"Әлі көтермедің бе?" Баласы жоқ адамдарға мына сөздерді айтпаңыз

Бір адамдар денсаулық ерекшелігіне байланысты балалы бола алмайды, ал басқалары саналы түрде ата-ана болудан бас тартады. Алайда негізгі себебін білмегендіктен, басқалар мұндай адамдарды сынап, тіпті кейде кінәлайды. Әрине, көпшілік адам баласы жоқтарға жағымсыз нәрселерді әдейі айтпайды. Бірақ сіздің кей сөздеріңіз олардың көңіліне тиюі мүмкін. Ендеше, баласы жоқ адамдармен әңгімелескен кезде қандай сөздерді қолданбаған жөн?

"Әлі көтермедің бе?"

Бұл кез келген жастағы күйеуге шыққан әйелге қойылатын классикалық сұрақ. Бұл сұрақты олар туыстарынан, бұрынғы сыныптастарынан, группаластарынан, жұмыстастарынан, көршілерінен, сұлулық салоны шеберлерінен, тіпті, такси жүргізушілерінен естиді. Мұндай сұрақ қою әдепсіздікке жатады. Себебі сіз оның жоспарлары мен денсаулығы жайлы білмейсіз. Шыдамай, білгіңіз келіп бара жатса, оның болашақ жоспары жайлы ғана сұраңыз.

"Сен жақсы ана/әке болар едің"

Бұл сөзді сіз жақсы ниетпен айтуыңыз мүмкін. Бірақ сіз ол адамда не себепті бала жоқ екенін білмейсіз. Мысалы, ол баланы қалайды, бірақ балалы бола алмай жүрген болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сіз оның жанды жеріне тиесіз. Ал егер адам балалы болудан саналы түрде бас тартқан болса, бұл сөз оның шешімінің дұрыс емес екеніне ескерту ретінде естіледі.

Сондықтан бұл сөзді "Баланың тілін тез табады екенсің" немесе "Маған сенің баламен ойнап отырып, ертегі айтатының ұнайды" деген секілді сөздермен ауыстыруға болады.
 
"Балаң болмағасын түсінбейсің"

Кей адамдар әңгімелесушінің баласы болмағандықтан ғана қандай да бір нәрсені "жақсырақ" түсінбейтінін айтқанды жақсы көреді. Мысалы: "ұйқы қанбауының қандай болатынын сен әлі білмейсің де", "бала қырсыққанда қаншалықты қиын екенін түсінбейсің" және т.б.

Алайда кей нәрселерді түсіну үшін, қайғысына ортақ болу үшін немесе жетістігіне шын қуана білу  үшін олардың бұл адамның да жеке басынан өтуі міндетті емес. Мұндай сөздер оған өмірлік тәжірибе жетіспейтінін меңзеп, әңгімелесушіні ренжітуі мүмкін. Абыройы мен қабілеттерін төмендеткен ешкімге ұнай қоймас. Сондықтан біреуге баласы болмағандықтан сені түсінбейтінін айтқанша, бөліскің келген сезім жайлы анығырақ айтып берген жөн.

Сондай-ақ, "бала жоқ қой, сендердікі не қиындық" деп біреудің басынан өтіп жатқан қиындықтарын құнсыздандырып жіберетіндер де бар.

Тәжірибе - сөзсіз, маңызды. Бірақ кейде сіздің жұмысыңызға түк қатысы жоқ адам, жақсы кеңес бере алады. Жолдағы таныс емес адам сізді мазалап жүрген сұрақтың жауабын айтады. Ал сіздің тәжірибесіз достарыңыз бала тәрбиесі жайлы біраз білетін болып шығуы мүмкін. Сондықтан сіздің жағдайыңызға кіру үшін оның бала тууы міндетті емес. Кейде олардың сезіміңізге ортақтаса білу қабілеті мен мейірімділігі жеткілікті.

"Уақыт өтіп жатыр"

Бұл сөз кімнің болмасын ашуына тиеді. Оны күйеуге шықпаған қызға да, баласы жоқ жұпқа да айтудың қажеті жоқ. Бұл сөзді бедеулікпен күресіп жүрген әйелге айтсаңыз, оның одан бетер уайымға салынуына себепші боласыз. Сіз айтпай-ақ әр әйел өз жасының нешеде екенін жақсы біледі.

"Баласыз өмірдің мәні жоқ қой"

Өмірдің мәні - өте жеке нәрсе. Біреулер үшін ол бала болса, басқалар үшін табысты мансап немесе бүкіл әлемді аралау. Әр адамның пікірі субъективті және сіздердің өмірге деген көзқарастарыңыз әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан оған баласы болмаса,  өмірінің бос өтіп жатқанын айту - басқаның жеке шекарасын сыйламау.