтерде зат сатып, оған нұсқау беру үшін жүзі жылы, көзі күлімдеп тұратын қыз-келіншектер керек-ақ. Бірақ бұл қатып қалған қағида емес.
Әрине, сұлулықтың әлемді құтқаруға да, төңкеруге де шамасы жетеді. Бірақ әлемге қауқары жеткен сұлулықтың әйелдің шақшадай басын шарадай қылып, бақытсыз бір сорлы күйге түсіретіні де бар емес пе? Сұлулық сор емес, бақ болғанда ғана атына затына сай болар. Бірақ әлдекімдер үшін «Сұлу - сұлу емес, сүйген – сұлу» ғой...
Арамызда сұлулық пен ақылдылықтың тартысы әлі де жүріп жатыр. Тартыстан шаршағандар «Бәрі құрысын, бастысы – бақытты болу» деп жауап береді. Ал сіз не дейсіз?