Баланың бәрі бірдей. Алайда көптеген ер азаматтар тұңғышы ұл болуын қалайды. Балалары өмірге келіп, өскен соң ұл балаларына қарағанда қыздары тәтті боп кетеді. Халық арасында жігіт қызғаншақ болса, қыз бола береді деген ырым бар. Қыз балалар өскенде басқа үйдің отын жағуға кетсе де, төркініне қарайласып, ұл балаларға қарағанда қамқор болады. Жігіттер бірінші ұл қалайтын себептерін қарастырайық. Бірге ойнағысы келеді. Ер адамдар ешқашан есеймейді, үнемі бала болып қалады дегенді естіген боларсыз. Олар туған баласымен атысып, алысып, төбелесіп ойнағысы келеді. Қолына затты енді ұстап үйренген баланың қандай істерге қабілетті екенін білмесе де өзі ойнағысы келетін ойыншықтарды әкеліп береді. Мұндайда қыз балаларға қарағанда ұл баламен ойнаған әлдеқайда жақсырақ көрінеді. Өзінің кішкентай түрін көргісі келеді. Тура өзіңнен айнымайтын кішкентай адамды көру кім-кімге де қызық. Ол тіпті қылықтарына дейін, сөздеріне, жүріс-тұрысына дейін сізді қайталағанын көрген кезде құдіретке таңғалмасқа шараңыз қалмайды. Мұрагер. Әр ер азаматтың арманы соңынан ұрпақ қалдыру. Өз атын, тегін жалғастыратын бір ұлы болса, басқалары қыз бола ма, ұл бола ма оған алаңдамайды. Сол себепті тұңғышы ұл бала болуын қалайды. Қыз тәрбиесі қиын. Әсіресе, қазіргі қоғамда қыздарды тәрбиелеп өсіру өте күрделі іс. Адамның тағдыры ниетіне байланысты дегенмен алда не күтерін болжап болмайсың. Неше түрлі адам, неше түрлі көзқарас, неше түрлі ой бар. Қай адамның қандай пиғылы барын қыз балаға үйретпек түгілі, ата-ана өзі де ажырата алмауы мүмкін. Сондықтан ол бойжетіп, басқа табалдырықты абыроймен аттағанша ата-анасы жанын шүберекке түйіп отырады. Енді бір әкелер ханшайымдарыма қорғаныш керек дейді. Ең бірінші қорғаны, тірегі әкесі болары анық. Алайда өзімен қатар өсетін ағасы болуының мәні зор. Ағасы бар қыздар әлдеқайда бақыттырақ.