Көп адам біреудің жеке өмірі туралы түртпектеп сұрап, бірі әдейі шамына тию үшін, енді бірі аңдамай сөйлейтін аңғалдығынан түрлі сөз айтып, өзгенің көңіліне кірбің түсіруі мүмкін. Есіңізде болсын, мынадай жағдайлар үшін ешкімнің алдында есеп беріп, ақталуға тиіс емессіз.
Не киіп, не ішкеніңізді, уақытты қалай өткізетініңізді, жалпы өз өміріңіз туралы айтып, ешкімнің алдында ақталмаңыз. Әркім өз қалауымен өмір сүруге құқылы, тек ардан аттамаса болғаны. Сізге қалай киінуді, кіммен кездесіп, кіммен сөйлеспеуді айтып, ақылгөйленетін таныстарыңыздың сөзіне мән бермеңіз. Неге ашық макияж жасап алғаныңызды не тіпті бояу жақпағаныңызды, неге құрбыларыңыз секілді өзіңізді қинап диетаға отырмай, көңіліңіз қалаған тамақты жейтініңізді ешкімге түсіндіріп әуре болмаңыз. Мұның барлығы жай ғана өз таңдауыңыз.
Неге әлі күнге тұрмыс құрмай жүргеніңізді немесе неге тұрақты кездесетін жігітіңіз жоқ екенін де сұрауға ешкімнің хақы жоқ. Жасыңыз жиырма бестен асып, тіпті отыз беске жетсе де адамдардың сөзі үшін ғана біреудің етегінен ұстау міндетті емес. Өміріңізде барлығы сіздің игіліңіз үшін болып жатқанын және ерте ме, кеш пе өз жүрегіңіздің қалауын кездестіретініңізге сеніңіз. Туған-туысыңызды, таныс, достарыңызды да осыған сендіріп, бұл мәселе сізді олар секілді алаңдатпайтынын айтыңыз. Болмаса бұл тақырыпты үнсіз ғана жауып, әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып жіберіңіз.
Отбасы құрғаныңызға бірнеше жыл болса да араларыңызда бала жоқ болса, бұл жағдайға да ешкім килігуіне болмайды. Мүмкін денсаулығыңыз қалыпты емес шығар, мүмкін өзіңіз әлі дайын емеспін дейтін боларсыз, бәлкім жоспарлап жүрген уақытыңыз бар шығар. Өзіңізден бұрын өзгелерді мазалайтын бұл мәселеге де ешкім бас сұға алмайды. Шаңырақ көтергеннен кейін бір жыл ішінде балалы болуы керек деген заң жоқ. Бұл әркімнің жолдасы екеуі ғана шешетін мәселе. Сол себепті кім не десе де, ешкімнің сөзіне құлақ аспаңыз.
Эмоцияға бейім екеніңізді... Бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз, бәрімізде жүрек бар. Сондықтан күліп-ойнаумен қатар мұңаятын сәттер де туады. Басқалар не ойлайды екен деп көңіл күйіңіз жоқ болса да, өзіңізді күштеп күлімсіреуге тырысудың, жасанды әрекетке барудың еш қажеті жоқ. Көз жасын көрсетсем, әлсіздігімді таниды деген ойдан аулақ болыңыз. Қайта жеңілдеп қалам десеңіз, жақын жаныңыздың кеудесіне басыңызды қойып тостағаныңызды жуып алыңыз.