Ажырасу

Аядай бөлме. Ажырасуға бекіген екі жас жұбай бір-бірінен есеп алып жатты. Көздері қып-қызыл боп ісіп кеткен сұлу келіншек жігітке сұрлана қарап, жаңа ғана жазып қойған тізімін оған ұсынды.

«Кітап сөресін мен алғанмын. Сурет салғыш – мен алғанмын. Аспалы сағат – мен алғанмын, орындық пен үстел – мен алғанмын... Теледидар мен компьютерді де мен алғанмын. Осының барлығын өзіммен бірге алып кетемін».

Жігіт тізімді мұқият оқып шықты да, қолына қаламын алып, сатырлатып жаза бастады:

«Көрпе-жастық – тегін, шкаф – тегін, телефон – тегін, осы үйдегі барлық тұрмыстық бұйымдар – тегін. 200-ден астам ғашықтық хаты – тегін, сені сан рет күтіп, жеткізіп қойғаным – тегін...

Базар аралауды жаным сүймесе де, сенімен бірге көше кезгенім – тегін.

Қасыңда болып, қамқорлық жасағаным, сарылып күткенім де – тегін.

Өзіңе сыйлаған барлық киімдер мен гүлді де кештім.

Сен мұңайсаң, мұңайып, қуансаң, қуанған сәттерім, бәрі-бәрі де ақысыз. Бәрін де көшіріп алып кет!

Мұның бәрі саған деген шынайы махаббатым. Сондықтан ешқайсысына да қарымта тілемеймін!».

Жігіт тізім қағазын қызға берді де, бұрылып киімдерін киюге ыңғайланды. Ұзын-сонар тізімді ыждағатпен оқып шыққан қыз егіле жылады. Сосын басын төмен салып, мұрнын тартып қойды да, жігітке ашулы көзімен қарап:

- Осылармен қоса, сені де көшіріп әкетемін! – деді бұртиып. Оның сүйкімді сұсты бейнесінен әсерленген жігіт қызды қапсыра құшақтады. Өкінген екі жас көз жастарына ерік бере алмады.

- Мені де алып кет!..

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com