Ақын жайлы айтады қызықты аңыз,
Бірақ сен қызықпа, қыз!
Қызықпа, қыз!
Рас-ақ, біздер – патша!
Мұжық та – біз...
Тузік те – біз, түнерген бұзық та – біз!
Ақындарға қызықпа,
Қызықпа, қыз!
Шынымен ақын жанын қалайсың ба?
Шыдайсың ба, шынымен талай сынға?
Ақын деген бірде қарт, бірде сәби,
Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба?
Ілікпе, қыз,
Ақынның тұяғына.
Зымиян да осылар...
Зиялы да.
Мұқағали жырлап өткендей ақын сезімі құбылмалы. Бірақ ол мүлде тұрақсыз, сезімге адал емес деген сөз емес. Себебі олар сезімтал әрі оның қадірі мен қасиетін білуші. Бірақ қоғамда неге ақындарға күйе жағушылық көп? Әлде шынымен де олар тұрақсыз ба?
Ақын жаны мұңға, сезімге, қайғыға, қуанышқа толы. Бір сөзбен мынау деп айту қиын. Себебі олардың өмірдегі басты міндеті де осы аталған адамға тән барлық қасиетті бастарынан өткеру. Тек өткізу ғана емес, жүрекпен сезіп, жүрекпен ауырсыну. Олардың тағдыры да сондай. Олардың жартылысы бөлек, өмір сүру қағидасы да ерекше. Тек бірі түсінеді бірі түсінбейді.
Ақынның шабытын шақыру арқылы оның тіліне құдірет бітіріп, қиялына шексіздік сыйлайтын қасиетті өлеңнен асқан биіктік жоқ. Осы жолда ол тұрақсыздық танытқаннан емес, түрлі сезімге берілгеннен, сұлулыққа тамсанғаннан тұрақты өмірден алыстап кетуі мүмкін. Бірақ сұлулыққа көз салу, оның өлеңге тиек ету, махаббатты сатып кетті не сезімге адал болмады деген сөз емес. Естеріңізде болсын, ақын сезімге ең тұрақты халық.
Ақынның көзі қырағы, көрмейтінді көреді, жүрегі сезімтал, тез беріліп, тез қайтады. Қиялы шексіз, ойы терең. Ал осынша ауыртпалықты арқалап туған адамды сынау не оған күнә тағу әділетсіздік болар еді. Себебі ол ақын боламын деп дүниеге келген жоқ. Оның тағдыр жолы сондай.