Сіздің ақшаға деген көзқарасыңыз сонау балалық шақтан қалыптаса бастаған. Оған үлкен үлес қосқан сіздің ата-анаңыз болуы мүмкін.
Жұмысқа тұрып, алғашқы айлықты алмай-ақ, әркімнің ақшаға деген өзіндік қарым-қатынасы болады. Бұл мәселеге ата-анаңыздың қандай қатысы бар? Олар кішкентайыңыздан сізді ақшаға ұқыпты болуды, артық ақша құртпауды, үнемдеуді үйреткен. Өздері үлгі болып, ақшаны қалай құртуды көрсетті. Алайда бұл "үнемдеу сабағы" өскенде сізге кері әсерін көрсетуі мүмкін. Қалайша?
Бала кезде: "Біздің бұл затқа ақшамыз жоқ" деген сөзді естисіз.
Сіздің есіңізде қалатыны: "Бұл затты алу-алмау саған байланысты емес, сен оны қалай қаласаң да, ала алмайсың".
Ата-аналардың айтатын сөздерінің ең әсерлісі. Бала кішкентайынан бұл сөздерден мынаны түйеді. Ол қалай талпынса да, оқыса да, жұмыс жасаса да, аңсаған арманына жете алмайды. Сондықтан өскен кезде бала өз бюджетін жоспарлап, ақшаны дұрыс жерге жарата алмайды, қажет емес тауарлар мен киім алып, ертеңгі күнге үнемдемейді. Не керісінше әр тиынды санап, артық еш нәрсе алмай, ылғи үнемдеумен өмір сүреді.
"Бұны менің қалтам көтермейді" деген сөздерді ұмытыңыз. Ұмтылыңыз, жұмыс жасаңыз, үнемдеңіз, қысқасы өзіңізді біреуден кеммін деп ойламаңыз.
Бала кезде: Анаңыздан "Әкеңнен сұра, менде ақша жоқ" деген сөзді естисіз.
Сіздің есіңізде қалатыны: "Ақша - әйелдің жұмысы емес".
Өсе келе, сіз ақша мәселелерінің бәрін әкеңізге, күйеуіңізге тапсырасыз. Өз ақшаңызды дұрыс жарата алмағандықтан, бұл қызметті ата-анаңызға, жігітіңізге артасыз. Базарда саудаласа алмайсыз, басшылықтан айлыққа өсім сұрай алмайсыз, тауарлардың орта бағаларын білмейсіз. Қысқасы өз ақшалық мәселелеріңізді өзіңіз шеше алмайсыз. Мәселенің шешімі мынада. Өз ақшаңызды өзіңіз ұстаңыз, қадағалаңыз, жаратыңыз. Шоттарды өзіңіз төлеп, базарға да өзіңіз барып жүріңіз.
Бала кезде: "Көңілің болмаса, шопингке шық!" деген сөзді естисіз.
Сіздің есіңізде қалатыны: "Шопинг - бар ауруға шипа".
Өсе келе, шопоголик атануыңыз мүмкін. Бар ақшаны жаңа киім мен қажет емес тауарларға құртып, айдың соңында қарыз сұрап жүресіз. Шопингке эмоционалды дәрі ретінде қарау қалтаға да, жан тыныштығына да кері әсерін тигізе алады. Қиындықтарыңызды шешудің басқа жолын іздеңіз. Спортпен айналысыңыз, басқа да қызығушылықтар іздеп көріңіз.
Ал сіз өз ақшаңызды қадағалай аласыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: astro7.ru