- Негізгі бет
- Психология
- Ақшаны қалай ұстайсыз?...
Ақшаны қалай ұстайсыз?
Мектеп қабырғасында да, жоғарғы оқу орнында да бізді ешкім қаржыны дұрыс жұмсауды үйретпейді. Жақын арада ғана басымызға түскен девальвация туғызған үрей – соның дәлелі. Белгілі бір қызығушылығы бар адамдар көпшіліктің қаржылық сауатсыздығын өз мүддесіне пайдалануы мүмкін. Ондай жағдайға түсіп қалмау үшін, қаржыны дұрыс пайдаланудың 6 ережесін ұсынамыз.
Шығысыңыз кірісіңізден аз болсын
Қаржыны дұрыс пайдаланудың бірден бір ережесі бар болса, ол ереже – сіз жұмсайтын ақша мөлшері табатың ақшаңыздан асып түспеуі керек. Осы ережені өзіңізге міндет етіп қойыңыз. Бұл жерде шығыстарға несие бойынша төлемдер, коммуналдық төлемдер, азық-түлік пен балабақша төлемдері, және т.б. кіреді. Осы басты ережені сақтамасаңыз, басқа кеңестердің сізге көмегі тиетіні екі талай.
Әрбір тапқан ақшаның бір бөлігін жинап отырыңыз
Әдетте, әрбір табыстың небары 10% - 15% депозитке салып тұрсаңыз да, жылдың соңында қомақы ақша жиналып қалады. Бұл бірінші ережеге сәйкес келеді. Себебі бұл кезде сізде тұрақты резевр қалыптасады.
Қаржыларыңызды бір қалыпқа келтіріңіз
Несие мен несие карточкалары неғұрлым көп болса, ақшаның қайда кетіп жатқанын қадағалау да соғұрлым қиындай түседі. Таң қалмаңыз, бірақ ақша сақтауға арналған депозиттер мен есепшоттардың саны да қаражатты қадағалауды қиындатады. Сондықтан, барлық карточкалар, несиелер, депозиттер мен есепшоттарыңызды тағы бір рет тексеріп, артықтарын біріктіруге, не болмаса жауып тастауға тырысыңыз.
Болашақ «өзіңізге» сенбеңіз
Қаржы қадағалаудың ең қу жауы – өзіңіз. Әсіресе «болашақ мен». Себебі «болашақ мен» ертең жалақысы миллион болатын жұмыс табады, жолда келе жатып, кенеттен байып кетуге көмектесетін ақша тауып алады, не болмаса жоғары лауазымға ие болады. Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыз – «болашақ мен» болашақта сізден де аз ақша табуы да мүмкін.
Жеке бюджетіңізді қадағалаңыз
Оған арналған бағдарламалар қазір өте көп. Оларды ұялы телефонға не болмаса жеке компьютеріңізге жүктеп алсаңыз болады. Не болмаса, қарапайым Excel бағдарламасын қолданса болады. Екі баған жеткілікті: бірі – кірістеріңіз, екіншісі – шығыстарыңыз. Ең бастысы, уақытылы толтырып тұрсаңыз болды. Айдың соңында ақшаның қандай мөлшері керек нәрсеге, қанша ақша керек емес нәрсеге кеткенін көретін боласыз.
Коммуналды төлемдерді мұқият тексеріңіз
Көп жағдайда біз түбіртектегі 500 тенгеден аспайтын сандарды байқамаймыз. Әдетте олардың арасына сіз мүлдем пайдаланбайтын радио, қоқыс шығыру, баяғыда істен шығып кеткен байқау камерасының төлемі сияқты төлемдер қосылады. Санап келгенде жылдың соңында артық төлеген ақшаның мөлшері сізді таң қалдыру мүмкін.
Дереккөз: comode.kz
Г. Берік