Мұғалімдер мектеп оқушыларына үнемі «Дауысыңды шығарып сөйле», «Паразит сөздерді қолданба» деген ескертулер жасайды. Бұл өз-өзіне сенімсіз адамның қылығы екенін бала кезімізден санамызға құяды. Ал, жоғарыдағы тұжырым туралы «Психология ғасырының» ғалымдары не дейді?
Осы мәселеге қатысты Гарвард және Пенсильвания университеттерінің лингвистері адамның психологиялық сенімсіздігін көрсететін анық және жасырын белгілерді анықтады. Бір қызығы, олар біз осыған дейін сенімсіздік белгісі ретінде қабылдап келген әдеттерді, керісінше, ішкі гармониясын жоғалпаған адамның қылығы ретінде көрсетеді.
Сонымен, сенімсіздік неден байқалады? Одан қалай құтылуға болады?
Сенімсіздік ерте ме, кеш пе, әйтеуір, қоршаған ортаға жария болары анық. Психологиялық қорғансыздық – адамның жарқын болашағына кедергі болатын мәселелердің ең ауыр түрі. Алайда, одан құтылуға, одан айығуға болады. Ол үшін төмендегі белгілерден ада болуға тырысыңыз.
Өз-өзін жарнамалау
Ең алдымен, өз-өзіңізді жарнамалауды қойыңыз. Әдетте, қандай да бір әлеуметтік топқа жататын адам өзін одан жоғарылау деңгейдегі топқа жататындай көрсетуге тырысады. Яғни, өзін материалдық немесе интеллектуалды тұрғыдан әлдеқайда жоғары сатыдағы адам ретінде жарнамалайды. Мұны Гарвард және Пенсильвания университеттерінің ғалымдары да дәлелдеп отыр. Олар зерттеуді университет сайтттарындағы негізгі ақпараттарды салыстыру арқылы жүргізген.
Сараптама жасауға таңдалған жоғары деңгейдегі университеттердің бірінші тобы PhD бағдарламалар ұсынатын болса, екінші тобы тек магистрлік деңгей ғана ұсынады. Екі топтағы оқу орындары да жоғарғы білім ұсынады. Бірақ, жоғарыдағы тұжырымға сай, тек қана магистрлік білім ұсынатын оқу орындары әрбір ақпараттық мақалаға «университет» сөзін тіркеп жазған. Ал, PhD бағдарламалар ұсынатын Гарвард секілді атақты оқу орындары әрбір екінші сөйлемде өзінің «университет» екенін қайталап жазып отырмайды.
Сондай-ақ, халықаралық әуежайлар сайттарына жүргізілген зерттеулер осы тұжырымды растап отыр. Мысалы, Хитроу сайтында оның «халықаралық» деңгейіне акцент қойыла бермейді. Ал, одан әлдеқайда шағын және танымал емес әуежайлар, керісінше, оған аса көңіл бөледі.
Ең соңында, тәжірибе екі ірі университет студенттеріне жүргізілген. Оның нәтижесі бойынша Пенсильвания университеті студенттері өздерінің оқу орны «элитарлы» екенін міндетті түрде көрсетіп өтсе, олармен жасты Гарвард студенттері бұл пунктке аса мән бермеген.
Лингвистикалық сенімсіздік
Социологтар адамның жиі қолданатын сөзі мен сөйлеу мәнеріне қарай «Лингвистикалық сенімсіздік» терминін қолданады.
Бірінші, жиі қолданатын сөз, нақтырақ айтсақ, есімдік. Әдетте бізге МЕН есімдігін жиі қолдану өз-өзіне тым сенімді, барша аудитоия назарын өзіне аудара алатын адамның белгісі ретінде қабылдаймыз. Бірақ, Техас университетінің Джеймс Пеннибэйкер есімді психолог-ғалымы мұның, керісінше, аса оқшау әрі сенімсіз адамға тән қасиет екенін айтады. Себебі, сенімді адам өзінен гөрі, өзіне тиесілі ауқымды қамтып сөйлейді. Белгілі бір деңгейде сол адамға моральдық немесе материалдық тұрғыдан бағынышты топты тұтас атайды. Яғни, БІЗ есімдігін жиі пайдаланса керек.
«Жоғары статустағы адам өзін қоршаған ортаға көңіл бөлсе, төмен статустағы тек өзімен шектеледі,» - дейді Пеннибэйкер.
Сенімсіздік сондай-ақ сөйлеу мәнерінен де көрінеді. Адам өзін жоғары көрсету үшін дауысын сәл бәсеңдетіп, әлдеқайда байыпты ырғаққа көшеді. Осылайша, сөйлеуші өзін жоғары әлеуметтік топқа жататын адамдай ұстайды. Лингвист Уильям Лабов бұл құбылысты 1960-жылдары зерттеген. Ол элиталық дүкендердің төмен статусты ортадан шыққан сатушылары жоғары әлеуметтік деңгейдегі тұтынушылар мәнерінде сөйлеуге тырысатынын анықтаған. Ол тәжірибені аты аңызға айналған Бесінші авенюдегі Saks дүкендер желісі қызметкерлеріне жүргізген.
Лингвистикалық сенімсіздіктің ең асқынған түрі — гиперкоррекция. Яғни, грамматикалық ережені сақтауға тырысамын деп тұтас сөйлем құрылысынан қателіктер жіберу.
Ал, мақаланың басында айтылған пікірге келетін болсақ, «Психология ғасырының» ғалымдары оған келіспейді. Себебі, жай сөйлемді сұрау сөйлем интонациямен айту өз пікірі жоқтығының емес, адамның өзгелер пікірімен санаса білу, яғни, зерделеу қасиетінің жоғарылығын көрсетсе, паразит сөздерді көп қолдану – адамның ақкөңіл екендігін білдіретін болып шықты.