Әкелік мейірім

Әкелік мейірім

Екінші дүниежүзілік соғыс мезгілі. Германияның әлде бір қаласындағы қан майдан енді ғана аяқталған сәт. Зеңбірек оғынан түте-түтесі шыққан қиранды қаланы аралап жүрген әскерлер ішінде бір жас командир, өзгелердей емес, тым қуанышты еді. Бұл жеңістің қуанышы емес, қайта әкелік мейірімнің қуанышы. Соғыс енді аяқталып бола бергенде, штабқа телефон келіп, оның жаңа ғана әке болғандығын жеткізген болатын.

Әр жерден будақтап көтерілген түтін, оқ тескен үй қабырғалары, бейберекет шашылып жатқан қирандылар мен өліктер. Қою қара түнек басқан ауыр тыныштық. Мұнда тірі жан қалмағандай. Кенет қирандыны тазалап жүрген жауынгерлерге жылаған сәбидің дауысы естіледі. Тәйірі, мынадай сәтте кім жыламайды?! Жылап-сықтау, жалбарыну, ашынышты айқай - жауынгер жүрегін қара тасқа айналдырғалы қашан. Әйтсе де бұл дауыс әлгі жас командирге әлі көрмеген бөбегінің дауысын естігендей әсер етеді. Көп жылдық соғыс тәжірибесіне негізделгенде, қан майданның әр сәті қатер мен үрейге толы екенін ол жақсы білетін. Деседе, өксіп жылаған сәбидің әлсіз үні оған "сен енді әкесің, мені ая! Қамқорлығыңа ала көр!" деп тұрғандай еді. Ол дауыс шыққан жаққа аяңдайды.

Аз жүрген соң-ақ, ол ескі үйдің бұрышында жылап тұрған бес-алты жас шамасындағы сәбиді көреді. Онсыз да жүрегі шайлығып тұрған сәбиді қорқытып алмас үшін жауынгерлеріне қолымен ымдап еді, бәрі де демін ішіне тартып, тоқтай қалды. Сәбидің қорқыныш пен үрейге толы көзқарасы-оның жүрегін езіп жібергендей болды. Ол күлімсіреп, бүлдіршінді жұбата жүріп, әскери сумкасын ақтарып, бірнеше кәмпит тауып алды да  сәбиге ептеп ұсынды. Жылауын тоқтата қойған бүлдіршіннің жүзінен қорқыныш айыға бастаған секілді. Аяушылықтан көзіне бір тамшы жас үйірілгенін өзі де сенбей қалды. Күнәсіз сәбидің қарсы алдында жүрелеп отырып, еркелетіп, атын сұрай бастады. Кенет жас бүлдіршін бейне машық көрген жауынгердей, оқыс қимылдап, қалтасынан кішкене қару алып, командирді қақ маңдайдан тартып қалады...

Енді ғана әке болған командирдің жүзінде қорқыныш та, өкініш те жоқ.  Ең соңғы сәтте де, оның көзінен мейірімді әкеге ғана тәуелді күлімсіреу мен мейірбандық байқалып жатты...

 

Дайындаған: Алшын МАТАЙ

Сурет: amputeenews.com

Қ. Қауымбек