Бүгін – Халықаралық үнемдеу күні. Бұл күнді қарапайым адам қалай тойлайды? Дұрысы бүгін өзіңіздің жеке бюджетіңіз жайлы ойланып, үнемдеу мәселесін қолға алыңыз.
Айлықты алып үлгермей жатып, бар ақшаңызды құртып қоя бересіз бе? Сізге дереу үнемдеудің басты тәсілдерімен танысып, оларды күнделікті әдетке айналдыру қажет.
Ұқыптылық тәсілі
Бұл кеңесті бірнеше рет естіген боларсыз. Айлық алған күні бар ақшаны қажеттіліктер бойынша бөліп, конверттерге салып қойыңыз. Коммуналдық төлемдер, оқудың ақшасы, несие, азық-түлік сияқты атауларды конверттердің сыртына жазып қойыңыз. Ай бойы қажеттіліктеріңіз бойынша ақшаны тиесілі конверттен алып отырыңыз. Әрине күнделікті өмір барысында қажеттіліктер арасында өзгертулер болуы мүмкін, ондай кездері ақшаны бір конверттен екіншіге ауыстырып отыруға әбден болады. Осылайша ақшаңызға нақты бақылау жасайсыз. Келесі айда бақылауларыңыз бойынша өзгеріс енгізіп, бюджетіңіздің бөлінуін реттеңіз. Ал артылған ақшаны (ондай болса) немесе басқа қажеттіліктерден қысқартылған сомманы бөлек бір конвертке салып, сыртына арманыңызды жазыңыз (мысалға көлік, шетелдегі демалыс). Конверт сыртына көлік не жағажай суретін жабыстырып қойсаңыз, ақша жетпей жатқан кездері "арман" конвертінен ақшаны алуға дәтіңіз бармайды.
Физиологиялық тәсіл
Жүздеген ғалым бұрыннан бері азық-түлік дүкеніне аш қарынмен бару артық, ол қажет емес заттарды алудың себебі болады деп айтып келеді. Қарны аш адамға дүкендегі тәтті бәліштер, шоколадтар, шұшықтар дәмді және ас үйде өте қажет болып көрінеді. Сондықтан дүкенге тамақтанып қана барыңыз. Айта кетсек, бұл тәсіл арықтауға ниеті бар қыздар үшін де пайдалы. Себебі аш қарынмен біз көп жағдайда жоғары калориялы, майлы, тәтті тағамдарды қалап тұрамыз.
Жоспарлау тәсілі
Дүкендерге тек алдын ала жасалынған тізіммен барыңыз, және дүкенде осы тізімде бар заттарды ғана алыңыз. Дұрысы тізімнің орташа бағасын шығарып, өзіңізбен бірге содан артық ақша алмау. Дүкендерде жеңілдік науқандары сынды маркетологтардың айлаларына ілініп, "Арзан екен, ала салайын" деп мүлдем қажет емес заттарға бар ақшаңызды құрта салмаңыз.
Күдіктену тәсілі
Жеңілдік науқандарына әрқашан күдікпен қараңыз. Жиі жағдайда тауардың қалыпты бағасын қалдырып, оны осындай пайыз жеңілдікпен сатамыз деп жазады. "Қазір алмасаңыз, басқа мүмкіндігіңіз болмайды", "Қаладағы ең арзан баға" деген жарнамаларға сенбеңіз. Сізге расымен қажет, тізіміңізде бар тауарға байқалатындай жеңілдік болса, өте жақсы, бірақ қажет емес жеңілдікпен сатылатын тауарларды алып жүрмеңіз.
Аналитикалық тәсіл
Бірнеше дүкендегі, базардағы бір тауардың бағасын салыстыру әжелердің ісі деп ойлайсыз ба? Сауда орталықтары мен әмбебап дүкендер жиі жағдайда сатып алушылардың асығыстығын пайдаланып, кей тауарлардың бағасын бірнеше есе жоғарылатады. Бірнеше дүкенді аралауға уақытыңыз болмаса, туыс, көрші үлкен кісілермен әңгімелесіп, жақында қандай арзан базарлар бар екендігін сұраңыз. Олар қуана ақпаратпен бөліседі, ал сіз бірнеше мың теңгеңізді қалтада қалдырасыз.
Белсенділік тәсілі
Күнделікті такси қызметін қолданасыз ба? Не өз көлігіңіз бар ма? Асықпаған күндері алыс емес жерлерге жаяу барып келуді әдетке айналдырыңыз. Не аптасына бір күн көлігіңізді үйде қалдырып, қоғамдық көлік түрлерін қолданып көріңіз. Осылайша жаяу жүріп, физикалық белсенділігіңізді арттырып, бензинге не таксиге кететін ақшаны үнемдейсіз.
Ұялмау тәсілі
Туған күніңіз келе жатқанда достарыңыз бен туыстарыңыз қандай сыйлық қалайтыңызды сұрап қоймайды. Маған ештеңе керек жоқ", "Мен үшін сендердің келгендерің сыйлық", "Өздерің біліңдер" дегенше, нақты ашық тапсырыс жасаңыз. Біріншіден, сіз қонақтарыңыз үшін сыйлық таңдау деген үлкен мәселені шешіп бересіз. Екіншіден, бұрыннан бері қалап жүрген затыңызға қол жеткізе аласыз.
Шығармашылық тәсіл
Өзіңіздің қолыңыздан келетін дүниені еш уақытта сатып алмаңыз. Достарға арналған ашық хаттар, тәтті торттар, тоқылған жылы шұлық, handmade сөмке, аксессуарлар, үйге арналған түрлі ұсақ-түйектерді өзіңіз-ақ оңайлықпен жасай аласыз.
Үнемдеу теріңізді төгіп, еңбек етіп алған ақшаңызды сақтап қалудың бірден-бір амалы. Оны ұсақ-түйекке босқа шашқанша, армандарыңыздың орындалуына құртыңыз. Бірақ үнемдеуде де артық кетіп қалмаңыз, арзан бағалар мен сапасыз тауарларға емес, ақшаңызға үнемі қадағалау жүргізуге мән бөліңіз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: exchangeninjas.com