- Негізгі бет
- Психология
- Ақын-жазушының жары болу...
Ақын-жазушының жары болу
Әр мамандықтың ерекшелігін көрсету мақсатында олармен бір шаңырақ астында тұратын жұбайының пікірлерін назарларыңызға ұсынып жүрміз. Әскери адамдардың жары болу туралы қызметтері аса ауыр, көбінесе шаршап жүреді, тік мінезді келеді, үйде де әскери тәртіп орнатады деген секілді көзқарастарын білдірген еді. Ал дәрігерлердің жары болу жөнінде үйде көп уақыт болмайтынын, өзіңе көп көңіл бөлінбейтінін, алайда ауырып қалсаң қамқоршың болатынын айтты. Бүгінгі кезек ақын-жазушылардың жарына келді. Олар өз азаматының отбасылық өмірдегі ролін қалай сипаттайды?
Әнші, ақын, жазушы Жәнібек Кәрменов, жары – Тұрар Бәйгенқызы, ұлы – Шаһ-Керім Кәрменов, 1991 жыл
Тұрар Бәйгенқызы, 67 жаста: Тек ақын-жазушы ғана емес, əнші ҚР еңбек сіңірген əртісі – Жəнібек Кəрменовпен 20 жыл бір шаңырақ астында тұрдым. Оның бірінші сыншысы өзім болдым. Жазғандарын түнде оқып алып, таңертең ол кейіпкерді қайдан алдың, прототипі кім деп сұрақтың астына алушы едім. Жазған-сызғанының қателерін түзеп-күзеп, өңдеп беру де – менің мойнымда. Бүкіл елге танымал адамның жары болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Өнер адамының жағдайын жасап үйдің барлық тірлігін, бала тəрбиесін өз мойныңа алуың керек. Осы талаптарға шыдаймын деген жастар еш ойланбастан өнер адамдарымен отбасы құруына болады.
Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және жұбайы Шағангүл Алдамжарқызы
Шағангүл Жанаева, 52 жаста: Ақынның жары сезімтал жан болуы тиіс, өлең жазбағанымен, өлеңді түйсінетін түйсігі бар білімді жан болуы керек. Ақын өлеңінің алғашқы тыңдаушысы да, сыншысы да – ақын жары. Өлең – тылсым дүние. Нағыз ақын – Тəңірдің асқан сүйіспеншілікпен, шеберлікпен жаратқан жасампаз жаратылысы. Ақын жарының ақыннан білімі артық болмаса да, өлең тылсымы мен сөз мəнін түйсінетін нəзік түйсік иесі болуы шарт. Ақын – құбылыс. Ақынның шабытты шағы мен бір мезет өзіне де, өзгеге де көңілі толмай, мұхиттың асау толқындарындай аласұрып кететін беймаза кейпіне де куə – жары. Ақын пенделердің тілінде сөйлей білмейді, өмір сүре алмайды. Мына беймəлім қоғамда Ақын жары – ақынның анасы да, қарындасы да, Періштесі де!
Заттанған түйсікті "қуыршақ жар" – нағыз ақынның "жаналғышы". Өмірді нағыз ақындардың жанымен ұғынсақ қой, оу, адамдар!.. Орындалмайтын арманым...
Ақын Рахат Қосбармақов және жұбайы Нұргүл Қаламғалиқызы
Нұргүл Хасанова, 46 жаста: Ақын да – адам баласы, ақынның жары да – пенде. Екі аяқты, бір басты жұмыр пенде болған соң, басқа да барлық адам баласына тән қасиеттер оларда да бар. Жұбайым елге танымал, белгілі адам, сол себепті, елдің алдындағы абыройына, атағына, қасиеті мен қадіріне кіреуке, көлеңке түсірмеуге тырысасың, жатсаң да, тұрсаң да соған лайық болуды ойлайсың. "Сырт көз – сыншы" деген. Көпшілік ортада белгілі адам болған соң, "жары қандай адам екен" деп сын көзбен қарайды. Сондайда зайыбыңның абырой-беделіне лайық болып, шама келгенше артынан жаман сөз ертпеуге тырысасың. Ақынның жары болудың қиыншылығы осы шығар, оны кемшілік не артықшылық деп есептемеймін. Елге танымал адамдармен таныс-біліс боласың, өнерлі ортада жүресің. Шығармашылық адамдарды жақын танып, жақынырақ араласасың, сондай жақсы сәулелі сәттері болады.
"Сен ақынға тұрмысқа шықтым деме, сен ақынды бала қылып алдым деп біл" деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай, ақын деген бала сияқты, қазір күліп отырса, қазір қайғыра салады, көңіл күйдің адамы. Түңілген, түнерген, қайғырған, мұңайған, шаттанған, қуанған сәттерінде қасынан табылып, шама келгенше алақанға салып аялап, әлпештеуге тырысасың. Ол да балаң, тұңғышың сияқты, кейде балаға қарағаннан да артық, көп уақыт бөлуің керек. Өлең жазып жатса, үйде толық тыныштық орнатып, артық мазасын алмаймыз. Шығармашыл адамды алақаныңа салып, аялап, барынша жағдай жасамасаң, тың дүниенің, жақсы шығарманың өмірге келе қоюы да қиын. Ақынға, шығармашылық адамына тұрмысқа шығатын қыздарға, сіңлілеріме айтарым, отау құрар алдында кімге тұрмысқа шығып жатқаныңды, өміріңді, тағдырыңды кіммен тоғыстырып жатқаныңды тереңірек ойланып, зерделеп алып шешім қабылдаған дұрыс. Кейін тұрмысқа шығып алып, "ой, қиын екен ғой" деп түңіліп, өкінбес үшін жақсылап ойлану керек. Қазақтың бір азаматына ғана емес, халықтың беткеұстар азаматтарының біріне жар болғаныңды ойлап, соның бабын тауып, бағалай білуге дайын болуды естен шығармаған жөн.
