Адамның сізге өтірік айтып тұрғанын қалай тануға болады?

Барлық адам өтірік айтады. Мейлі кіші не үлкені болсын. Көптеген зерттеулер мұны растайды. Америкалықтар, мысалы, күніне орта есеппен 1-2 рет өтірік айтады. Көпшілігіміз зиянсыз өтірік айта беретін болсақ та, өзімізді біреудің алдағанын ұнатпаймыз. Дене тілі мамандарының айтуынша, өтірік анықтауға көмектесетін белгілер бар. Ендеше соларға тоқтала өтейік.

Қол

ФБР мүшелерімен ым-ишараны тану бойынша тренингке қатысқан және кейде оларға тергеу жұмыстарын жүргізуге көмектескен Трейси Браунның айтуынша, өтірік айтып тұрған адам сөйлеу алдында немесе сөйлеу кезінде емес, сөйлеп болғаннан кейін қолын сермей бастайды. «Адам өтірік айтқанда мидың бір уақытта көп нәрсені істеуі керек болады: сол себепті қимыл-қозғалысты ойдан шығарылған әңгімесін айтып болған соң жасайды», - дейді ол.

2015 жылы жүргізілген зерттеуде Мичиган университетінің сарапшылары адамдардың өтірік айтқан кезде және шындықты айтқан кезде өзін қалай ұстайтынын түсіну үшін атышулы сот процестерінің 120 бейнесін қарады. Нәтижелер көрсеткендей, өтірікшілер ым-ишара кезінде екі қолын жиі пайдаланады. Сотта адамдар шынайы болған кезде 25% жағдайда бір уақытта оң және сол қолдарымен ымдаса, өтірікшілер мұны екі есе жиі жасайды - 40%.

Қаржы институттарында алаяқтықты анықтау және оның алдын алу туралы үнемі дәріс оқитын Трейси Браунның айтуынша, адамдар өтірік айтса, көп жағдайда сізден алақандарын жасырғысы келеді. Әдетте бұл сіздің әңгімелесушіңіз қандай да бір ақпаратты, оның эмоцияларын жасыруға тырысып жатқаны немесе сізге адал емес екені туралы бейсаналық сигнал. «Олар қолдарын қалталарына салып немесе үстелдің астында ұстайды», - деп түсіндіреді Трейси.
 
Егер әңгімелесушіңіз алға-артқа теңселсе, басын бір жаққа қисайтса немесе аяғының қалпын жиі өзгертсе, онда бұл сигналдар да алдауды білдіруі мүмкін, - дейді тағы бір маман Лилиан Гласс.

Бет әлпеті. Көздер.

Өтірік айтатын адамның көзқарасы, әсіресе өтірікші өз әңгімесіндегі қандай да бір түйінді ойға келгенде, назары бір жерге «қатып қалуы» мүмкін. Ол сізге тіке қарайды немесе керісінше басқа жаққа қарайды. Адам бұдан әрі не айту керегін ойлауға тырысқанда, оның көздері әңгімелесушіге назар аудармай, жан жаққа қарай бастайды.

2015 жылы Мичиган университетінде жүргізілген эксперимент өтірікшілер әңгімелесушіге шамадан тыс ұзақ уақыт бойы көздерін алмай қарай алатынын растады, өтірік айтқандардың 70% дәл осылай жасады.
Дегенмен, бұл мәселе психологтар мен дене тілі мамандары арасында әлі де талқылануда. Мысалы, 2012 жылы Plos One журналында жарияланған зерттеу адамдар арамдық жасаған кезде белгілі бір бағытқа қарайды деген тұжырымды жоққа шығарды.

Ауыз. Еріндер.

Трейси Браун зерттеуі өтірік айтатын адамдар, әсіресе қиын сұрақтар қойылғанда, еріндерін жиыратынын көрсетті. Лилиан Гласстың пікірінше, ерінді жыбырлату біреудің әңгімеге қосылғысы келмейтінін де білдіруі мүмкін. «Бұл сіздің сөйлескіңіз келмейтін инстинктивті рефлекс», - дейді ол.