- Негізгі бет
- Психология
- Әкенің көз жасы...
Әкенің көз жасы
Оның өміріндегі ең табысты ісі – кәсіпте нәтижелі болып, бай-бақытты тұрмыс кешіру, атақ-абыройға кенелу емес. Қайта, жалғыз ұлының ұрлығын қойдыру еді.
Ұлы жеті-сегіз жасынан бастап ұрлыққа бой алдырады. Оның құлдырауға бет алған рухын құтқаруға жанын салған әкенің амалы таусылды. Ақылға көнбей, бетімен кеткен ұлынан әбден күдерін үзді. Ол бәрібір бұл қылығын қоя алмайтын еді. Оның тұлдыр болашағын ойлағанда көз алды қарауытып, бүкіл әлем бұлдырап сала беретін еді. Ешкімнің тілін алмайтын, санасыз, тілазар ұлдың түрі анау. Әр жолы әке ашуын елеместен, бедірейіп қарап тұра берер еді.
Бір жолы керіс үстінде ашуын тежей алмаған әке оны шапалақпен тартып жібереді. Бір қолымен бетін басқан ол үнсіз бедірейіп тұра береді. Осы күнге дейін қаншама ұрысса да, ұлының маңдайынан шертіп көрмеген әке өз бөлмесіне кіріп кетеді де, еңкілдеп, ағыл-тегіл жылайды. Өзекті өртеген өкініш пе, басқа ма?! Ол жағы әкеге беймәлім.
Бір таң қаларлығы сол күннен бастап ұлы ұрлықтан тыйылады. Көп өтпей әкелі-балалы екеуі қайта татуласып, отбасы бұрынғы шаттығын табады.
Арада көп жылдар өтті. Қамқор әке өмірден озғалы да қаншама жылдың жүзі болды. Осы әңгімедегі ұл бала – әйгілі сақтандыру компаниясының құрушысы, Ворд Вангтың ұлы Ма Шю еді.
Бірде оның тікелей эфирдегі сұхбатында журналист:
- Бала күніңізде тәрбиесіз бала атаныпсыз. Әкеңіздің бір жолғы шапалағынан соң-ақ ес жиіп, осы тіршілігіңізді бастапсыз... - дей бергенде. Ол:
- Мені ұрлықтан тыйған әкемнің шапалағы емес. Оның жылағанын көріп, қатты аяп кеттім, - деп жауап берген еді.
Рас-ау, махаббат – жүрек жарасының емі ғой. Жанашыр-жақыныңның көз жасы да бойыңдағы күнәні жуып-тазартады екен.
Дайындаған: Алшын Матай
Қ. Қауымбек