Аэрофобиядан қалай құтылуға болады?

 Ұшақ ең қауіпсіз көлік құралы болып есептеледі. Дегенмен, әуе кемесіне мінген адамдардың 30 пайызы ұшудан қорқады екен. Ғылыми түрде мұны аэрофобия деп атайды. Негізінен, бұл түсінікті қорқыныш. Адам - жаратылысынан қанаты жоқ, жерде жүретін тіршілік иесі. Алайда, қазіргі қарқынды өмірден қалыспаймын деген адамға ұшақтан бас тарту өте қиын. Сондықтан, қажетсіз қорқыныштан арылу қажет. Бұл үшін назарларыңызға біздің пайдалы кеңестерімізді ұсынамыз:

         Жаман ойға жол бермей, тек жақсылықты ойлаңыз. Бойыңызды еркін ұстап, көз алдыңызға жеңіл көтерілу, тыныш ұшу мен жұмсақ қонуды елестетіңіз. Сонымен қатар, өз үрейіңізді ешкімге айтпағаныңыз дұрыс. Себебі, аэрофобияның жұқпалы қасиеті де бар. Ал жаппай дүрбелеңнің ешкімге қажеті жоқ. 


         Егер өзіңізді қолға алу мүмкін болмаса, медицинаға жүгінуге болады. Жеңіл тыныштандыратын дәрілерді кезекті ұшудан бірнеше апта бұрын қабылдай бастау керек.

         Ұшу кезінде өзіңізге қызықты нәрсемен шұғылданыңыз. Сүйікті кітап, сөзжұмбақтар журналы немесе жақсы фильмдер көшірілген ноутбук - аэрофобиямен күресудің тамаша құралы.

         Ұшу үрейін жоюдың тағы бір керемет тәсілі – ұйқы. Ұшақтың жұмсақ орындықтарында ұйқыңызды қандырып алуға болады. Көз іліндірсеңіз, ұшу уақытының қалай өткенін де байқамай қаласыз.  

         Ал егер, сіздің вестибулярлық аспабыңыз әлсіз болса, жүрек айнығанда ішетін дәріні өзіңізбен бірге ала жүруді ұмытпаңыз. Соратын кәмпиттер де жақсы көмектеседі. Және де, салонның ортасынан алдын-ала орын броньдап алуға тырысыңыз. Ол жерде ұшақ дірілі қатты сезілмейді.

         Аэрофобиядан құтылу үшін барлық әдістерді қолданып көріңіз. Атап өтейік, ұшу қорқынышына шалдыққандардың 98 пайызы бұл үрейден толық айыға алады. Егер өз бетіңізбен аэрофобияны жеңе алмасаңыз, арнайы маман көмегіне жүгініңіз. Өміріңіз тек жағымды сезімдерге толы болсын!    

Суреттер poiskturov.by сайтынан алынған