«Өзгенің дегенімен жүрме...» атты мақаламызда М (манипулятор) жайлы ақпарат берген болатынбыз. Оларды тануға кеңес бердік. Біреулер сізді өз қалағанымен қасақана жүргізсе, ал енді біреулері бұл әдістерді қолданып отырғанын сезбейді де. Олар біздің жанды жерімізге тиіп, әйтеуір дегеніне жетпей қоймайды. Біз мұндай адамдарды анықтай аламыз. Ендігі кезекте олардың «жүгенінен босауға» арналған кеңестерді ұсынып көрелік.
М-дер өзінің қаншалықты әлсіз, қорғансыз екендіктерін, қашан да әлдеқайда асығыс екенін айтады, біздің кәсібилігіміз бен қайырымдылығымызды, одан қалды мүмкіндігімізді пайдаланады. Мұндай әдістерге қарсыласу оңай емес көрінеді, себебі М ретінде біздің жақын адамдарымыз: әріптестер, достар, туысқандар болып шығуы бек мүмкін. Манипулияцияға қарсы тұру үшін тек ашық түрде қарсылық білдіру керек деп ойлаймыз, ал олармен қарым-қатынасымызды бұзғымыз келмейді. Ал шынына келсек, М-ге қарсы тұру өте оңай.
Біздің кеңестер сізге олардың қулық-сұмдықтарынан шу шығармай-ақ жалтарып кетуге көмектеседі.
Мысы басып кетпесін...
Көпшілік алдында әлсіздігіңізді көрсетсеңіз олардың құрбаны болуға дайын екеніңізді көрсетесіз. Қоршаған адамдарыңызға құдды бір «Қараңыздар, мына жағдай менің көңіліме тиюі мүмкін, ал мынаны жоғалтып алуға қорқамын, ал осы жағдайды кейін менімен дауласқан кездеріңізде айтып, бетіме баса аласыздар» деп тұрғандай боласыз. Бұл, әрине, жақын адамдарыңыздан бәрін де жасырып жүруіңіз керек екенін я жақын адамдарыңызға күмәнмен қарау дегенді білдірмейді. Ендеше, әркіммен жекелей байланыс, жекелей қарым-қатынас орнатқаныңыз абзал.
Түкке тұрғысызды уайымдай бермеңіз...
Егер өз тарапыңызға айтылған сынды ауыр қабылдайтын болсаңыз немесе өзгенің үдесінен шыға алмай қаламын-ау деп қорықсаңыз, сізді жетегіне жүргізіп алатын адамдар көптеп табыла кетеді. Егер М-нің жетегіне түскіңіз келмесе «мізбақпас» болуды үйреніңіз: сынның біржақты пікір екенін ойлаңыз, себебі біреулер сізді жеккөретін болса, басқалар керісінше ұнатуы мүмкін.
Өзгелердің бағасын күтпей, өзіңізге өзіңіз баға беріңіз. Осы арқылы сіз М-нің қулығына түспейтін жағдай жасайсыз.
«Уақытты тоқтатыңыз»
Егер М сізді әлденені қазір жасай қоймасаңыз кеш болатынын айтып қорқытса, сіз өз кезегіңізде шешіміңізді шығаруға асықпаңыз. Істі бастамас бұрын жан-жақтылы ойланып, зерделеп шешім шығаратыныңызды көрсетіңіз. М сізге ренжуі мүмкін, кейін тіпті де көмек қолын созбай кетуі мүмкін: міне, сіз ойланбай жасалған істерге бармайтыныңызды дәлелдедіңіз. Мұндай жағдай көбіне сатушылар мен сатып алушылардың арасында болады. Осы жағдайда өзге бір тауарды сатып алыңыз.
Өз пікіріңізде болыңыз...
Егер сіз әрқашан да «менікі дұрыс» дейтін М-мен дауласа қалсаңыз, оны таңғалдыруға тырысыңыз: өз дегеніңізден қайтпаңыз. Өз пікіріңізде қалатыныңызды айтудан еш ұялмаңыз және бұл шешімге келгеніңізді анық әрі батыл түрде айтыңыз. М-нің айғай, ұрыс, дау, көзге жас алу, мазақ ету, күмән келтіру арқылы өзіңізді жеңіп кетпеуін қадағалаңыз. Өз пікіріңізден ең болмағанда бір рет болсын таймай әрекет етіп көріңіз.
Өз сезіміңіз жайлы айтыңыз...
Жоғарыда айтқанымыздай, кейбір М-дер өзіне қажеті нәтижеге жету үшін сізді әуре етуін сезіп-білмеуі де мүмкін. Мәселен, егде кісілер мен балалар – олар көбінде өз дегеніне жету үшін барлық айла-тәсілдерді қолданып көруі мүмкін. Барлығы демесек те, көбі – көңіл-күймен жасалатын шантажбен айналысып отырғанын білмейді: жылау, жерді тоқпақтау, ашулану, талып қалу т.б. әдіс-амалдар. Мұндай адамдарға өз сезімдеріңізді айтуға ұялмаңыз, тек кінәламаңыз. Айту барысында тек олардың сөзі мен ісі көңіліңізге тиетінін және мұндай қарым-қатынас құру ұнамайтынын жеткізіңіз. Мүмкін біреудің сізді шын түсінгенін көрерсіз? Мүмкін ол сізге келгендегі қарым-қатынас формасын өзгертіп көрер?
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: dejurka.ru