Ақын Мерей Қарт және жұбайы Меруерт Қанатқызы
Меруерт Саятова, 26 жаста: Ақынның жары болу кез келген нәзік жандыға бұйыра бермейтін бақ деп ойлаймын. Бақ болғанда да, қызығы мен құбылысы қатар жүретін ерекше өмір. Ғажайыбы да, қиындығы да бар. Біздің үйдің отағасы Мерей: "Ақынға жарды Жаратқан таңдап береді",– деп жиі айтады. Бізді өлең қосқан, тағдырмызға өнер әсер еткен. Себебі, алғаш таныстығымыздан бастап, табысқанымызға дейін әр сәтті өлеңмен өрнектеп, сезім құпиясы мен сенім патшалығы салтанат құрып келеді.
Соңғы кезде, ақындардың жарының естеліктерін оқып жүрмін. Кей сәттерде ұқсастықтар тауып, күліп те аламын. Бір-біріне ұқсайтын миллиондаған тағдырларға қарағанда, ақынға жар болып ғұмыр кешу қызығырақ. Бұл әлемнен бөлек, үй ішінде, көңіл түкпірінде тағы бір жарық әлем құшағын ашқандай болады. Артықшылығы осы деп ойлаймын. Ақынның жары болудың кемшілігі – кей сәттерде Ақын жанын түсінбеушілігіміз шығар деп ойлаймын. Көбіне өлең жазуға отырғанда, еш бөгет болмағанын қалайды, сол сәтте осалдық танытып алатынымыз бар.
Ақын да адам. Ақынға жар болудан ешкім қашып құтыла алмайды. Алланың қалауы қалай түссе, солай болады. Ал, ақынға жар болу бақыты бұйырып жатса, өлең жазып, өмір келбетінің келісті болуына ат салысқаныңыз жөн. Ақын ақиқатты, шынайы сезімді жырлайды. Сондықтан адал, өлеңге ғашық болып өмір сүрген абзал. Ақын жігіт сөз салып жатса, жүрек қаласа, қолына қонып, айдынында жүзіңіз. Өкінбейсіз!
Ару Жанғабылова, 25 жаста (азаматының атын көрсетпеуді сұрады): Қандай шығармашыл адам болмасын, отбасына келген кезде қомқор әке, арқа сүйер жар бола болуы тиіс деп ойлаймын. Бірақ олар басқа адамдардан бөлек екенін тағы ескере жүру қажет. Бөлек дейтінім, жандары жұмсақ, жүрегі нәзік, көңіл-күйдің адамдары ғой. Біздің отау құрғанымызға аса көп уақыт өтпеді, әлі кемшілігін не артықшылығын аса көп байқамадым. Бірақ жанымды жақсы түсініп, дәйім қолдау көрсететінін іштей сезіп тұрамын. Ең бастысы, бірін-бірі жақсы түсіну қажет. Көпшілік "ақын, жазушы әдемілікке әуес, қыздарға көп қарайды" дейді ғой. Әдемілікке бәрінің жаны құмар, тек шығармашыл адамдар сол әсермен бөлісе алады: өлеңге айналдырады не әңгімеге арқау етеді.
Жас ақын Жандарбек Жұмағұлов
Жандарбек Жұмағұлов, 22 жаста: Ақын-жазушының жары болу – кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін бақ, ол өте ауқымды мәселе. Өйткені ақынды ақын ететін, жақсы жүріп, қалыптасып, елге танылуына себепкер болатын адам – үйіндегі жары. Ақын-жазушылардың жары туралы әңгіме көп, өзі құралпылас достары, әдебиетте жүрген адамдар құрметтейді. Ақындар өлең шығарғанда бірінші өз жарына оқып береді. Төлеген Айбергенов пен Үрниса апай, Жұматай Жақыпбаев пен Заида апайымызды мысалға келтіруге болады. Ақын тарихта қалса, жары да тарихта қалуы мүмкін.
Ақын-жазушы көңіл-күйдің адамы деп жатады, сол жағынан жарына аздап қиындау болады. Үйіне қонбай, достарымен не саяхаттап кетуі мүмкін. Біреудің жары екенін сезінбей, өзін еркін адам сияқты ұстайды. Сонда отбасында кішігірім кикілжің тууы ықтимал. "Еркелігін", жаман-жақсы мінезін көтеруге тура келеді. Ер – түздің, әйел – үйдің адамы, соны түсінуі керек. Ақынмен бас қосқысы келетін аруларға өкінбейсіздер, керісінше қуаныңыздар деймін. Өзіне өлең арналса, бақыт емес пе?! Біреудің кейіпкері болған да қызық шығар.
@. @assel_assanova