- Негізгі бет
- Психология
- Әкем еркін болуды...
Әкем еркін болуды үйретті – ER-BATYR жобасында Ерболат Беделхан
ER-BATYR жобасында – актер, ORDA тобының солисі, клипмейкер Ninety Onе Q-pop тобының продюсері Ерболат Беделхан. Ол Тимур Балымбетовпен сұхбат барысында қазақстандық жастар арасындағы мәселе, отандық шоу-бизнестің өздігінен дамуы, ер адамды қалай тәрбиелеу керегі, сондай-ақ әкесі үйреткен басты нәрсе туралы айтып берді. Жаңа шығарылымды ER-BATYR YouTube-арнасынан көре аласыздар.
Жоба ұйымдастырушылары – Alash Media Group медиахолдингі және Montessori Qazaqstan қоғамдық қоры. Ақпараттық серіктестер – "Жетінші арна", Vostok FM радиоарнасы және "ВКонтакте" әлеуметтік желісі. Жобаның серіктесі – Altel ұялы байланыс операторы.
Эфир қонағы Қазақстандағы жас буынға не жетіспейтінін айтты.
"Тұтас ел ретінде құндылық жоқ, болмыс жоқ. Сондықтан да біз бәріміз кете береміз, кете береміз, шетелдікін тұтына береміз. Идеология тұрғысынан қалыптаспадық, баратын бағыт жоқ. Демек, соның өзінде қаншалықты жастар басқа адамдарға қарағанда шынайы. Шынайы ниетпен өз елін жақсы көреді, шынайы ниетпен ізденеді. Сол күшті біз, үлкен буын дұрыс қолданатын болсақ, жас буынға дұрыс насихаттап, "осымен сен мақтан тұт, осымен қазақ бол, осымен құндылығыңды сақта" дейтін болсақ болды емес пе?", - дейді Ерболат.
Сондай-ақ әңгіме барысында неліктен отандық шоу-бизнестің мемлекеттен қолдау күтетіні сөз болды.
"Біріншіден, менің ойымша, сұрақ өте күшті. Менталитет. Мысалы біздің менталитет америкалықтардан, Еуропа елдерінен мүлде бөлек. Біздің халық әйтеуір бірдеңе күтіп отырамыз, ол тән зат, өзіңіз де білесіз. Біз өте дарындымыз, бірақ бірдеңе күтіп отырамыз. Адам іштей өзі өзгеруі керек. Демек, біздің музыкамыз көптеген жастың ішін өзгертті. Мен сізге айтайын, бүгінде ең сүйіп тыңдайтын біздің нақты, адал жанкүйерлеріміз, тыңдармандарымыз - бұрынғы хейтерлар", - дейді продюсер.
Продюсердің сөзінше, ең алдымен ер адамды Отанын сүюге тәрбиелеу керек.
"Ер адам деген кім? Мысалы биологиялық тұрғыдан неліктен әйел адамдардан күшіміз бар? Біз қорғаушымыз, сондықтан нақты отаныңды сүю, өзіңнің кім екеніңді құрметтеу, үлкендерді құрметте, кім екендігіңді ұмытпау. Соған қараған кезде сенде бір пікір қалыптасады. Сондықтан ұлыма осы құндылықтарды сіңіруге тырысамын", - дейді әнші.
Сонымен қатар, Ерболаттың сөзінше, әкесі қалдырып кеткен үлкен құндылық - еркіндік.
"Бізді қатал тәрбиеледі. Бірақ соның өзінде еркіндік болды. Мен қазір соны түсініп отырмын. Еркіндік деген не? Ол сенің еркін ойлай алуың. Біздің ата-анамыз нағыз көшпенді адамдарға мысал бола алады: мынау болайды, анау болмайды, былай істеу керек, тек беске оқу керек дегендей, бірақ еркіндік деген - кім болатыныңды өзің таңдау, бар жауапкершілік сенде. Көріп отырсыз ба? Бұл еркіндік", - дейді ол.
Сондай-ақ Ерболат нені армандайтынын айтты.
"Күнде армандаймын, арманым тіпті көп. Менің ойымша, арман болмаса адам ары қарай қозғала алмайды. Ол өте керемет күш. Қазақстан туралы айтар болсақ, керемет, ата-бабамыз қалдырып кеткен құндылықтарын сіз бен біз болып көрсете алсақ. Мен тірі кезімде соны көріп кетсем деп соны армандаймын. Бұл керемет концепция менің ойымда тұрған зат. Сол бір мәдениетті көріп кетсем деп армандаймын. Жүзеге асқанын армандаймын. Екіншіден, әлемдік тұрғыда көшпенді өркениет бар. Соның ойып тұрып жүйесін әлеммен бөлісу, сол жеке орын алса екен деймін", - дейді Ерболат Беделхан.
ER-BATYR - ер адамдарға арналған ерлер туралы, ер адамның қоғамдағы ролі, оларға артылған жауапкершілік пен саналы ер адамның отбасының және қоғамның дамуына қосатын үлесі жайлы жоба. Жоба аясында танымал кәсіпкерлер, спортсмендер, түрлі мамандық иелері өмір құндылықтары, жанұясының тұрмыс-салты, сондай-ақ ер адамның отбасындағы және қоғамдағы ролі туралы айтады.
Бұған дейін жоба қонақтары футболшылар Давид Лория мен Самат Смақов, актерлер Тәуекел Мүсілім мен Санжар Мәди, шоумен және тележүргізуші Марат Оралғазин, коммуникация бойынша маман Әлішер Елікбаев, "Фридом Финанс" компаниясының бас директоры Тимур Турлов, кәсіпкер Райымбек Баталов, медиамагнат Арманжан Байтасов, Asar-ume қайырымдылық қорының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев, сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев болған.
Жобаның барлық шығарылымын ER-BATYR YouTube-арнасынан қараңыздар. Жобаның Instagram-дағы ресми парақшасы - erbatyrkz.
Т. Раушанұлы