Отбасылық өмір үлкен шыдамдылық пен еңбекті қажет етеді. Бірақ кейде ұсақ-түйек келіспеушіліктер үлкен жанжалдарға, ал реніштер жек көруге әкеледі. Психолог Коспаева Аяулым Өмірғалиқызы ерлі-зайыптыларға бірнеше кеңес берді.
1-кеңес: Серігіңіз отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, одан кету керек
Егер "ажырасу керек пе?" деген сұрақ туса, мына жағдайларда "иә" дер едім:
- егер серігіңіз сізге және балаларыңызға физикалық, жыныстық, экономикалық зорлық-зомбылық көрсетсе;
- егер серігіңіз психикалық ауру (диагноз дәрігермен қойылса) болса және оның әрекеті отбасы мүшелеріне қауіп төндірсе;
2-кеңес: Ажырасу қорқынышынан арылыңыз
Әйелдердің көпшілігі ажырасудан қорқады. Миында қорыққанның кесірінен олар көп нәрсеге шыдайды. Көп нәрсеге шыдағанның кесірінен күйеуі дөрекі нәрселер жасап отырады. Бұл ажырасып кет деген әңгіме емес.
"Ажырассам жұрт не дейді?", "Әке-шешем не дер екен?", "Бала-шағам әкесіз қалай өседі?, "Балаларым бақытсыз болып қалса, қайтемін", "Өзім қалсам, ештеңе жасай алмай қаламын", "Аш қалсақ ше?" деген қорқыныштардан арылыңыз. Ажыраспасаңыз да, күйеуіңіздің қасында жүрсеңіз де, сіз де мұндай қорқыныштар мүлдем болмауы керек. Сол кезде өз-өзіңізді бағалауыңыз артады. Бұл дегеніміз сізге әркімнің қалай-солай сөйлеуіне рұқсат бермейсіз.
3-кеңес: Бала үшін ажыраспау қате
Жанжалды отбасыда өскен балалар бақытсыз болады. Бала анасының бақытсыздық вибрациясын өзіне алады. Сол үшін де біздер, психологтар аналарға әрдайым алдымен өзіңді тәрбиеле, өзің бақытты бол деп айтамыз.
Ерлі-зайыптылар ажырасса да, бір-бірін құрметтейтін болса, балалар толыққанды жақсы тұлға болып өседі. Әңгіме бұл жерде ажырасу немесе ажыраспауда емес. Әңгіме әке-шешесінің қарым-қатынасында.
Бір-бірін қабылдай алмайтын, бір-бірін өзгерткісі, тәрбиелегісі келіп тұратын және сол үшін үнемі айқайласатын отбасыда өсіп келе жатқан балада көптеген проблема болады.
4-кеңес: Өз-өзіңізбен жұмыс істеңіз
Кез келген отбасыда дағдарыс болады. Дағдарыс өмірдің түрлі кезеңінде пайда болуы мүмкін. Мысалы, баланың дүниеге келуі, ерлі-зайыптылардың денсаулық жағдайлары, қаржылық проблема, орта жас дағдарысы, тұрмыстық проблемалар, жүктеменің артып кетуі және т.б.
Мұндай жағдайларда көпшілік жұп үшін оңай шешім — ажырасып кету. Бірақ мен оларды ойлануға, жұмыс істеуге шақырамын. Себебі ажырасу арқылы проблема шешілмейді. Өз-өзімен жұмыс жасамаса, ертең еркекке сондай әйел, ал әйелге қайтадан сондай еркек тап болады.
Өз-өзіңмен жұмыс істеу қиын, бірақ мүмкін нәрсе. Бұл кезде көп нәрсені мойындау және өзгеруге тырысу керек болады. Ол үшін сізге жақсы психолог көмектесе алады.
5-кеңес: Махаббаты жандандырыңыз
Кез келген жаста махаббатты жандандыруға болады. Отбасылық дәстүрлер ұйымдастырыңыз. Бірге көбірек уақыт өткізуге тырысыңыз. Бір-бірлеріңізге қошемет сөздер айтыңыз. Серігіңіздің тек жағымды тұсын көруге тырысыңыз.