Өмірде махаббат ұғымы жалғыз болғанымен, оның түр-түрі болады. Бірі жасқа келіп тірелсе, ал енді біріне жағдай себепкер болып жатады. Әйткенмен сергелдең сезім тек біздің ақылымызбен ғана жүрмейді. Ол кейде «тентектік» жасап, ағамыздың жақын досына ғашық етіп қояды. Мұндайда не істеу керек?
Мұны бірден ағаңызға айтсаңыз, сізге бәрібір досымен қарым-қатынас орнатуға рұқсат бермейді. Себебі ағалардың тоқсан пайызға жуығы сондай. Олар досының қаншалықты қарындасына лайықты жігіт екендігін білсе де, бауырын оған қимай тұрады. Бұл – тәп-тәтті ағалық сезім.
Ең алдымен өз сезіміңізді нақтылап алыңыз. Бұл мүмкін бір өтпелі ерке сезім болар? Мүмкін сіз ол жігітті жақын таныған соң ұнатпай қалатын шығарсыз? Соның бәрін өз ойыңызда саралап алған соң ғана іске көшіңіз.
Содан соң ғана жігітпен сөйлесіңіз. Оған дейін ағаңызға білдіріп қоймаңыз. Өйткені ертең араларыңыздан әдемі махаббат шыға қоймаса, «құда да, құдағи да тыныш» болады. Ағаға бұл сырды екеуіңіз жарасып кеткенше жария қылмаған дұрыс.
Оның сізге деген сезімінің бар-жоғын анықтап алыңыз. Қарым-қатынас құру үшін мұның маңызы зор. Оған дейін сіз де бірден ағыңыздан жарылып сүйіп қалғаныңызды айта салмаңыз. Егер ол да сізді ұнатып жүрген болса, өз сезімдеріңізді сіз де мойындаңыз. Ал егер ол «ұнатпаймын» дегенге келтірсе, сіз осы жерден желігіңізді басуға тырысыңыз. Өйткені ол екі себеппен ғана «жоқ» деп тұр: Біріншісі – ағаңыз оның жан досы болғандықтан, екіншісі – шынымен сезімі болмағандықтан.
Сезіміңізді қайта-қайта білдіріп айта бермеңіз. Жігіт өзі сүймесе, өз сезімі жоқ жерден дұрыс махаббат шығарына сенбейді.
Ал егер ол да ұнатып, қарым-қатынасты бастап кетсеңіздер, көп ұзатпай ағаңызды бұл жаңалықтан хабардар етіңіз. Ағаңыз мұны дұрыс қабылдап, «батасын» берген күннің өзінде олардың орталарында өзіңізді дұрыс ұстаңыз. Өйткені енді ағаңыз екеуіңіздің ортаңыз бір. Ол ортада да қарындас рөлінде жүре тұруға мәжбүрсіз. Ал егер ағаңыздың да жүретін қызымен жақын қарым-қатынаста болсаңыз, онда сізге ол ортаға оңай сіңісіп кетуге болады.
Сурет: Жәмиля Байдосова
Ұқсас жазба:
Қыздардың кездесуге қатысты құпиялары